Руханият • 07 Ақпан, 2020

«Балам, кешір, жалғыз жол осы болды»

482 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сонау 80-жылдардың аяғы кезінде Ресеймен екі ортадағы ше­кара жоқ уақытта сол жақ­тағы ағайындарға жиі барушы едік. Саратов облысының Красный Кут ауданы Комсомол село­сында қандастарымыз көп болатын. Олар бір-бірімен жа­қын туыстай араласып кеткен. Ағайындармен дастарқан басын­да болғанда селода дядя Максим атанып кеткен (дұрыс есімі Мақұлбек), сол кезде жасы 70-ке таянып қалған ағамен жиі кездесіп қалатын едік. Ағаның оң қолының үш саусағы жоқ болатын.

«Балам, кешір, жалғыз жол осы болды»

Ағайындар әңгіме арасында, «Мақұлбек үш саусағы жоқ болғандықтан соғысқа бармай, Саратовта еңбек армиясында жұмыс істеген, осы жақта үйленіп қалып қойған. Үш саусағының кесілуі – соғыс­қа бармаудың амалы-мыс» деген­ді де айтатын.

Бір барғанда Мақұлбек аға­ның үйіне әдейі кіріп, естіп жүр­ген әңгіменің дұрыс-бұрысын ай­тып беруін өтіндім. Аға үн­сіз отырып қалды. Біраздан кейін ол, «Қарағым, бұл бір іш­те қатып қалған шемен еді. Өмір­дің көбі кетіп, азы қалғанда ішт­е сақтап неғылайын? Өтініш жасап отыр екенсің, ендеше айтайын», деп әңгімесін бастады.

 – Кіндік қаным тамған жер Сыр өңірі еді. Әкем Қажығұл, анам Зияштан жалғыз ұл болатынмын. Жасым 17-ге келген кезде соғыс басталды. Ауыл­дағы ер азаматтар бірінен соң бірі майданға алына бастады. Біздің үй ішіміз колхоздың бір отар қойын бағып, құм арасында отыратын. Анда-санда әкем колхоз орталығына барып келгенде майданнан келіп жат­қан Қара қағазды да айтып, күрсінетін. Ана шаңырақтың түтіні өшті-ау. Мына қарғыс атқан соғыс қашан бітеді? – деп қайталап айтып отырушы еді.

Соғыс екінші жылға аяқ бас­қанда менің құрбыларым да біртіндеп майданға шақырыла бастады. Осы уақыттардан бас­тап әкем біздермен сөйлесуді қойды. Көп ойланатынды шы­ғарды. Бір күні мені құмнан отынға сексеуіл шауып алып келеміз деп ертіп шықты. Ойым­­да ештеңе жоқ, әкеммен іле­­­сіп жүре бердім. Сексеуіл өс­кен жерге келгеннен кейін ат­тан түсіп, балта, шоттарымызды әзірлеп жатқанбыз. Бір уақытта әкем қасына шақырып алды. Жүзі қатуланып кеткен. Бұ­рын-соңды бұндай мінезін де байқаған емеспін. «Балам, оң қолыңды мына сандал ағашқа қой», деп бұйырды. «Неге әке?» деп сұрай бергенімде, «Қо­лыңды сандалға қой!», деп ақы­рып жіберді. Амалсыздан қолымды сандалға қойып, әке­ме мойнымды бұрып қарай бер­генімде оның қолындағы бал­та жүзі жарқ етіп көтеріліп барып, саусақтарыма қадалды. Көзім қарауытып, басым айналып талықсып кеттім. Бірте-бірте есімді жисам, әкем киізді өр­теп, күлін кесіліп түскен сау­сағымның орнына басып жатыр. Саусақтарымды шүберекпен орап таңып тастағаннан кейін өзіме-өзім келгендей болдым. Қасымда үнсіз отырған әкем біраз­дан кейін сөзге келді. «Ба­лам, мені кешір. Басқа амал жоқ, кіндіктен тараған жал­ғыз ұлсың. Қан майданға жібер­меудің жалғыз жолы осы болды. Сенен айырылсам менің ұрпа­ғым мәңгіге жойылады ғой. Алла Тағала бұл күнәмді ке­ші­ре гөр», деп еңкілдей жылап жіберді.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін 43-тің қаһарлы қысында маған да әскерге шақырту қаға­зы келді. Аудандық комисса­риат әрлі-берлі күмәнмен қара­ды-ау деймін, әсіресе саусақ­тарымның қалай кесілгені жө­нін­де ұзақ тексеріп барып, со­­ғыс­қа жарамсыз, бірақ еңбек ар­­миясында жұмыс істеуге бо­ла­ды деген анықтама берді. Со­­дан кейін Саратов қаласына кө­шірілген зауытқа жұмысқа жіберді. Бұл жабық әскери зауытта мен сияқтылар айналасы мықты қоршау жасалған алаңда вагонмен келген жүктерді түсірумен айналыстық. Зауыт ішіне кіргізбейтін. Бір жыл жұмыс істегеннен кейін біз­дер­ді Саратовтың қасындағы Ртищево қаласына ауыстырды. Сол жерде майдандағы жауынгерлерге арнап, аяқ киім (керзі етік) тігетін фабри­када ерлер, әйелдер көп адам жұмыс істедік. Осында жүргенде фабрикада әріптес болған Рауза есімді башқұрт қызымен танысып, бас қостым. Жұмысшыларға арналған барактан бір бөлме алып, бірге тұрдық.

