09 Тамыз, 2013

Маңызды меморандум

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Ақмола облысы әкімдігі мен «Шеврон» компаниясы арасында Ерейментау ауданындағы «Самал» жел қуаты паркі жобасын жүзеге асыруға қатысты өзара ынтымақты келісім-шартқа қол қою рәсімі болды.

Жуырда Ақмола облысы әкімдігі мен «Шеврон» компаниясы арасында Ерейментау ауданындағы «Самал» жел қуаты паркі жобасын жүзеге асыруға қатысты өзара ынтымақты келісім-шартқа қол қою рәсімі болды.

«Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесінің басқарушы директорының орынбасары Имир Боннер өз сөзінде жел қуаты әлемнің дамыған елдерінің барлығында тиімді пайдаланылып келе жатқандығын айтты. Ал, «Самал» жел паркінің құрылысы Қазақстандағы ірі шетелдік инвестициялық жобалардың бірі болып табылады. Кәсіпорын осы жоба аясында алдағы уақытта Ерейментау қаласының маңында желден электр қуатын өндіретін қондырғы қоюды ұйғарып отыр. Болашақта Ерейментау қаласында қуаты 50 мегаваттық станса салынатын болады. Қазақстанда баламалы және жаңартылатын энергетиканы дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілген құны 239 миллион долларды құрайтын жобаны компания өздері қаржыландыратын болады. Сондай-ақ, компания әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында Ерейментау ауданының білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріне 30 миллион теңгенің құрал-жабдықтарын сыйға тартқанын оқырмандарымызға жеткізгенбіз.

Жел паркінің құрылысы арқылы арзан электр қуатын өндірумен бірге қоршаған ортаны таза ұстауға тікелей ықпал ететін бұл жобаның облыс үшін аса маңызды екендігіне тоқталған облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов Қазақстан Республикасының Жер заңнамасы шеңберінде жел паркінің құрылысы үшін инвесторлардың 622 гектар жер учаскесін 49 жылға уақытша қайтарымды пайдалану құқын алуына қолдау көрсетілетіндігін және аталған жобаның жақын арада индустрияландыру картасына енгізілетіндігін жеткізді.

Биыл Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының жемісті серіктестігіне 20 жылға аяқ бас­ты. Кәсіпорын осы уақыт ішінде Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын, бұл елде еркін жұмыс істеуге болатынын өзгелерге дәлелдеді. Осы кәсіпорынның арқасында Қазақстанға 8,5 мың шетелдік компания 200 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. 20 жылда кәсіпорын елімізде бірнеше зауыттардың ашылуына септігін тигізді. ТМД елдерінде баламасы жоқ Атырау құбыр арматурасы зауыты Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы болып саналады.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.