«Лотерея» сөзін қолдануға тыйым салынады
Заң еліміздегі лотереялық қызметті құқықтық негізде жүйелеп, оны жүзеге асырудың тың ұстанымын нығайтуға бағытталған. Мәдениет және спорт министрі лотереяға қатысты заң Қазақстанда 2016 жылы қабылданғанын жеткізді. Соған сәйкес 2017 жылы Үкімет пәрменімен «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея операторы ретінде анықталды. «Жаңа заңға сәйкес, анықталған лотерея операторы лотерея билеттерін сату, қазақстандықтарға ұтыстарды төлеу, ел бюджетіне салық төлеу, спортты дамытуға төлем жасау, сондай-ақ үш мыңнан астам шағын бизнес субъектілеріне қосымша табыс көздерін және жұмыс орындарын құру мәселесін қамтамасыз етті», деген А.Райымқұлова өзгертілген заңның редакциясында құқықтық негіздер күшейтілгенін айтты.
– Бүгінде лотерея операторымен келісімшарт бойынша агенттік қызметті жүзеге асыратын үш мыңнан астам субъект
бар. Заңнамада «лотерея таратушысы» агенті ұғымының жоқтығынан құқықтық коллизиялар пайда болып, көптеген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ лотерея операторының қызметіне кедергі тудырып отыр.
Бұған қоса заң жобасында лотереяны заңсыз өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Лотереялық қызмет атын жамылып, алаяқтық қызметті жүзеге асырудан, сондай-ақ жарнамада жалған лотереялық қызмет туралы ақпарат таратудан Қазақстан азаматтары қорғаусыз қалып отыр. Осыған орай лотерея операторынан басқа жарнамада «лотерея» сөзін қолдануға тыйым салу қарастырылды.
Заң жобасымен Мәдениет және спорт министрлігіне құзырет беру арқылы лотереялық қызметті тиімді әрі жедел мемлекеттік реттеу тетігі енгізіліп отыр. Яғни, лотерея өткізудің ережелерін және лотерея өткізудің тәсілдеріне қойылатын талаптарды бекіту ескерілген. Бұл шаралар бір жағынан лотерея қызметі саласын дамытуды әрі ақпараттық технологиялар қолдануды шектемеуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, уәкілетті орган ретінде министрлікке лотерея қызметі саласындағы құқыққа қарсы қызметті тиімді шектеуге жол ашады, – деді А.Райымқұлова.
«Жұлдыздарға» тұсау салынса игі...
Жасырын емес, лотерея қызметіндегі таксономияның жоқтығынан қазір елімізде ұтыс ойындарын ұйымдастыру кез келгеннің ермегіне айналғандай. Жеке сауда ұйымдарынан бастап, ірі қызмет көрсетуші компаниялар маркетингтік науқанды жарнамалық ұтыс ойынысыз өткізбей тыным таппайды. Бүгінгі цифрлы дәуірде адамзаттың дені онлайн режімде ғұмыр кешіп жатқандықтан, әлеуметтік желі табыс табудың балама жолына айналды. Әлеуметтік желі демекші, мұнда түрлі ұтыстарды ұйымдастырып, қанжығасы әжептәуір майланып жүргендердің қатарын танымал блогерлер мен әншілер бастап тұр десек, қателесе қоймаспыз. Оның себебі түсінікті. Үлкен аудиториясы бар, елдің назарындағы тұлғаға халық имандай сенеді. Сол сенімге селкеу түсірмеу жағына ол азаматтар бас қатыра бермейтін сыңайлы. Неге десеңіз, ел аузындағы «жұлдыздардың» әлеуметтік желідегі аккаунтын ашып қалсаңыз жеткілікті, ұтыстың сан алуан түрін көресіз. Ал ол қалай өткізіледі, жеңімпаздар әділ анықтала ма? Бұл үлкен сұрақ. Онсыз да айлығы шайлығына жетпей, күйбең тірліктің қамымен жүрген халықты «жұлдыздардың» сан соқтыруы жығылғанға жұдырық болары даусыз. Мәселен, 29 жаста Елжан Смағұлов (азаматтың сұрауы бойынша есімі өзгертілді) елордада энергетик болып еңбек етеді. Отбасын асырау үшін оның бірнеше жерде жұмыс істеуіне тура келіп жүр. Жас энергетик басқалар секілді жеке баспанаға ие болуды армандайды. Бірде ол елге танымал азаматтың парақшасынан жеңілдікпен пәтер сатып алу жайлы ақпаратты байқайды. Ондағы барлық талаптарды қалтқысыз орындап, ұтыс нәтижесін күтеді. Өзінің жеңетініне кәміл сенген Елжанның үміті, ақыры ақталмады. Өйткені жоғарыдағы аккаунт иесі ұтысқа басқа оқырман лайық деп тауыпты.