Жеңіс мерекесі болатын жылы ата-анамның дүниеден озғаны туралы елден хабар алдым. Қан майданға аттанбаса да жалғыз ұлдың алысқа кеткені оларға ауыр тиген болар деп ойлаймын. Біздерді соғыс бітсе де, бірден босата қойған жоқ. Осы жерде түр­лі жұмыстарға салды. Тек 1946 жылы ғана біржола босап, Раузаны ертіп ауыл­ға қайт­тым. Бұл кезде тұңғыш қызы­мыз бар болатын. Со­ғыстан кейін елдің әлі есін жия қоймаған кезі. Майданға аттанған ағалар да, менің құр­­быларымның көпшілігі де соғыстан оралмаған екен. Осыны көргенде бойымды бір ауыр ойлар басқандай болды. Майданнан қайтпаған құр­дастарымның алдында кінәм бар­дай сезіндім. Ойлана келе, кері қайтуды жөн санадым. Міне, 50 жылға жуық уақыттан бе­рі осы жақта тұрып келе­мін. Иә, туған жердің орны бөлек қой. Сағынасың. Кейде ұл-қыздарым үйге жинала қал­ғанда оларға, «Мен дү­ние салғанда Сыр өңірінің қай жерінен болсын бір уыс топы­рақ әкеліп, зиратыма салыңдар. Ең болмағанда туған жердің топырағын иіскеп, жатайын»,  деп аманатымды айтып жүрмін. Қарағым, менің басымдағы жағ­дай осы еді. Әкемнің сол кездегі әрекетіне, «Неге бұлай іс­тедің?» деп айта алмаймын. Жалғыз ұлды аман алып қалу­дың жөні осылай болар деп ойлаған болар. Кім білсін? Аға әңгімесін аяқтап, үнсіз қалды. Нұры тая бастаған жанарында жас тамшылары тұр екен.

Ағамен қоштасып үйден шықтым. Бойымды аяушылық сезімі биледі. Журналистік қыз­­метке сай әуестікпен жан жарасын қозғап жібердім бе деген де ой келді.

 

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

P.S. Осы бір кездесуге­ де­ 30 жыл­дай уақыт өтіп кетіп­ті. Осы­дан 5 жыл бұрын Ком­сомол селосына бардым.­ Бәрі өзгерген. Үлкендер азай­ған. Се­лоның күншығыс жағын­дағы мұсылмандар зиратында жатқан жолдасымның ата-ана­сының басына барып, дұға бағыштадық. Сол зираттан Мақұлбек аға да мәңгілік ме­кенін тауыпты. Ұл-қыздары әке­сінің соңғы аманатын орын­дап, «Сырдың бір уыс топы­рағын әкеліп, қабіріне салды ма екен?» деп ойладым. Сол бір уыс топырақпен бірге кіндігінің қаны тамған перзентіне Сырдың сылдырай аққан шуын әкелген болар деп ойладым. Мына бір жалған дүниеде ұрпағын сақтап қалу үшін тосын әрекетке барған әкеге Арыстанды-Қарабас желі мұңын жеткізіп тұрған болар... Иә, солай да болар... Бұл соғыстың адамдар жүрегіне салған жарасы ғой.