Парламент • 06 Ақпан, 2020

Лотерея қызметі заңмен реттеледі

501 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдаланып, жарнамасы «жер жаратын» лотереяларды кім көрінген ойната беретін болды. Осындай ойындардың құқықтың негізін күшейтіп, лотерея қызметін жедел реттеуге бағытталған арнайы заң жобасы Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында жан-жақты талқыланды.

Лотерея қызметі заңмен реттеледі

 

Табыстың бір бөлігі спортты дамытуға бағытталады

Алқалы жиынның күн тәрті­біндегі негізгі мәселе – «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне лотерея­лар және лотерея қызметі мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жо­басы бірінші оқылымда қарал­ды. Аталған заң жобасы лоте­реялық қызметті құқықтық негіз­де жүйелеуге бағытталған. Мақ­саты – лотереялық қызметті жүзе­ге асырудың жаңа ұстаным­дарын одан әрі нығайту. Жалпы, «Лотереялар және лотерея қыз­меті туралы» заң 2016 жылы 9 сә­уірде қабылданған.

Әзірленген құжаттың жай-жап­сарын депутаттарға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлова таныстырды. Оның ай­туынша, 2017 жылғы 10 ақпан­дағы №48 Үкімет қаулысымен «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея операторы болып анықталды. Жаңа заңға сәйкес, анықталған лотерея операторы лотерея билеттерін сату, қазақстандықтарға ұтыс­тар­ды төлеу, Қазақстан бюджетіне са­лық төлеу, спортты дамытуға тө­лем­дер, сондай-ақ үш мың­нан астам шағын бизнес субъек­ті­леріне қосымша табыс көздерін және жұмыс орындарын құру мәсе­лесін қамтамасыз етті. Бастысы, мем­лекет пен қоғам алдында лотерея қызметінің ашықтығына жол ашылды. Мұндай тәсілдің құқықтық негіздерін одан әрі ны­ғайту қажет.

– Лотерея туралы қысқаша түсін­дірме бергім келеді. Лоте­рея­да лотерея операторы қатысу­шы­лардың ақшасын жинай­ды және кейіннен оларды осы қа­ты­су­шылардың арасында тара­тады. Барлығына емес, сәтті түс­кендерге кепілдік береді. Сон­дай-ақ жиналған қаражат­тың бір бөлігін елдегі спорт­тың дамуына бағыттайды. Лотерея операторының міндеті – ұтыс­тарды лотерея қатысушылары арасында еркін таңдау тәсілімен бөліп беру. Лотерея – елімізде мемлекет бақылауында. Оны өткізудің маңызды элементі – мемлекеттің әлеуметтік бағдар­ламаларын қолдау. Біздің елде қаражат спортты дамытуға бағыт­талады. Заң жобасы лотерея таратушылар агенттерінің қыз­метіне құқықтық негіз жасайды. Бүгінде лотерея операторы­мен келісімшарт бойынша агенттік қызметті жүзеге асыратын үш мыңнан астам субъект қызметін атқарып жүр. Бұған қоса заңнамада «лотерея таратушысы» агенті ұғымының жоқтығынан құқықтық коллизиялар пайда болып, көптеген жеке кәсіпкерлік субъектілердің, сондай-ақ лотерея операторының қызметіне ке­дергі тудыртып отыр. Бұған қо­са, заң жобасында лотереяны заң­сыз өткізгені үшін әкімшілік жауап­кер­шілік белгіленді, – деді министр.

Сонымен қатар Ақтоты Райым­­құлова қазіргі уақытта Әкім­­шілік құқық бұзушылық туралы кодексте лотерея операторы болып саналмайтын тұлғаның лотерея қызметін жүзеге асыруына тыйым салу бөлігінде «Лотерея және лотерея қызмет туралы» заңның ережелерін іске асыруды қамтамасыз ететін нормалар жоқ екенін алға тартып, лотереялық қызмет атын жамылған алаяқтықтан, жалған жарнамадан азаматтардың сақтандырылмағанын атап өтті. Осыған орай лотерея операторынан басқа жарнамада «лотерея» сөзін қолдануға тыйым салынбақ. Заң жобасымен Мәдениет және спорт министрлігіне құзырет беру арқылы лотереялық қызметті тиімді әрі жедел мемлекеттік реттеу тетігі енгізіліп отыр. Яғни, лотерея өткізудің ережелерін бекіту, лотерея өткізудің тәсілдеріне қойылатын талаптарды бекіту ескерілген. Бұл шаралар бір жағынан, лотерея қызметі саласын дамытуды әрі ақпараттық технологиялар қолдануды шектемеуге мүмкіндік берсе, екінші жағы­нан, уәкілетті орган ретінде минис­трлікке лотерея қызметі сала­сындағы құқыққа қарсы қыз­метті тиімді шектеуге жол ашады.