– Белгіленген барлық талаптарын орындадым. Өзімнің бірінші болғаныма күмәнім жоқ. Ол кісіге ел алдындағы белгілі адам болғаннан кейін сендім, алдамайтын шығар деп. Бірақ бұл үмітім бекер болып шықты. Түптеп келгенде, өзі қалаған адамды жеңімпаз деп табады. Бұлай істейтін болса, онда не қажеті бар мұндай ұтыстарды ойнатып? Бұдан кейін халық қалай сенеді осындай әртістерге? – деді Е.Смағұлов.
Бұл бір ғана мысал. Ал жоғарыдағы азамат сынды елімізде әлеуметтік желідегі ойынға малданғандардың саны қаншама?! Осындай олқылықтарды алдын алу үшін Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан коммерциялық мақсатта ойнатылатын лотереялардың жұмысын жүйелеу туралы ұсыныс білдірді.
– Лотерея құмарлық элементі бар бүкіл әлемде кең тараған ойын екені бәрімізге белгілі. Жасыратыны жоқ, кейбір елдерде лотереядан түсетін табыс әлеуметтік салаларға, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларына жұмсалып жатады. Бізде тек спорт саласына бөлінеді екен. Лотереяның қысқа және ұзақ уақытқа ойналатын түрі болады. Сондай-ақ арнайы аппаратпен ойналатыны бар. Бірақ барлығының ойнатылу тәртібі бірдей. Осыған байланысты мына мәселені айтқым келеді. Біріншіден, лото-терминал аппараттарында жас ерекшелігіне шектеу жоқ. Сауда үйлерінде, дүкендерде, шағын маркеттер мен базарларда лото-аппараттар бар. Оған кішкентай баладан бастап, қарияларға дейін кезекте тұрады. Мектеп жасындағы балалардың ойнап жатқанына ешкім назар аударып жатқан жоқ. Бұл балалар үшін өте қауіпті жағдай. Ертең құмар ойындарға құмартқандардың қатарының көбеюі осыдан басталады. Сондықтан қоғам қауіп төндіретін әрекеттерге қатаң шектеу қою керек. Жас ерекшеліктері енгізілетін тетіктер қажет деп есептейміз. Лотереяны тарату құқығы «Сәтті жұлдызға» беріліп отыр. Ақпаратқа сүйенсек, 2018 жылы түскен 376 млн теңге табыстың, 40 млн теңгесін Ұлттық олимпиада комитетіне аударған. 2019 жылы бұл көрсеткіш 125 млн теңгеге жетті. Жиналған қаражаттың 50 пайызы жүлде қорына кетсе, 10 пайызы ҰОК-ке кетеді екен. Ал қалған 40 пайыз қайда кетеді деген ой өзінен-өзі келеді. 10 пайыз спортқа жұмсалса, қалған қаражатта басқа да әлеуметтік мақсаттарға бөліну керек еді-ау деген ойға келесің. Үшіншіден, қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы. Осы арқылы кітабын, көлігін, пәтерін, тіпті үстіндегі киімін лотереяға ойнатып жатқан азаматтарымыздың сауда-саттығы тым көбейіп кетті. Бұл заң бойынша коммерциялық мақсатта деп айтылатын шығар. Бірақ лотерея болғаннан кейін жоғарыда айтқанымыздай, ойнатылу тәртібі барлық жерде бірдей. Жалпы, лотерея болсын, карта болсын, ешкім ұтыламын деп ойнамайды. Бәрі қызығып, үміттеніп қатысады. Бәрі бірдей ұтысқа ие бола алмайтыны анық. Онсыз да қазір елдің жүйкесі жұқа. Бір-екі жыл ойнап ақшасы зая кеткеннен соң ақшаны қайтаруды талап етіп алдыңызға келсе таңғалмаңыз. Себебі ойынға қатысып отырғандардың басым бөлігі қарапайым халық. Сондықтан коммерциялық мақсатта ойнатылатын лотереялардың қызметін нақты заңға енгізу керек, – дейді Б.Тілеухан.