Медицина • 06 Ақпан, 2020

Еліміз шетелден маска сатып алуға мәжбүр

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық маска өндірушілер халықтың сұранысын қамтамасыз ете алмай отыр. Өйткені өндірушілер мен дистрибьютерлер масканы Қытайға сатқан. Осыған байланысты Үкімет экспортқа тыйым салып, шетел өндірушілерінен бетперде сатып алуды қарастыруда. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп коронавирус инфекциясының жағдайы туралы ресми мәлімдемесінде осылай деді.

Еліміз шетелден маска сатып алуға мәжбүр

Ресми өкілдің айтуынша, Қытайдан елімізге келген азаматтарды бақылауға ала бастаған 6 қаңтардан бері 110 адам дене қызуымен және жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ/ОРВИ) белгілерімен ауруханаға жатқызылған. Оның 105-і короновирустық инфекцияға тексеріліп, ешқайсысынан анықталмаған. Қазірге дейін 80 адам үйлеріне қайтарылып, 30-ы ауруханада ем алуда. Ухань қаласынан Нұр-Сұлтан, Ташкент және Түмен қалаларына эвакуацияланған біздің және Беларусь пен Армения азаматтарының денсаулығы жақсы. Олар Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тұрақты бақылауда.

Диас Ахметшәріп еліміздегі маска мәселесіне байланысты да пікір білдірді. «Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан егер сізде ЖРВИ белгілері болмаса, бетперде киюдің қажеттілігі жоқтығы  туралы  SMS-хабарлама таратпақ едік. Өкінішке қарай, хабарлама тарату үшін  біз  отандық  ұялы байланыс операторларынан қолдау таппадық. Сондықтан егер деніңіз сау болса, бетперде киюдің қажеттілігі жоқ екенін тағы бір мәрте естеріңізге саламыз», деді министрлік өкілі.

Сондай-ақ ол отандық бетперде өндірушілері мен дистрибьютерлердің ісін сынға ала отырып: «Олар қорларын Қытайға сатқан, осыған байланысты Үкімет экспортқа тыйым салды. Отандық өндірушілер халықтың сұранысын қамтамасыз ете алмай отырғандықтан шетел өндірушілерінен бетперде сатып алу қарастырылуда», деді.

Д.Ахметшәріп өткен тәуліктерде Сингапур, Канада және Үндістан азаматтары коронавирус ауруы туралы жалған ақпарат таратқаны үшін қамауға алынғанын айта келіп, Аустралия, АҚШ және Оңтүстік Африка Республикасы қауесетке қарсы саясатты қатаңдатуға уәде беріп отырғанын жеткізді.

«Мысалы, канадалық бір блогер ұшу кезінде қасындағылардың бәріне «ауырып, Уханьнан ұшып келдім» деп өтірік айтқан. Келгеннен кейін ол бірден тұтқындалды және мұны репостар жинау үшін жасағанын толық мойындады. Осылайша, ол Канаданың құқықтық хроникасының жағымсыз кейіпкеріне айналды» деген ресми өкіл қазақстандықтарға ешқашан коронавирус туралы қорқынышты қауесетті әлеуметтік желілерде таратпауларын ескертіп, Facebook-тегі Денсаулық сақтау министрлігінің парақшасына жазылуды сұрады.

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51