Осы тұста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин лотерея қыз­метінде айқын тәртіп пен қатаң бақылау орнатып, одан түскен кі­рістер әлеуметтік мақсаттарға ба­ғытталуы тиіс екенін алға тартты.

– Әзірге 376 млн теңге спортты дамытуға аударылсын, бірақ лотерея қызметінен түсетін айналым айтарлықтай өседі. «Сәт­ті жұлдыз» табысының 15%-ын аударуға міндеттелді. Сәй­ке­сінше, лотереядан спортты дамы­туға бөлінетін қаражат өседі. Кезінде «Спортлото» сияқты таны­мал лотерея табысының көме­гімен бұқаралық спорт қаржы­ландырылды, соның ішінде спорт ғимараттары салынды. Бұл жақсы тәжірибе болды. Көптеген нысанға «Спорт лотереялары қаражатының есебінен салынды» деген тақтайшалар ілінді. Яғни, мұндай бастамаларға лотерея билеттерін сатып алғандар да үлес қосты, – деді Мәжіліс Спикері.

Депутаттар заң жобасын тал­қылау барысында Ақтоты Райым­құловадан заңсыз лотерея ойнатқандар қандай әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын сұрады. Бұған жауап берген министр ұлттық лотерея операторынан лицензия алмай, ұтыс ойындарын ұйымдастырған жеке тұлғаларға – 200 АЕК, шағын бизнес субъектілер мен ком­мерциялық емес бірлестіктерге – 700 АЕК, орта бизнеске – 1000 АЕК және ірі бизнеске 2000 АЕК айыппұл белгіленетінін айтты.

Сондай-ақ министр заңсыз лотерея ойнатқандарға алдымен ескерту берілетінін, ал егер бір жыл ішінде екінші рет қайталанса, жауапқа тартылатынын атап өтті. Бірақ бұған қарсы Мәжіліс Төр­ағасы: «Ескі көлігін лотерея арқылы сәтті өткізіп жіберген адам ескертумен оңай құтылып кетеді. Яғни, сата алмай отырған екінші көлігі болмаса, жазадан жалтарып қала­ды. Сондықтан екінші оқы­лымға дейін жауапкершілікті арттыру мәселесін пысықтауды тапсырамын», деді.

 Субсидия әділ бөлінбей, ауыл шаруасы шалқымайды

Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар «2006 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы Табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция және оған Хаттама шеңберінде Қазақстан мен Армения уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Бұл заң жобасын депутаттар­дың назарына Премьер-Минис­тр­дің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов ұсынды. Оның айтуынша, Келісім екіжақты халықаралық шарт болып саналады және Қазақстан мен Армения уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібін жеңілдету мақсатында жасалды. Аталған тәртіп екі мемлекеттің салық төлеушілеріне апостиль қою­сыз резиденттігін растайтын құжатты салық агенттігіне ұсы­нуға жағдай туғызады. Бұған қоса мұндай ретроспективтік екі мемлекеттің салық төлеушілеріне қосарланған салық салу қаупін болдырмауға мүмкіндік береді. Осы Келісім біздің елдердің әрі қарай қарым-қатынасының дамуына бағытталған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы шаралардың бірі болып саналады. Келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді.

Жиын соңында әдеттегідей құзыретті органдарға депутаттық сауал­дар жолданды. Осы қатарда Нұр­жан Әлтаев бір топ депутат­тың атынан Үкімет басшысы Ас­қар Маминге жолдаған сауалын­да ауылшаруашылық субсидия­лары мен жеңілдетілген несиелер беруде әділетсіздік пен кемсітушілік жүйе бар екендігін алға тартты.

Депутаттың айтуынша, Елба­сы мен Президенттің орта және шағын бизнесті қолдау қажет­тігі туралы тапсырмаларына қара­мастан, қазіргі қолданыстағы субсидиялар мен жеңілдетілген несие­лер негізінен ірі бизнесті қолдауға бағытталған. Бұл – өте қолайсыз және ауыл шаруашылығындағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін фактор. Шын мәнінде, шағын және орта бизнес мемлекеттік қолдау жүйесінен ажырап, өздерінің әлеуеті мен даму болашағын жоғалтып отыр.

Соңында Премьер-Минис­тр­ден аталған мәселені қарас­ты­рып, заңда белгіленген мер­зімде жазбаша жауап беруді сұрады.