Руханият • 07 Ақпан, 2020

«Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы аясында концерт өтті

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған бұл шара 5 мамырға дейін созылады.

«Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасы аясында концерт өтті

Айтулы шара аясында Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Ұлы Отан соғысында елі мен жерін жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігін паш етіп, оны кейінгі жастарға үлгі-өнеге ету мақсатында керемет концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. 

Концерттің ашылу рәсімінде  Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов, Ұлттық ұлан ардагері генерал-майор Әмірбек Төгісов, Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанаты филиалының төрағасы Мәди Ахметов сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақстандық жауынгерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі жайында кеңінен баяндады.

- Фашистік Германия басқыншыларына қарсы сұрапыл соғыста Қазақстанның жауынгерлері көзсіз ерлік көрсеткені баршамызға мәлім. Тылда қара жұмысқа жегілген азаматтарымыздың да еңбегі ерен. Сол ата-апаларымыз, әке-аналарымыз, аға-тәтелеріміздің жүріп өткен батырлық жолын кейінгі ұрпаққа паш етіп, сол арқылы Қазақстанның әрбір азаматының бойына отансүйгіштік сезімін сіңіріп, және де жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында біздер осы игі бастаманы қолға алдық. Өйткені, халық өз қаһармандарын ешуақытта ұмытпауы керек. Олардың ерлігі әркез санамызда жаңғырып отыруы қажет, - дейді генерал-майор Мұхаметқали Сатов.

Концертте Қазақстан эстрадасының жұлдыздары мен Ұлттық ұланның әншілері қан майданның қаһармандарына арналған «Катюша», «Әлия», «Журавли», «Смуглянка», сонымен қатар патриоттық рухты оятатын «Жас қазақ», «Ел қорғаны», «Мен – қазақпын», «Жаса, туған жер», «Атамекен» және тағы басқа әндерді шырқады. Ал «Салтанат» би ансамблі «Қазақ биін» нақышына келтіріп орындады.  

Сөз орайы келгенде, осы концерттік бағдарлама Алматы қаласы әкімідігі және Ұлттық ұланның қолдауымен өткені жайында айта кеткен абзал.