Руханият • 06 Ақпан, 2020

Өнермен өрілген өлең-өмір

1023 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сахна қараңғылығын төбеден себезгілей құйылған жарық сейілтті. Ақын өлеңдерін кезектесе оқып ортаға шыққан актерлер көрерменін ә дегеннен өзіне елітіп ала жөнелді. Себебі залдағы әр адамға бұл шумақтар әрі аса таныс, әрі сондай жақын еді...

Өнермен өрілген өлең-өмір

Адам болса сезім мен сенім іздер,

Келіңіздер, бері қарай еніңіздер.

Менің байтақ әлемім – планетамды

Көріңіздер, аралап келіңіздер!

Осылай деп өлең-өмірін жыр­ға қоса сахнаға шыққан ақын әлемінің жұм­баққа толы шет­сіз-шексіз кеңістігі бір­тіндеп кө­рермен көңіліне де құйыла бер­гендей...

Фариза жырымен сусындауға жи­нал­ған оқырман жанарынан осындай бір отты байқадық. Иә, бүгінгі кеш бұ­рынғылардан өзге­рек. Өзгерек болуының себебі – поэзия падишасы Фариза Оң­ғар­сынова жырлары тұтас қо­йы­лым өзегінде өріліпті. Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері Болат Ұзақов пен Нұрлан Жұманиязовтың режис­серлігімен сахна төріне шық­қан «Сенің махаббатың» атты поэтикалық қойылым бізге ақын әле­мімен сырласу сыйын тарту етті.

– Фариза апамыздың 80 жыл­дық мерейтойы былтыр еліміздің түкпір-түкпірінде аса жоғары деңгейде аталып өтті. Ақын рухына тағзым етуді мұрат тұтқан түрлі іс-шаралар Фариза әле­міне жаңа, соны тыныс сыйлағандай болды. Осы айтулы оқиғаға орай біз де – Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мем­лекеттік академиялық музыкалық драма театрының ұжы­мы сол кездің өзінде-ақ шы­ғар­машылық ізденістерін жүйе­леп қойғанымен, қойылымның жарыққа шығу сәті бүгінге бұ­йырыпты. Көзі тірісінде Фариза апамыз біздің театрмен өте ты­ғыз шығармашылық қарым-қа­ты­наста болды. Бірнеше пьесасы сахналанып, А.Дударевтің «Кеш» драмасы ақын аудармасында көрерменіне жол тартқан еді. Сондықтан болса керек, біз апамызды тек өлеңдері арқылы ғана емес, жекелей танып, тұл­ғалық болмысын білгеннен кейін де ақын әлемін өнер тілінде өр­нектеп көргіміз келді. Фариза бей­несін сахнаға шығарғанда бас­ты рөлді ойнайтын актрисадан сыртқы ұқсас­тық емес, ең бастысы ой, жан еркін­дігін алға шығаруын талап еттік. Сол не­гізде ақын философиясының жұмба­ғына бойлауды мақсат тұттық, – дейді қо­йы­лымның тең режиссері Болат Ұзақов.

Қос режиссер қиялы қанат бітірген туын­­ды бас-аяғы төрт бөлімге жүйе­леніпті. Ақынның ба­лалық шағынан, жастық ша­ғына, кейінгі есейген кезеңі мен жалпы философиясына ре­тімен ауысып оты­ратын оқи­ға желісі көрерменіне ақын өмі­рін кезең-кезеңімен баян етті. Поэ­­тикалық қойылымда Фариза бей­несін Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Алтынай Нөгербек ойнады. Ақынның анасы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Исабекованың кейіптеуінде көрерменімен қауышты. Аталған кейіпкерлерден бөлек, көпшілік сахнада Бақыт Жұмағұлова, Қуандық Қыстықбаев, Ержан Нұрымбет, Айнұр Бермұхамбетова, Сырым Қашқабаев, Жәнібек Мұсаев, Сая Тоқманғалиева бастаған театрдың жетекші актерлерімен бірге, жас сахнагерлер де сәтті өнер көрсетті.

– Фариза апамыздың өлеңдерін барлығы сүйіп оқиды ғой. Фариза – ха­лықтың ақыны. Әрқайсымыздың жүрегімізде, жанымызда өз Фаризамыз өмір сүреді. Фариза әлемі, әсіресе, нәзік­жанды оқырманның жанына ерекше жақын. Сондықтан да болар, әу баста, жұмыс қолға алына бастаған кезде-ақ актерлер бірауыздан аталған қойылымның пьеса емес, таза поэзияға құрылғанын қаладық. Осы тілегімізді ескерген режиссерлер өлеңмен өрнектеліп, әнмен көмкерілген бүгінгі қойылымды өмірге әкелді. Өйткені Фариза ақынның бар болмысы өлеңінде жатыр ғой. Сондықтан қойылымда ақын шығармашылығының алғашқы кезеңдері, яғни тырнақалды туындыларынан бастап кемелденген, тіпті өмірінің соңғы кездерінде жазған өлеңдерін барынша қамтуға тырыстық. Сөз жетпеген жерді музыкамен, әуезді әнмен көмкеруге талпындық. Одан кейін көрермендеріміздің дені жастар екенін ескеріп, махаббат бөліміне барынша көбірек өлең мен ән қостық. Бұл қойылымда оқылған өлең де, орындалған ән де, тіпті менің аузыммен айтылатын әңгімелеу жанрындағы ой-естеліктер де толығымен Фариза апамыздың өз шығармашылығынан, күнделігінен, естеліктерінен алынды. Біз ойдан ештеңе де қосқан жоқпыз. Барлығы ақынның өзіне тиесілі, – дейді актриса Алтынай Нөгербек.

Рас, ақын мерейтойы қарсаңында республикамыздың түкпір-түкпірінде сахна төріне шыққан поэзия падишасы туралы қойылымдардың санында есеп болмады. Талай тағылымды дүние көрерменін қуантты. Фаризатану іліміне драматургия бағытында жаңаша жол ашты. Оның біразын көріп те үлгердік. Сондағы байқағанымыз – әр театр өзі танып, зерделеген Фаризасын тудыруға тырысқандығы. Сондықтан да болса керек, бүгінгі біз куә болған елордалық театр ұсынған ақын әлемі де өз өрнегімен есте қалды. Шымылдық жабылған соң да қойылым әсерінен арылмаған көрермен көңілде жатталған Фариза өлеңдерін күбірлей оқып есікті бетке алды. Бұл – поэзияға деген махаббат, сүйікті ақы­нына деген халқының өлмейтін мәңгілік сағы­нышы еді...

1