Анадолы елінде жас өрендер де өздерін жақсы қырынан көрсетті. Әсіресе, 59 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Бағжан Қанаттың өнеріне жанкүйерлер айрықша тамсанды. Алты бәсекенің барлығында айқын басымдық танытқан қазақтың жас перісі бас жүлдені қанжығасына байлады.
Кезінде Бағжанның әкесі – Ержан Жұмасілов те Жетісу өңіріне танылған мықты балуан болды. Еркін күрестен біраз белесті бағындырды. Тоқсаныншы жылдардың басында шығыс жекпе-жегіне ден қойған Ержан Қанатұлы жауынгерлік өнердің де сан түрін меңгерді. Міне, енді әкеге тартып туған ұл таэквондошылар арасындағы жарыстарда жасындай жарқырап жүр. Сөз орайы келгенде Бағжан батыр Төлеген Тілеумұратов, Нұрбек Базылов, Нұрболат Жаңбыров және Арман Шылманов сынды майталман мамандардан тәлім-тәрбие алғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар 48 кило салмақтағы Ілияс Жарылғасыновтың да асқан шеберлігіне жиналған жұрт тәнті болды. Ол да алтын тұғырға көтерілді. Ал Әбдурахман Марипов (73 кило), Жәния Әмірхан (52 кило) және Кәмила Аймұқашева (49 кило) күміс алса, Нұрриза Тұрарова (68 кило) қолаға қол созды.
Естеріңізге сала кетейік, жарыстың алғашқы күні Қазақстанның ұлттық құрамасы үш күміс пен төрт қола медальді иеленді. Атап айтсақ, Әлімжан Серікбаев (63 кило), Смайыл Дүйсебай (87 кило) және Жансел Дениз (73 кило) финалда ғана ұтылса, Елдар Бірімбай (68 кило), Ақсауле Ерқасымова (+73 кило), Лес Абдуссамат (74 кило) және Руслан Жапаров (+87 кило) үшінші орынға табан тіреді.