09 Тамыз, 2013

Тәкаппар, аяулы өмір бұл!

433 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сыр

Жастықтың жазында көгілдір.

Жүректен маржандай төгіп жыр.

Таңырқа, ғашық бол, себебі,

Тәкаппар, аяулы өмір бұл!

Жастықтың жазында сәулелі,

Жұпарға толтырып кеудені.

Ақиқат жолын сен таңдап ал,

Болса да бұралаң, әурелі.

Жастықтың жазында шіліңгір,

Жаныңды кей-кейде түңілдір.

Өлімнің әйнегін қақпай-ақ,

Ғайыпқа абайлап үңіл бір.

Думаннан қайтқанды таң қыла,

Жастықтың жазында жарқыра,

Жаныңның жұмбағы қалсын тек,

Тең болып өмірдің нарқына.

 

Сыр

Жастықтың жазында көгілдір.

Жүректен маржандай төгіп жыр.

Таңырқа, ғашық бол, себебі,

Тәкаппар, аяулы өмір бұл!

Жастықтың жазында сәулелі,

Жұпарға толтырып кеудені.

Ақиқат жолын сен таңдап ал,

Болса да бұралаң, әурелі.

Жастықтың жазында шіліңгір,

Жаныңды кей-кейде түңілдір.

Өлімнің әйнегін қақпай-ақ,

Ғайыпқа абайлап үңіл бір.

Думаннан қайтқанды таң қыла,

Жастықтың жазында жарқыра,

Жаныңның жұмбағы қалсын тек,

Тең болып өмірдің нарқына.

Перзент

Өмірім ұзарған сияқты.

Көңілім тазарған сияқты.

Ұлымды құшақтап отырып,

Жұртыма жыр жазам миятты.

Әлдилеп титімдей өренді,

Ерітем іштегі шеменді.

Ақ ботам алғыр боп өссе екен,

Аспанға жеткізіп төбемді.

Ақжейде көңілден күліп тек,

Жарқылдап тұрса екен жігіт боп,

Әке мен ананың ең жақсы

Қырлары қалса ғой сіңіп тек.

Ол әзір тым нәзік, қырмызы.

Жоғары болар ма жұлдызы?

Ат қойып, ақ бата бергендер

Алаштың таңдаулы ұл-қызы!

Биіктеп кетпесе ар ойлап,

Таңдары тұрар ма арайлап?

«Алла жар болсын – деп ботама»,

Маңдайын иіскеймін абайлап.

* * *

Жүрегімнің аспанында күн ашық,

Ақ әлемге алғыс айтсам деп едім.

Сіз сүйетін құс әніне ұласып,

Менен бұрын төгіледі өлеңім.

Ақ әлемнің кереметі – сүт сезім,

Жас баладай сезінуге құмармын.

Дүниенің нұрға толы құт кезін,

Жүрегіме құйып алған шығармын?

Кім бар екен жыламайтын, тоңбайтын?

Дарытпауға ұмтылғаным жазығым.

Көзбен ішіп тауысуға болмайтын,

Ақ әлемде өмір сүрдім, разымын!

Тағдырымыз – Хақ сыйы ғой бағалы.

Жаныңызды саялаймын, жарығым!

Дүниенің бізді құшқан жанары

Сөйлейді екен алтыншы күн сабырын...

 

Өмір – бәйге

Мен бәйге деп түсінемін өмірді,

Сығып берер ащы моншақ теріңді.

Шапқылайсың арғымақпен рух атты,

Алла атымен шарт буынып беліңді.

Еркінсітпес өр мінезді жер кімді?

Еліресің ер-тоқым ғып еркіңді.

Жүйткисің кеп жалғыздығың ұмыт боп,

Жанарыңда ойнақшытып сертіңді.

Пәк көңілді алмау үшін кірлетіп,

Шаң қаппауға ойың тағы тұр бекіп.

Мұң мен сырды түйіп алып жүрекке,

Зулайсың кеп Тәңіріден үн жетіп...

Арғымақтың шаң қаптырар қолқасын,

Ит-тірліктен сен де әрине қорқасың.

Тәуекелің жол табады ондайда,

Мекендейтін екі дүние ортасын.

