Аймақтар • 08 Ақпан, 2020

Алматының Алмалы ауданында 200-ге жуық аула абаттандырылады

343 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының  әкімі Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаевтың есептік кездесуіне қатысты. Жиында аудан әкімі өткен жылы атқарылған іс-шараларға қысқаша тоқталды.

Алматының Алмалы ауданында 200-ге жуық аула абаттандырылады

Басым міндеттердің бірі — аула ішіндегі кеңістіктерді кешенді жаңғырту. Ауданда 861 аула аумағы бар. Өткен жылы 215 аулаға күрделі жөндеу жүргізілді. Ағымдағы жылы 192 ауланы жөндеу жоспарлануда. Осылайша 40 мыңнан астам тұрғын үшін қолайлы орта жақсармақ.

Аудан әкімі Б. Торғаев мәлімдегендей, өткен жылы 59 көппәтерлі үйдің тұрғындары «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша шатырды, инженерлік желілерді және 88 лифтті жаңғыртқан. Ағымдағы жылы тұрғын үйді жаңғырту 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалғасады.
Ауданда 7 ескі үй бұзылып, оның орнына жаңа үйлер салынды. Осылайша 52 отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарған.

Қала тұрғындары иесіз желілердің мәселелерін жиі айтады. Өткен жылы коммуналдық қызметкерлердің балансына 8,5 шақырым электр, жылу және кәріз желілері берілді. Ауданның 15,2 шақырым иесіз желілері мен 18 трансформаторлық қосалқы стансаларын беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

АЛМАТЫ