09 Тамыз, 2013

Көршілік құшақ шуағы

426 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ежелгі халықтық дәстүр бойынша көршілік сыйластық пен құрметтің жалғасымды жарасты сипатын Қарағандының Астанаға арналған шынайы көмек-қолдауы айқын айғақ­тайды десек, бұған жарқын дә­лелдер жетіп артылады. Арасы атшаптырымдай ғана шаһарлардың егіз бауыр­дай бауырластық үрдістері елге үлгі тұтылған ақиқат. Ір­ге­сін­де еңселенген бас қалаға қам­қор­лықтың кең құшағының шарапатты шуағы төгілуі салтқа сіңіп, дағдыға айналған. Мұның тамаша бір көрінісі көршілік жоралғы ретінде сыйланған тартулар болып табылады. Соның ішінде екеуі ерекшеленеді. Атап айтқанда, ел, Астана тарихының белді кезеңдерінде сәнін жарқыратып, көркін асырған «Отан қорғаушылар» ескерткіші мен жаңа цирк алдындағы алаңқайдың екі жақ қапталындағы ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері қарағандылықтар сый-сияпатының қандайлық екенін көрсетердей әсер қалдырады. Бұлар қалай салынды, кімдер орнатты? Әлбетте, білгеннің көптігі жоқ.

 

Ежелгі халықтық дәстүр бойынша көршілік сыйластық пен құрметтің жалғасымды жарасты сипатын Қарағандының Астанаға арналған шынайы көмек-қолдауы айқын айғақ­тайды десек, бұған жарқын дә­лелдер жетіп артылады. Арасы атшаптырымдай ғана шаһарлардың егіз бауыр­дай бауырластық үрдістері елге үлгі тұтылған ақиқат. Ір­ге­сін­де еңселенген бас қалаға қам­қор­лықтың кең құшағының шарапатты шуағы төгілуі салтқа сіңіп, дағдыға айналған. Мұның тамаша бір көрінісі көршілік жоралғы ретінде сыйланған тартулар болып табылады. Соның ішінде екеуі ерекшеленеді. Атап айтқанда, ел, Астана тарихының белді кезеңдерінде сәнін жарқыратып, көркін асырған «Отан қорғаушылар» ескерткіші мен жаңа цирк алдындағы алаңқайдың екі жақ қапталындағы ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері қарағандылықтар сый-сияпатының қандайлық екенін көрсетердей әсер қалдырады. Бұлар қалай салынды, кімдер орнатты? Әлбетте, білгеннің көптігі жоқ.

 

Тарту басы

Бұл ескерткіштің эскизін Елбасының өзі сызып, сол бойынша жалпы нұсқасын жетілдіруге карағандылық сәулетшілер мен мүсіншілерге жол бастап берген болатын. «Эскиз сызбасымен танысқанда негізгі идея мәнін түсіндім. Аңсап жеткен тәуелсіздігіміз жолында намысқойлық рухты биік көтеріп, отансүйгіштік қасиетті жоғары ұстап, туған жеріне, еліне қорған болған бабаларымыздың жиынтық бейнесін кескіндеуді түйсіндім. Осы ойды артық айтпай-ақ ұғынған мүсінші Юрий Баймұқашев, сәулетшілер Александр Курицын мен Бақтыбай Тайталиев төртеуіміз шығармашылық топқа бірігіп, Тұңғыш Президентіміз тапсырмасын орындауға зор жігер-шабытпен кірісіп кеттік. Ісімізге облыстың сол кездегі әкімі Камалтин Мұхамеджанов қолдағы бар көмекті аянбай көрсетіп, ескерткішті жасаудың басынан аяғына дейінгі жұмыстарға ұйытқы болды. Сөйтіп бір жыл ішінде дайын болып, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында Астана төрінде орнады», деп еске алады медицина саласындағы ғалымдығымен қатар суретшілігімен де танымал Мақаш Әлиакпаров.

Жұртқа әсіресе, Абай туып-өскен топырақтың әсем табиғаты, Шәкәрімнің ақындық, азаматтық келбеті бейнеленген майлы бояу суреттерімен белгілі Әлиакпаров, әнші Мұхит, отты жыр дауылпазы Жұбан Молдағалиев, Абылай хан мүсіндерін жасаған Баймұқашев, Астанадағы орталық алаң, Самарқандағы Ұлықбек кешені сәулетшісі Тайталиев, оның қарағандылық әріптесі Курицын еңбектеріне елеулі баға берілгендей «Отан қорғаушылар» ескерткіші бүгінде Астанадағы сәулеттік өнердің үздік үлгісі санатында екені аян.