Кімдер мақтап, кімдер сені даттайды,

Жүйткіп кеттің, бұл ой басқа соқпайды.

Бір білерің, аманаты бабаңның,

Кеудеңдегі көк күмбезді сақтайды...

Жер бетіне бақ орнатар мәуелі.

Жан-дүниең – жасыл сезім әлемі.

Аспан түстес азаттығың тұр баста,

Намысыңды биіктетер әуелі.

Үміт-шырақ, күдік деген сан сұрақ.

Сан сұраққа бойлай бермес жан шыдап.

Екі келмек жоқтығы үшін жалғанға,

Тістенесің тұлпар-рухты қамшылап.

Мен бәйге деп түсінемін өмірді,

Қаперіңе нұр ғып құяр сенімді.

Арғымағың болдырмасын албырт шақ,

Ұмытпағай арды сүйген тегіңді.

Алау көңіл, жалау жүрек жас буын,

Өмір осы – сұңғыла етер тас-түйін.

Бәйге алаңын тастай көрме, мәреден

Қарғып өтіп қақшып алмай бақ туын!

Келіншек

Ойға оранып түр-түрлі, жиырылып ақ маңдай.

Жүріп келе жатқан жоқ, ұшып келе жатқандай.

Еркелетіп сәбиін, кешкі асты да әзірлеп,

Күту керек пейілмен азаматын атпалдай.

Өткен шақпен өмірін ешқашан да сүрмейді.

Кеңседегі көңіл-күй босағадан кірмейді.

Жанарында мейірім, бәденінде нәзіктік,

Берекелі әйел бұл, оны өзі де білмейді.

Бәрі соның мойнында: ұсақ-түйек тіршілік.

Тіршіліктің батпағына бір батады, бір шығып.

«Бір кем дүние» жайында білгішсінбе сен оған,

Уақыты жоқ өйткені отыруға күрсініп.

«Жетем» дейді, жетеді. Жеткізеді тірнектеп...

Жел өтінде дәл ертең тұрмау үшін дірдектеп.

Желөкпе һәм жындыбас шақтан өтіп кеткен соң,

Мойындарсың өзің де «х анымым» деп құрметтеп.

Өшірмейді үмітін, жоғалтпайды сенімін.

Разылығын алсам деп тағдыр қосқан ерінің.

Шаңырағын-шаттығын жан отымен жылытып,

Ең әдемі түстермен бояйды ол өмірін.

Facebook – айна-кітап

Айна-кітап ішінде тіршілік бар,

Көз алдыңда тұрады күншілік хал.

Саған, маған, оған да маза бермей,

Жанымыздан бүрлейді жыр-шыбықтар.

Тынши алмай, сезімді қоздатып көп,

Отырамыз ойларды боздатып кеп.

Мақтап, даттап, айтамыз шын жүректен,

Өмір отын үрлейді жазба біткен!

Тілеулестер бар мұнда, жанашырлар,

Жас достарың жүр тағы «жаңа ашылған».

Бір белесте адасқан ескі достар,

Өшіріп тастағандай санасынан.

Бар мұнда бәсекелес замандастар,

Және айнадай жарқырар балаң жастар.

Дәстүршіл Һәм жаңашыл топтар да жүр,

Түрлі-түрлі тарапқа қадам басқан.

Түрлі-түрлі қылықпен бұлаңдаған,

Сүп-сүйкімді күшік жүр шұнаңдаған.

Көз астымен еркелеп тістеп алар,

Ондай нәмарт екенін кім ойлаған?

Айна-кітап бәрін де көрсетіп тұр:

Мәселен, мына ағамда кеңселік түр.

Көзәйнектің ар жағы бұлдыр әлем,

Ол әлемде достық та теңселіп тұр.

Мына кісі қымыз бен балға құмар,

Кім білсін, жалқы өскен арда шығар?

Адам емес бүркітке ғашық жанды

Көрдім десем қалайша нанбайсыңдар?

Қалмас адам ешқашан ойға жұтап,

УДЗ аппараты – айна-кітап,

Анау аңқау, мынау қу, кеудемсоқ ол...

Ал арманшыл жайып жүр айға құшақ.

Айгүл СЕЙІЛОВА.

АСТАНА.