
Жаңа сынақтың жауапкершілігі
Мұны сайланған әкімдер де, тұрғындар да жақсы түсінеді
Аршалы облыс орталығы Көкшетаудан 400 шақырымдай алшақ жатыр. Бірақ, оны шалғай аудан деп айта алмайсыз. Өйткені, ауданның орталық қонысы Астанадан алпыс-ақ шақырым жерде орналасқан. Осының өзінен-ақ өңірге жүктелген жауапкершілік жүгін салмақтай беруге болады.

Жаңа сынақтың жауапкершілігі
Мұны сайланған әкімдер де, тұрғындар да жақсы түсінеді
Аршалы облыс орталығы Көкшетаудан 400 шақырымдай алшақ жатыр. Бірақ, оны шалғай аудан деп айта алмайсыз. Өйткені, ауданның орталық қонысы Астанадан алпыс-ақ шақырым жерде орналасқан. Осының өзінен-ақ өңірге жүктелген жауапкершілік жүгін салмақтай беруге болады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен үлкен екі жоба жүзеге асырылуда. Біріншісі – Астананың агломерациялық аймағын қалыптастыру. Осыған орай 2011-2013 жылдарды қамтитын арнайы бағдарлама қабылданып, серіктес ауылдар мен кенттер саны өсе түсуде. Бұл елді мекендер тұрғындарының саны соңғы жылдары 2,5 есеге өсті. Бірақ, әлі де Астанаға барып-келіп жұмыс істейтіндер көп. Екінші күрделі міндет – Астананың азық-түлік белдеуін жасап, дастарқан мәзірін молайтуда облыстың барлық аудандары белсеніп қызмет атқарып жатқанымен, жұмыстың негізгі ауқымы аршалылықтарда екені белгілі.
Мұның бәрін айтып жатқанымыз, ауыл әкімдерінің бұрын болмаған сынақ-сайлауының орасан маңызын алға тарту еді. Себебі, сайлау алдындағы жиналыстарда бүгінгінің табысы ертеңге өлшем болмай қалғанын халықтың өзі айтып жатыр. Астарында «болашақ әкім, сен де ойлан» деген түйін жатқанын аңғару қиын емес. Ауданда 12 ауылдық, 1 поселкелік округ бар. Осы он үш орынға 39 үміткер ұсынылып, тіркеліпті. Аудан әкімі Қанат Қарауылов алғашқы кеңестік сипаттағы тұрғындар жиынына өзінің орынбасарлары мен мекеме басшыларын ала барған. Хаттамаларға көз салғанымызда әр басқосуда жеті-сегіз адамнан сөз сөйлеп отырғанын байқадық. Мұндай белсенділікті аудан шенеуніктерінің қатысуымен байланыстырғанның өзінде, ауылдың болашақ көшбасшылары төңірегіндегі мәселе ешкімді бейжай қалдырмайтыны бірден байқалады. Аудандық газеттегі әріптестеріміз үміткерлердің үгіт-насихат науқанын қызу әрі мәдениетті өткізгенін айтып жатыр. Мұны ертеңгі әкімнің бет-бейнесін айқындайтын көрсеткіш ретінде қабылдауға да болады. Сөйтіп, көптен күткен сайлауда, денсаулығына байланысты өз өтінішімен кандидатурасын алып тастаған бір кісіден басқасының бәрі дауысқа түсіп, бақтарын сынады.
Біз аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Нина Олейникпен бірге, аудандық әкімдік ғимаратындағы дауыс беру залын аралап шықтық. Мұнда үш дауыс беру кабинасы жабдықталып, бюллетеньдерді салу жәшігі көрнекті жерге қойылыпты. Комиссия мүшелерінің, байқаушылар мен үміткерлердің сенімді өкілдеріне арналған үстелдерде сайлау заңнамасына қатысты ақпараттық материалдар қойылған. Мемлекеттік рәміздер рух көтереді.
Сағат тілі 10.00-ді соққанда аудандық мәслихат хатшысы Юрий Сериков бастаған 13 депутат арнайы орындарға жайғасып, комиссия мүшелері сайлау қағидасын тағы бір еске салды. Дауыс беру басталды. Ол жұрт күткендей тез аяқтала қойған жоқ. Бір сағаттан астам уақытқа созылды. Осының өзінен халық қалаулыларының маңызды науқанға аса жауапкершілікпен қарағанын, дұрыс таңдау жасауды мұрат тұтқанын аңғаруға болады. Оның нәтижесі сайлау қорытындысын дауыс берушілер мен оның өткізілуін байқаушылардың ду қол шапалақтауымен қарсы алғанынан да көрініп тұрды. Сайланған 13 әкімнің алтауы бұрынғы қызметін жалғастыратын болды. Аудан орталығы Аршалы кенті мен Сараба ауылдық округіне Бибігүл Молдабекова мен Махаббат Мұратова жетекшілік ететін болды. Жаңа тұрпатты әкімдердің тоғызы «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
– Елімізде тұңғыш рет өткізілген сайлаудың маңыздылығы толғандырды, – дейді біздің құттықтауымызға орай Волгодон ауылдық округінің әкімдігіне қайта сайланған Жанат Күселбеков. – Көршілес Харьков селосында туғаныммен, бүкіл саналы ғұмырым Волгодонда өтіп келеді. 1975 жылдан бастап дене шынықтыру мұғалімі, кеңша р кәсіподақ ұйымының төрағасы, партком хатшысы, директордың орынбасары болдым, соңғы 11 жылда осы округ әкімі қызметіндемін. Аудандық мәслихат депутаттарының ауыл тұрғындарының ықыласын жерге тастамағанына ризамын. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Бізде балабақша кезегіне 130 бала тіркелген. Бабатай-Волгодон-Қойгелді бағытындағы жолдың күрделі жөнделуі күтіп тұр. Округімізде 30-дан астам ұлт өкілі тұрады. Елдің ынтымағы мен жарасты тіршілігін қамтамасыз ету жолында қажыр-қайрат жұмсайтын боламын.
Аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Жақыпов ақсақал ауыл әкімдігіне үміткерлердің жүрекке жылы бәсекелестік орта қалыптастырғанын тілге тиек етті. Мұның өзі елге тұтқа болар азаматтардың көп екендігін, болашағымыздың сенімді қолда екендігін көрсетеді. Ал ауданымыздың 50 ұлтты біріктіретін 28 мыңға жуық тұрғыны бүгінгі сайлаудан игі үміттер күтетіні анық. Құрылғанына 85 жыл толып отырған ауданымыз жаңа толқын әкімдердің ұйымдастырушылық қабілеттері мен табандылығы арқасында Мемлекет басшысы қойып отырған міндеттер биігінен танылатыны анық.
Сайлауға байқаушы ретінде қатысқан «Хабар» телеарнасы және облыстық «Арқа ажары» газеті мен «Қазақстан» тележурналистері, үміткерлердің сенімді өкілдері бүгінгі күннің маңызды оқиғасы талап дәрежесінде өткізілгенін, ешқандай заң бұзушылыққа жол берілмегенін атап көрсетті.
Сөз соңында 8 тамыздағы сайлауда 40 әйелдің әкім лауазымына ие болғанын, 188 әкімнің өз орынтағына қайта сайланғанын, оның өткізілуін 122 байқаушы қадағалағанын айта кетуді жөн көрдік.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.
Суреттерді түсірген
Ермұрат ДОСЫМОВ.
Белсенділікті биіктетер сенім
Бүгінде жұртшылық тарапынан зор қызығушылық пен ынта-ықылас тудырған жергілікті басқару жүйесіндегі соны үрдістегі шара – ауыл әкімдерін сайлау кеше Қарағанды өңірінде де өтті. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 202 cелолық округтер мен аудандық бағыныстағы кенттерден ұсынылып, тіркелген 603 үміткерге таңдау жасалды. Осы жауапты міндет жүгін көтеруге ұмтылыс-ниет танытушылардың 1 орынға біреуден, екеуден емес , 3-тен бірдей баламалы негізде сайлауға түсуі тартысты қыздырды. Мұндай жағдайға Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданындағы сайлау барысымен танысқанымызда куә болған едік.
Алдымен жол Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы Өмірзақ Озғанбаев бастаған облыстық ардагерлер кеңесі мүшелерімен бірге Теміртауға түсті. Келген бетімізде қалалық мәслихат депутаттарының дауыс беруіне тыңғылықты дайындық бірден білінді. Саяси партиялардың, қоғамдық, ұйымдардың, үміткерлердің сенімді өкілдері бір жағынан, бақылаушылар екінші жағынан қадағалап, заңға сай өтуін назардан тыс қалдырмады.
Байқалғандай, жергілікті халық қалаулыларына оңай жауапкершілік жүктелмепті. Шаһар іргесіндегі Ақтау кенті әкіміне кандидат болып тіркелуші 3 азамат ішінен ең лайықтысына таңдау жасау 17 депутаттың қай-қайсысын да қатты ойлантқаны сезілді. Өйткені, 3-уі де білімді десе білімді, қабілетті десе қабілетті үміткерлер екені өздеріне де, тұрғындарға да көптен белгілі. Кенттің қазіргі әкімі Сердалы Қожахмет, орынбасары Айдос Ордабаев және Теміртау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық бағдарламалар бақылау бөлімінің жетекшісі Ермек Дөненбаевтың жалғыз ғана өндіріс орны – цемент өндіру зауыты бар, оның өзінің жұмысы оншалықты оңға баспай, кенттегі жалпы жағдайды ауырлатып тұруына қарамастан, қиын буынды басқаруға талап етулері сайлау алдындағы кездесулерде жылы қабылданып, қошталған-ды.
Міне, жиналғандар күткен толқынысты сәт туды. Дауыс беруге қатысқан 17 таңдаушының қалауы кімге басымдырақ болғаны сайлау бюллетеньдері мұқият саналған соң қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Наталья Шевченко тарапынан мәлім етілді. Ол Айдос Ордабаев екен. Оған 14-і таңдау жасапты.
– Бізге лайықтының лайықтысын қалау оңай болмады. Әріптестерім сияқты мен де біраз толғандым. Дауыс санау нәтижесі көрсеткендей, Айдос Ордабаев сенімді ақтай алатын жігіт. Кент жағдайын жетік біледі, ортамызда шыңдалып келеді, тұрғындар мүдде-мұқтажына әрдайым елгезек, – деді іле тілдесуге тартқан аталған кент кәсіпкері, Теміртау қалалық мәслихатының депутаты Сергей Гулько.
Бұдан кейін Бұқар жырау ауданына жол тарттық. Облыста сел