Аймақтар • 06 Ақпан, 2020

Тараз қаласының әкімі есеп берді

430 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қала тұрғындарының алдында есеп берді. Әкім жалпы, жылдың қорытындысы бойынша Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпіліс бар екенін атап өтті.

Тараз қаласының әкімі есеп берді

Яғни, өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 103,1 пайызды, негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексі 105,6 пайызды, көтерме сауда тауар айналымының нақты көлем индексі 115,6 пайызды, бөлшек сауда тауар айналымының нақты көлем индексі 101,8 пайызды, құрылыс жұмыстары көлемінің нақты көлем индексі 107,0 пайызды құраса, бюджеттің орындалуы 104,5 пайызға, оның шығыс бөлігі 99,9 пайызға игеріліп, тұрақты динамика қалыптасқан.

«2020-2021 жылдары 5 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 519 жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделуде. Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 5 миллиард 297,2 миллион теңгеге 140 жоба қаржыландырылды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 649,1 миллион теңгеге 54 жоба қаржыландырылды. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында жоғары тұрған бюджеттерден 9 миллиард 996,5 миллион теңге қарастырылып, бұл қаржыға келесідей жұмыстар атқарылды. Олар, «Барысхан» алқабын электрмен қамтамасыз ету жобасы, «Арай-2» шағын ауданының жолдары мен тротуарлары, сыртқы жарықтандыру, арық желілерінің құрылысы, тұрғын үй алаңшаларын абаттандыру жұмыстары, және 4-ші Тараз энерго орталығынан басталатын М-2 және М-4 жылу магистралдарының қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды», деді Айтқазы Қарабалаев.

Тараз қаласының негізгі мәселесі – «Шөлдала» алқабындағы саяжайларға су, газ тарту. Талай жылдан бергі тұрғындардың да тілегі осы. Бұл ретте қала әкімі 2019 жылы «Шалғай Қарасу» тұрғын алқаптарын, «Тектұрмас», «Қарасай», «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Шаңырақ», «Казарма», «Жиделі» алқаптары, «Құмшағал» станциясы және осы алқаптарға жапсарлас орналасқан 28 саяжайды электрмен, газбен және сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалардың әзірленгенін жеткізді. Енді қаржыландыруға 2020-2021 жылдарға ұсынылатын болады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы  «Родничок», «Ақжол», «Қайнар» және «Мичуринец» алқаптарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша сметалық құжаттамалары әзірленіп, 2020-2022 жылдары құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатынын да айтты.

Сонымен қатар тараздық тұрғындардың тағы бір мәселесі – баспана. Бұл ретте «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектар жерде шамамен 8500 отбасына арналған 190 көпқабатты үйлерді құрайтын 15-мөлтекауданы бой көтеруде. «Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 23 тұрғын үй және 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, өткен жылдан өтпелі 80 пәтерлі 12 үй және 60 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 80 пәтерлі 1 және 45 пәтерлі 9 арендалық тұрғын үйлердің құрылысы республикалық бюджеттен қолдау тапса, қосымша 24 тұрғын үйлердің құрылысын қаржыландыру үшін жоғары тұрған бюджеттерге өтінім ұсынылды», деді өз сөзінде Айтқазы Қарабалаев.

Әкімнің есебінен кейін тараздық тұрғындар бірқатар мәселелерді көтерді. Қала тұрғыны Зарина Нажанова «Барысхан» алқабына ауыз су тарту жөнінде айтса, Бибігүл Оразбаева Тараз қаласындағы №22 мектепке қашан күрделі жөндеу жүргізілетінін сұрады. Ал, Айгүл Салжанова «Арай-2» алқабында көшеде жарық жоқ екенін, қоғамдық көліктердің жүрмейтінін алға тартса, Үртай Сапақова қалалық Мәдениет үйінің жанынан жуырда ғана ашылған өнер адамдарына арналған «Әуендер әлемі» аллеясының маңы толған қаңғыбас иттер екенін, бұл ретте тұрғындардың қауіпсіздік мәселесі бірінші орында болу керектігін жеткізді. Бұдан өзге де тұрғындар әкімге сауалдарын жолдады. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев тұрғындардың сауалдарын тыңдап, көтерілген барлық мәселелер алдағы уақыттарда кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Жиынға қатысқан Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов «Шешілмеген мәселенің де, тұрғындардың тарапынан сұрақтардың да көп екенін білеміз. Енді берілген мүмкіндіктер қандай еді, соны дұрыс пайдалана алдық па деп ойлауымыз керек», деп, Тараз қаласында атқарылған біршама жұмыстарға тоқталды. Қала әкімінің жұмысына жақсы баға берді.

 

Жамбыл облысы