Қазақстан • 09 Ақпан, 2020

Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланды

713 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Қордай ауданының аумағында техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланды

«Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бірнеше ауыл тұрғындарының арасындағы болған жаппай төбелеске байланысты Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Жамбыл облысының Қордай ауданы аумағында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялады» деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жергілікті Төтенше жағдай 2020 жылдың 8 ақпанында сағат 21:00-де басталды. Төтенше жағдайды жою басшылығына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков тағайындалды. Оған осы шешімнен туындайтын тиісінше іс-шараларды өткізу жүктелген.

Еске сала кетсек, 7 ақпанда Қордай ауданындағы Масанчи ауылында жаппай төбелес болған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған қатысты пікір білдірді.

«Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.

Ал сенбі, 8 ақпанда Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қордай ауданындағы жанжалға қатысты ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізді. «8 адам көз жұмды. 40-тан астам адам жарақат алды» деді Ішкі істер министрі.