08 Тамыз, 2013

Барак Обама саммитке қатысады. Бірақ...

274 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Барак Обаманың осы жылдың қыркүйегінде Санкт-Петербург қаласында өтетін G20 саммитіне қатысатыны нақтыланды. Бірақ, оның саммиттен кейін Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетіндігі немесе кездеспейтіндігі әзірге белгісіз болып отыр.

АҚШ президенті Барак Обаманың осы жылдың қыркүйегінде Санкт-Петербург қаласында өтетін G20 саммитіне қатысатыны нақтыланды. Бірақ, оның саммиттен кейін Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетіндігі немесе кездеспейтіндігі әзірге белгісіз болып отыр.

Бұдан біраз уақыт бұрын АҚШ басшысының осы саммитке қатысу мәселесі әлі шешілмегендігі хабарланған еді. Оған басты себеп – Ресейдің АҚШ азаматы Эдвард Сноуденге уақытша баспана беруі болған-ды. Осыған байланысты Барак Обама телешоуда сөйлеген сөзінде ресми Мәскеудің бұл әрекетіне наразылық сыңай танытып, «Ресей билігі «қырғи қабақ соғыс» кезіндегідей қимыл танытып отыр», деп атап өткен еді. Айта кетейік, алғашында саммит аяқталған соң, Б.Обаманың Мәскеуде АҚШ пен Ресейдің екіжақты саммитіне қатысуы жоспарланған болатын.

 

Заң шығарушы орган жұмысын тоқтатты

Тунис ұлттық конституциялық ассамблеясының спикері Мустафа бен Джафар елдің заң шығарушы органы өз қызметін уақытша тоқтататынын мәлімдеді. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, ассамблея үкімет пен оппозиция арасында келіссөз басталмайынша және саяси дағдарыс шешімін таппайынша жұмыс істемейді.

Бүгінде ел астанасындағы ассамблея орналасқан ғимарат алдында 40 мыңға жуық адам жиналған. Полицияның деректеріне қарағанда, шерушілер «Нахда» исламдық партиясының басшысымен бірге биліктегі коалицияның отставкаға кетуін талап етуде. Елдің премьер-министрі Лараед бұдан шамалы уақыт бұрын парламенттік сайлау 2013 жылдың желтоқсанында өтетінін, ал оған дейін үкімет отставкаға кетпейтінін мәлімдеген еді.

 

Әскерилердің қылмыстық ісіне нүкте қойылды

Ыстамбұл соты мемлекеттік төңкеріс жасауға ниеттенді деп айыпталған әскерилерге қатысты үкім шығарды. Үкімді алты судья кезекпен оқыған. Ал сот отырысы Ыстамбұлдан 40 шақырымдай жердегі түрмеде өткен.

«Эргенекон» астыртын ұйымына қатысты бұл қылмыстық істер процесі бес жылдай жүргізілген екен. Сот прокуратураның 370-ке жуық адамға таққан айыптарымен келіскен. Сот олардың 21-ін ақтап, қалғандарын айыпты деп тауыпты. Нәтижесінде 20 адам өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесіліп, қалғандары ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған көрінеді.

 

Шекарада тағы да оқ атылды

Әзербайжан мен Армения шекарасында армян әскери қызметшілері мінген автомобиль атқыланды. Әзербайжанның АПА агенттігінің ақпараттары бойынша, бір адам қаза тауып, тағы бір әскери жараланған. Ал автомашина істен шыққан сияқты.

Аталған агенттіктің дерек көздеріне сүйеніп хабарлауынша, армяндар шекараға жақын орналасқан Қазақ ауданына «диверсиялық» әрекеттер жасамақшы болған. Автомашина екі ел шекараларының арасындағы «бейтарап аймаққа» шыққанда атқыланған. Армяндық тарап Әзербайжанның «бір адам қаза тапты» деген ақпаратын жоққа шығарып отыр. Армения әскери ведомствосының баспасөз хатшысы Л.Ованисян БАҚ-тарға берген сұхбатында бұл оқиғаны арандату деп атапты.

 

Қызметке кірісе салып, отставкаға кетті

Тайванда Қорғаныс министрі болып қызметке кіріскен Эндрю Ян екі аптадан соң отставкаға кетті. Ақпараттарға қарағанда, оның қызметтен кетуіне шығармашылық ұрлық (плагиат) себеп болса керек.

Осыған байланысты экс-министр баспасөз мәслихатын өткізіп, қателігін мойындады және кешірім сұрады. Оның мәлім етуінше, осы қателігі ел басшылығы мен армияны ұятқа қалдырды. Министр болып қала беру енді мүмкін емес. Сөйтсе, саясаткер өзінің 2007 жылы жарық көрген кітабында өзге авторлардан алынған материалдарды дәйексөз ретінде көрсетпеген екен. Сонымен бірге, ол кітаптағы бірнеше бөлімдерді достары жазғандығын да жасырып қалыпты.

 

Террорлық әрекет жасөспірімдер өмірін қиды

Пәкстанның Карачи қаласында жастар арасындағы футбол командаларының ойынынан кейін болған террорлық әрекет салдарынан 11 жасөспірім мерт болды. Бұл жөнінде «Синьхуа» агенттігі хабарлады.

Жарылыстан, сондай-ақ 26 бала жарақат алған, олардың бірқатарының жағдайы ауыр. Жарылғыш зат футбол алаңына жақын маңда тұрған мотоциклге қойылған көрінеді. Террорлық әрекетті әзірше қандай да бір ұйым немесе топ мойындарына алған жоқ.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.