Аймақтар • 05 Ақпан, 2020

Денсаулық мектебі - дәрігер мен пациент арасындағы дәнекер

1102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1986 жылы  Оттава қаласында (Канада) өткен Бірінші халықаралық конференцияда қабылданған Денсаулықты нығайту жөніндегі Оттава хартиясында: «Біздің денсаулығымыз бен амандығымыз өзіміздің қолымызда, сондықтан денсаулықты нығайту қызметінің басты бағыттарының бірі жеке дағдыларды дамытуға көмек көрсету болып табылады» делінген.

Денсаулық мектебі  - дәрігер мен пациент арасындағы дәнекер

Осыған байланысты Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында 2019 жылдың тамыз айынан бері эндокринолог, гастроэнтеролог, нефролог, кардиолог, пульмонолог және аллерголог мектептері  ашылды. Бұл мектептер – науқастардың емделуге, өз денсаулықтарын нығайтуға деген  ынталарын қалыптастыру, пациенттің өз денсаулығы мен өмір сүру сапасына деген жауапкершілігін арттыру, медицина қызметкері мен пациенттің арасында емдеу мен оңалтудың тиімділігіне қол жеткізудегі ынтымақтастықты қамтамасыз етуді көздейді. Яғни, денсаулық мектебі емдеу мен оңалтуда тиімділікке қол жеткізудегі дәрігер мен пациент  арасындағы  ынтымақтастықты қамтамасыз етеді.

Осы уақытта 366 науқасқа дәріс оқылды. Оқу сабақтарында оларға артериялық қан қысымын тексеру техникасы, 2-типтегі қант диабетіндегі тамақтану қағидаттары мен дене қимылының жүктемелерін,  өзін-өзі бақылау және өз өзіне көмек көрсете білу, ішек, өңеш, асқазан аурулары кезінде қалай тамақтану керектігі,  коронография жасауға қандай  көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштердің болуы туралы және басқа да шаралар жүргізу үйретілді.

Оқыту сабақтарында алынған білім мен дағдылар пациенттердің өз сырқатына қатысты: қауіп факторлары, оның дамуы мен асқынулары туралы  ақпараттануын арттыруға мүмкіндік берді. Ең маңыздысы – пациенттің сана-сезіміне  өзінің тек «дәрі ішуші» немесе «процедураларды қабылдаушы» ғана еместігін ұғындыру арқылы – емдеу процесіне өзінің де қатысуы қажет екенін қалыптастыру керек. Сондай-ақ пациенттің туғандары да оның қайта қалпына келу және оңалту шараларына қатысуы тиіс.

Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің өздері де оқудан өтті. Мәселен, Бүкіләлемдік жүрек күні шеңберінде институт мейіргерлері Алматы қаласы емханаларының орта медицина персоналына семинар өткізіп, оған 27 мейіргер қатысты. Еліміздің барлық аймақтарындағы МСАК мейіргерлері үшін «Ауруларды басқару бағдарламасы бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудегі мейіргерлердің рөлі» атты екі күндік семинар өткізілді. Бұл дәрістер АББ тиімді енгізудің дағдыларын одан әрі жергілікті орындарда «каскадтық әдіспен» өткізуге МСАК мейіргерлерінің жаттықтырушыларын үйретіп, дайындайды.