Аймақтар • 08 Ақпан, 2020

Қызылорда: Біткен іс пен күткен іс

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шаһар тұрғындары алдында қорытынды есеп берді. А. Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен кездесуге облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев қатысты.

Қызылорда: Біткен іс пен күткен іс

Қала басшысы сөзін ұзаған жылда тарихи шаһар тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында атқарылған шаруалардан бастады. Былтыр қала бюджеті  42,9 млрд теңге көлемінде бекітіліп, жыл соңында ол 77,3 млрд теңгеге жетті. 

Аумағына қала төңірегіндегі бірнеше ауыл кіретін шаһарда егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Былтыр бұл саладағы өнім көлемі 8 млрд теңгеден асқан. Ауылшаруашылығын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар қарқын алып, күріштен 20 мың 885 тонна өнім жиналды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 18,3 млрд теңге бөлініп, 1046 қызылордалық баспаналы болды. Соңғы жылдары бой көтерген сол жағалау, шет аймақтар, Бәйтерек, Қызылжарма, Әл-Фараби, Саяхат мөлтек аудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы нығайтылды.

Әкім есебінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 156 млрд. 441 млн теңгені құрап, 110,7 пайызға артқаны айтылды. Былтыр атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 53 млрд. 330 млн теңгеге жеткен.  

Осы күні қаланы газбен қамту көрсеткіші 95 пайызға орындалып тұр. Былтыр қала маңындағы Қарауылтөбе ауылының тұрғындары көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізсе, осы жылы Ақсуат ауылдық округіне газ жеткізу жоспарда бар.   

а

Қала бюджетінің басым бөлігі – білім саласына бөлінген. Білімді ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің негізгі міндеті. Бұл тұрғыда Қызылорда қаласында өткен жылы көптеген жұмыстар атқарылған.

Мәселен, былтыр қала мектептеріндегі орын тапшылығын шешу мақсатында екі мектептің жанынан қосымша 150 орындық ғимарат салынды. Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық жаңа мектеп бой көтерді. «Ақсуат» ауылдық округінде балабақша ел игілігіне пайдалануға берілді.

- Тұрғындар сұранысына сәйкес, «Саяхат», «Бәйтерек», СПМК тұрғын аудандарында жаңа мектептер салынады. 320 орындық балабақша жақын күндері пайдалануға беріледі. Жыл сайын қала бюджетінің басым бөлігі білім саласына бағытталады. Қала мектептері жаңа оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. 7 мыңға жуық оқушы қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндік алды. Қалаға жақын орналасқан елді мекендерден қала мектептерінде қатынап оқитын 630 баланы арнайы көліктердің тасымалдауына жағдай жасалды. Осы жұмыстар биыл да жалғасады, – деді қала әкімі.

Шаһар басшысы кездесуде осы жылғы шешімін табатын мәселелерге де тоқталды.

Хабарламадан кейін жиналғандар әкімге сауал қойып, ұсыныстарын айтты. Кездесуді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қорытындылады. Ол қалада атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді, сонымен қатар, қоғамдық көлік, тұрғын үй салу үшін алынған жер телімдерінің пайдаланылуы, шет аймақтардағы жол  секілді мәселелерді  шешуді тапсырды.

о

Қызылорда облысы