Спорт • 05 Ақпан, 2020

Алты боксшымыз ширек финалға шықты

971 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның алты боксшысы Мажарстанның Дебрецен қаласында өтіп жатқан Иштван Бочкайды еске алуға арналған халықаралық турнирдің ширек финалына шықты.

Алты боксшымыз ширек финалға шықты

Атап айтсақ, 52 кило салмақтағы Махмуд Сабырхан ринг қожайыны Нандор Сокаға сан соқтырды. 69 кило салмақтағы Талғат Шәйкен ботсваналық Капинг Шипанға шаң қаптырып кетті. Сол секілді ағайынды Оралбайлардың да үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. 81 кило салмақтағы Нұрбек аустриялық Хабрезе Мобиннен айласын асырса, 91 кило салмақтағы Айбек Беларусь елінің өкілі Владислав Смягликовтан басым түсті. Аса ауыр салмақта айқасқан Дамир Тойбай Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, франциялық Жамили-Дини Абоуду Моиндзенің осал тұсын оңай тауып, барша көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ширек финалға жолдама алған тағы бір қандасымыз Айдос Арапов осыдан бір тәулік бұрын Ботсванадан келген Майтева Тефоға тізе бүктірген еді.

Өкінішке қарай, қос өреніміз үшін бұл жарыс аяқталды. 63 кило салмақтағы Санатәлі Төлтаев әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа ойындарының жүлдегері, Беларусьтің беткеұстары Дмитрий Асановқа жол берсе, 75 кило салмақтағы Ермахан Жақпеков франциялық Виктор Йокаға есе жіберді.