09 Тамыз, 2013

Шөп буыны қатқан шақ

524 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл табиғат ана жомарттық танытып тұр. Көктемде басталған молшылық кепілі ақ жауын арада бірер күнді салады да, дамылдап алған соң бір тынбастан аспаннан сіркірей бастайды. Кенді Алтайдың қайбір бұрышына бара қалсаңыз, белуардан асатын көк шөпті көресіз. Таяуда Ұлан ауданының Отрадное ауылындағы «Агро-Бам» шаруа қожалығының жем-шөп дайындап жатқан бригадасында болғанымызда, қызу еңбектің үстінен шықтық.

Биыл табиғат ана жомарттық танытып тұр. Көктемде басталған молшылық кепілі ақ жауын арада бірер күнді салады да, дамылдап алған соң бір тынбастан аспаннан сіркірей бастайды. Кенді Алтайдың қайбір бұрышына бара қалсаңыз, белуардан асатын көк шөпті көресіз. Таяуда Ұлан ауданының Отрадное ауылындағы «Агро-Бам» шаруа қожалығының жем-шөп дайындап жатқан бригадасында болғанымызда, қызу еңбектің үстінен шықтық.

Қожалықты ұзақ жылдан бері ауыл шаруашылығының білгір маманы Жақсылық Қасенов басқарады. Былтыр зейнеткерлікке шықса да Жәкең жас жігіттердей лыпып тұр, қимылы шапшаң, есеп-қисапты жатқа соғады. Қазір оның қожалығында 700 ірі қара, 100 жылқы бар. Биыл қожалық үш жарым мың гектарға дәнді дақылдар, 500 гектарға шөп, 313 гектарға екпе шөп еккен екен. Жаңбырдың көп жауып, ылғалдың мол болуы себепті жайқалып өскен астық әлі күнге жап-жасыл, күн жылыса болды сап-сары телегей теңізге айналатын түрі бар.

– Диқандар мен мал азығын дайындаушылар үшін қарбалас сәт туды. Міне, екі апта болды жем-шөп әзірлеуге 15 техника мен жиырмаға тарта адам жұмылдырылды. Бүгінге дейін 750 тонна жем-шөп әзірленді. 42 жылдан бері техниканы тізгіндеп келе жатқан майталман тракторшымыз Бейсембай Салқымбаев күндік тапсырмасын бір жарым есе асыра орындауда. Жұмағазы Асановтың 30 жылдық еңбек өтілі бар, ол да «МТЗ» тракторымен еселі еңбек етіп жүр. Тырнаушы Е.Толғынбаев, ораушы Бейбіт Бәкішев, шөпті маялаушы А.Нұрақатов, Т.Мұсақанов та қажырлы жұмыс жасауда. Аманшылық болса, мал азығын дайындап алған соң егін орағына кірісеміз. Жаңа аты аталған азаматтар тракторын комбайнға ауыстырып мінеді. Бізде техника жеткілікті, бес-алты комбайн сатып алғанбыз. Механизаторлардың жалақысы да жаман емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын егін орағы мен жем-шөп әзірлеуде ерекше көзге түскен бес-алты азаматқа құрмет пен мәртебе көрсетіліп, бүкіл ауыл тұрғындарының қатысуымен тұрғын үй мен жеңіл көлікті сыйға тартқанбыз. Биыл да еңбек адамдарына құрмет көрсету ойда бар, –деп «Агро-Бам» шаруа қожылығының төрағасы Жақсылық Қасенов біраз мағлұмат бере кетті.

Міне, бітік өскен көк шөпті «МТЗ-80» тракторымен сырылдатып шауып келе жатқан механизаторды тоқтатып, сөзге тарттық. Бейсембай Салқымбаев сөзге сараң екен, 42 жылдан бері механизатор екенін, ауа-райының ашық күнін тиімді пайдалануға тырысып жатқанын тілге тиек етті. Оның соңында келе жатқан Жұмағазы Асанов та жаздың бір күні жылға азық екенін, жанталаса жұмыс жасап жатқандарын айтты. Сергей Морсофей деген механизатор биыл егіннің шығымы ғажап екенін, табиғат ананың жомарттығын пайдаланып қалу үшін техниканы сақадай-сай әзірлеп қойғаны жайлы айтты. Ұландық жем-шөп әзірлеушілер биылғы қатаң қыстан қысылмай шығатынына кәміл сенеді. Оған олардың бүгінгі қажырлы істері куә болса керек.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы.

Суреттерді түсірген автор.

Соңғы жаңалықтар