Еліміздің алғашқы мерейтойлық белесіне қарағандылықтар атынан жасалған тарту «Имстальком» зауытында құрастырылғанын айта кеткен де жөн. Биіктігі 37,5 метр тұғыр нобайы әуелі саздан соғылса, содан соң әрбір бөлшегі жеке құйылды. Жезқазғанның 63 тонна қоласы және мысынан тұғырланған зор монументтің ұшар басындағы жарқыраған сары масақ Балқаш алтынымен апталды. Алыстан-ақ көз түсетін қолындағы шараны ұмсынған Ана бейнесі сынын бермес заттан жасалды. Мүсінді құюға қатысқан 60 жұмысшы теміртаулық металлургтер, қарағандылық зергерлер болды. Монумент тұтастай орнына қондырылып, айналасын абаттандыру жұмысына шейін аяқтап берілді. Бұл Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған тарту басы еді.

 

Сый жалғасы

Бұл күнде астаналық балақайлардың түрлі қызықтарды тамашалайтын орны цирк алдындағы әсем алаңқай да қарағандылық құрылысшылардың қолымен әдеміленген. Бұдан бес жыл бұрын бұл тұс көзге көріксіз болып, жанындағы зәулім ғимараттың сәніне келіспей жататын. Қаланың 10 жылдығына қарағандылықтар атынан қандай тарту жасау туралы ой туғанда облыстың жаңа басшысы Нұрлан Нығматулин Астана қаласы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары ретінде шаҺар жайын жақсы білетіндіктен осы жерді көркейтуге бастама көтерді.

Көршілердің ұсынысы дөп келіп, ризалықпен қабыл алынды. 2007 жылдың жазында алаңқайды абаттандыру басталды. Цирк ойындарын қызықтауға құмар балаларды әдемі әсерге тарта түсу үшін аспанға атқылаған, кешкісін түрлі түсті бояуларға малынатын субұрқақтарын қондыру, айналасына цирк өнерінің әр саласына қатысты қаз-қатар 10 мүсін орнату, екі жақ қапталында қазақ ертегілерінің әйгілі кейіпкерлері Алдаркөсенің, Тазша баланың, Қаңбақ шалдың, Қожанасырдың, ал тап ортасында дөңгеленген жер шары үстінде эквилибрист бала бейнесін тұрғызу шешілді. Осындай көріністер жеткіншектер көңіл-күйін өсіріп, көріктендіретіндігіне кеңес берген мүсіншілер Александр Билықтың, Дүйсен Ержановтың, Амангелді Бексұлтановтың ойлары қолданылды.

Цирк алдын құлпырту жұмыстарын «Абсолют Қазақстан» компаниясы бір жылға жетер-жетпесте атқарып шықты. Мүсіндер Суретшілер одағының Қарағанды облыстық бөлімшесі шеберханасында жергілікті құнды тастардан қашалып жасалып барып әкеліп орын тептірілді. Айта кету керек, бұл іс бюджет ақшасынсыз атқарылды. Демеушілердің ерікті көмек-қолдауы арқылы игі шара жүзеге асты.

Жас астаналықтардың өздері сүйсіне демалатын, алаңсыз ойын қызығына берілетін осынау ертегідей мүйістің кімдер тартуы екенін жақсы білетіндігін Қарағандыға жолданып жататын алғыс хаттары сездіреді. Солардың бірі елордадағы 56 мектептің 5-сынып оқушысы Мәди Әлиев «Мен цирк алаңқайын аралағанды жақсы көремін. Оқыған ертегілерім еске түседі. Қиялым шарықтап, әртүрлі арманға шомамын. Бізге осындай тарту жасаған қарағандылықтарға рахмет», деп жазады.

Көршілік көмек-қолдау арқылы салынған «Астана-Бәйтерек» монументі, Астана оқушыларының шығармашылық сарайы, әмбебап киноконцерт залы, айта берсе Қарағандының бас қалаға деген кең құшақ шуағы осындай.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ҚАРАҒАНДЫ.

Соңғы жаңалықтар