Аймақтар • 05 Ақпан, 2020

«Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы басталды

520 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

5 ақпан мен 5 мамыр аралығында Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың шешімімен Ұлттық ұланда Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты эстафетасы өтеді.

«Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы басталды

Бүгін осы шараға байланысты Алматыдағы Достық үйінде баспасөз-мәслихаты ұйымдастырылды. Оған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әмриев, «Генерал Панфилов қорының» құрылтайшысы, даңқты дивизия командирінің немересі Алуа Байқадамова қатысты.

Жиынды ашқан Мұхаметқали Сатов: «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін майданның алғы шебінде болды. Сұрапыл басталғанда Брест қамалын мыңнан аса жерлестеріміз қорғаса, жеңіс күні Георгий Булатовпен бірге Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагтың төбесіне ту тікті. Республикамыздың 1 миллион 200 мыңнан аса тұрғыны соғысқа қатысып, сол сарбаздардың тең жартысын астамы қан майданнан оралмады. Асқан ерлігі үшін 528 жауынгерге Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, бұл атақ Талғат Бигельдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганскийге екі реттен бұйырды. Пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Әлия Молдағұлова, ұшқыш Хиуаз Доспанова сынды аруларымыздың да ерлігін кейінгі ұрпақ аңыз қылып айтуда. Қасиетті еліміз бен жерімізді басқыншылардан қорғап, келешек ұрпаққа бейбіт өмірді аманат ету үшін ата-апаларымыз, аға-тәтелеріміз жау әскерімен аянбай айқасты. Одан бөлек, Қазақстан халқының тылдағы ерлігін де ерекше атап өтуге тиіспіз. Соғыс оты өршіп тұрған жылдары еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін таңның атысынан күннің батысына дейін қара жұмысқа жегілді. Олардың да Ұлы Жеңіске өздерінің өлшеусіз үлестерін қосты. Бұның барлығы да бүгінгі ұрпақтың жадында», – деп тебірене сөйледі. 

Сол секілді айтулы жиынға қатысушы ардагерлер Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақстандық жауынгерлердің көзсіз ерлігі және тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі жайында баяндай келе, осы тақырыпқа байланысты бірқатар қызықты деректерді алға тартты.

Ал эстафетаның өзіне келер болсақ, оның мақсаты – Ұлы Отан соғысында Отанын жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету; есімдерін ел есінде сақтау; майдан даласында қаза тапқан әр солдаттың ерлігіне бас ию; жастардың, ішкі істер органдары қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің бойына отансүйгіштік құндылықтарды сіңіріп, патриотизмге тәрбиелеу; әскери борыштарын үлгілі атқаруға ықпал ету; Қазақстан халқының батырлық тарихына құрметпен қарау.

Осылайша, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты эстафетасы басталды.