Үкімет • 05 Ақпан, 2020

А.Мамин One Web басшылығымен Қазақстанда жерсеріктік интернетті дамыту мәселесін талқылады

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин One Web британ компаниясының бас атқарушы директоры А. Штекельді қабылдады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

А.Мамин One Web басшылығымен Қазақстанда жерсеріктік интернетті дамыту мәселесін талқылады

А. Штекель осы жылдың 7 ақпанында Байқоңыр ғарыш айлағынан One Web әзірлеген жаһандық жерсерік желісі аясында 34 жерсерікті ұшыру дайындығы туралы баяндады. Биыл барлығы Байқоңыр ғарыш айлағынан 8 ұшыруды жүзеге асыру көзделген. Жаһандық жерсеріктік желі 1200 шақырым биіктікте 12 орбита жазықтығында 504 спутниктен тұратын болады. Жерсеріктік желіні толық пайдалануға беру және Қазақстан аумағында қызмет көрсетуі 2021 жылдың соңына болжанған.

Тараптар Қазақстан аумағын, соның ішінде шалғайдағы және жетуге жолы қиын аудандарды байланыс спутниктері арқылы жоғары жылдамдықты кеңжолақты интернетпен қамту жөніндегі жобаны іске асыру перспективаларын талқылады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғарыш орталығының жанындағы Ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенінің базасында One Web үшін жерсеріктер құрастыру жобасын іске асыру мүмкіндіктері, сондай-ақ, одан кейін Орталық Азия, Кавказ, Иран, Ауғанстан елдеріне One Web жерсеріктік интернетін эксклюзивті дистрибуциялаумен Қазақстан аумағында шлюз стансасын орналастыру бойынша бірлескен кәсіпорын құру мәселесі қаралды. 

One Web компаниясы Интернет және жылдамдығы жоғары деректерді жеткізу (қолданушы терминалына 5-50 Мбит/с) желісіне қолжетімділік бойынша қызметтерді ұсыну үшін ғаламдық төмен орбиталы жерсерік желісін жасайды.