Аймақтар • 06 Ақпан, 2020

Алматыда көпбалалы және мұқтаждығы бар отбасылармен бірлескен жұмыс тобы құрылды

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен бірлесіп әрекет ететін жұмыс тобы құрылды. Алматы қаласының әкімінің орынбасарлары Е.Бабақұмаров, С.Тұяқбаев 5 ақпан күні «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталықтарында көп балалы және аз қамтылған отбасылармен кездесу өткізді.

Алматыда көпбалалы және мұқтаждығы бар отбасылармен бірлескен жұмыс тобы құрылды

Кездесуге көп балалы аналар, сонымен қатар аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқармалардың басшылары қатысты. Талқылау барысында көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, оның ішінде еңбекпен қамту, жеке кәсіпкерлік және материалдық базаны кеңейту, тұрмыс жағдайын жақсарту, басқа да мәселелер бойынша оқыту жұмыстарын жүргізу, қосымша үйірмелер мен креативті секциялар ашу мәселелері қаралды.

Бүгінгі күні «Бақытты отбасы» орталықтары кәсіби бағытта жұмыс жасап, әлеуметтік және қаржылық-мотивациялық қолдау көрсетуге ұмтылып отыр. Қажетті мамандықтар мен кәсіпке үйретуде «Іскер ана» бағдарламасы қолға алынып, бизнес негіздерін үйрету жөнінде көмек көрсетеді.

Әкімнің орынбасары Е.Бабақұмаров көп балалы отбасыларға қолдау көрсету шараларының әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. 2019 жылдың тамызынан бастап, аудандық «Бақытты отбасы» орталықтарында 10 мыңға жуық алматылық отбасы ақпараттық-кеңестік және ресурстық, әдістемелік және заңнамалық көмек алды, сонымен қатар ана мен баланың салауатты өмірі кабинеттерінде болды. 2800-ден астам адам грантқа қол жеткізіп, өздерінің жеке бизнестерін ашты.

«Біздің қаламыздағы ең белсенді жандар – әйелдер. Сондықтан, диалогтық алаң құру қажет, оның арқасында орталықтардың жұмыстары жүйелендіріледі, ең бастысы өзекті проблемалар шешімін табатын болады», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров.

Қала әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша қалада тағы да екі «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталықтарын ашудың жоспарланғанын, гранттар санының артатынын хабарлады.

Кездесудің нәтижесінде, әлеуметтік орталықтардың жұмыстарының сапасын одан әрі жақсарту мақсатында, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен бірігіп, жұмыс істеу үшін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Көтерілген барлық мәселелер мен айтылған ұсыныстарды  нақтылы шешімін табу үшін жұмыс тобы жете зерттейтін болады.