«Өздеріңізге белгілі, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырылып жатқанына биыл үш жыл толады. Үш жылға жуық уақытта елеулі жұмыстар атқарылып, нақты жобалар жүзеге асырылды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жақында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы ойшылдың еңбектері арқылы таралған рухани бағыттары осы бағдарламамен табиғи сабақтастық тауып отырғанын қоғамдық пікір қолдап отыр. Соның нәтижесінде бүгінде бағдарлама заманауи қазақстандық мәдениет, озық білім, ғылыми зерттеу, археология және басқа да түрлі бағыттардың дамуына едәуір серпіліс беруде», - деді Қырымбек Көшербаев.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, қазіргі таңда бағдарлама аясында 6 бағыт бойынша 13 арнайы жоба іске асырылуда.
«Жасыратыны жоқ бірқатар жоба нәтижелі жүргізілсе, кейбірі көздеген межеден шыға алмай отыр. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың арқасында демеушілік қаражат есебінен 2019 жылы 60 млрд теңгеге жуық қаражат тартылды. Оның ішінде 889 нысан жаңадан салынды. 631 нысан күрделі жөндеуден өтті. Атап өту керек, қаржыландырудың ең көп көлемі Маңғыстау, Алматы, Атырау, Қызылорда және Ақмола облыстарының үлесінде. Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы бизнес өкілдердің әлеуметтік жауапкершілігін көрсететеін байқатады. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша алдағы үш жылдағы іс-шараларды іске асыруға Үкімет республикалық бюджеттен 90 млрд теңге қарастырды. Оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлініп, 711 жобадан тұратын 53 ауылдық елдімекенде 452 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды», - деді Қ.Көшербаев.