Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуына қарағанда Қордай ауданы, Масанчи және Сортөбе ауылдарындағы оқиға туралы алғашқы хабар Жамбыл облысы Полиция департаментінің кезекші бөліміне 7 ақпан күні кешкі сағат 19:00-де түскен. «Сол күні Масанчи ауылының шетінде 70-ке жуық наразы тұрғын жиналып, олардың арасында бұзақылық ниетпен топтық ұрыс басталды. Оқиға орнына қордайлық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері келді. Арандатушылар мен оқиға куәгерлері болған жайтты видеоға түсіріп, мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды заңсыз әрекеттерге шақырған. Бұл қақтығыстың шиеленісуіне және топтық ұрысқа қатысушылар санының көбеюіне әкелді. Нәтижесінде, көрші елді мекендерден 300-ге жуық адам келді» деді бұл жөнінде Е.Тұрғымбаев.
Осыдан кейін Масанчи ауылына қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қосымша полиция жасақтары жіберілген.
«Жанжалға қатысушылар полицияға белсенді қарсылық көрсетіп, олардың заңды талаптарын дөрекі түрде орындамаған. Бұзақылар металл заттарды, тастарды, атыс қаруларын қолданған. Кейінірек Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарында да қақтығыстар орын алды. Елді мекендер мен жолдарға кіретін периметрдің айналасындағы жолдарға бөгеттер қойылды», деді министр.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Жамбыл облысында болған қақтығыста 8 адам қайтыс болғанын айтты. Алдын ала деректер бойынша өртпен ұштасқан бұзақылықтың салдарынан 30-дан астам жеке үй, 15 сауда нысаны және 23 автокөлік зақымдалды. Жедел тергеу тобы құрылды. Оқиға орнына Ішкі істер министрінің орынбасары мен Бас прокурордың бірінші орынбасары шықты. Құқық тәртібі күштерімен қақтығыс тоқтатылды. 47 адам ұсталды және полиция бөліміне жеткізілді, екі аңшы мылтығы тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 272-бабы «Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және оған қатысу», сондай-ақ 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша жүргізіледі. Қоғамдық тәртіпті бұзған кінәлілердің барлығы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қақтығыс аймағына полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері орналасқан. Қордай ауданындағы жағдай тұрақтанды.
Брифингте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осы оқиғаға байланысты азаматтарды сабыр сақтап, арандатуға ермеуге, жалған ақпарат таратпауға шақырды. Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді. «Қазақстан Конституциясы ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген әрекетке тыйым салады. Бұл талапты орындамағандар ұлттық араздық тудырғаны үшін, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тергеу нәтижелеріне қатысты барлық мәліметті ІІМ мен Бас прокуратура хабарлайды. Құқық қорғау органдары кез келген құқық бұзушылықтың жолын кесіп, оларға жол бермеу үшін қажетті барлық шараны қабылдайды», деді бұл жөнінде Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасап, Үкімет комиссиясын құруды тапсырған болатын. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев төрағалық етіп, Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтауда.
Әрине Қордайдағы оқиғаның қалай тұтанғаны туралы ел ішінде түрлі әңгімелер айтылуда. WhatsApp желісі арқылы тараған видеоларға қарағанда жаппай төбелес Сортөбе және Масанчи ауылдарының адамдары полицейлерге қарсылық көрсетіп, жағасынан ала түсуінен басталған сияқты. Ал енді бір әңгімелерде бір топ дүнген қазақ азаматы мен оның баласына балта алып ұмтылғаны да айтылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев брифингтен кейін тілшілердің сұрақтарына жауап беру кезінде «адамды балталап тастаған» деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Адамды балталап тастаған деген ақпарат жалған. Мұндай нұсқа бар. Бұл тұрмыстық жанжал, бірақ нақты қандай екенін, қалай болғанын анықтап жатыр», деді Д.Абаев. Қордайда орын алған оқиғаның ертеңінде Алматыдағы «Байсат», «Барлық», «Ялян», «Рахат», «Барыс», «Алатау», «Болашақ», «Мизам», «Арлан», «Өжет», «Ақ бұлақ», «Кенжехан» базарлары санитарлық күн жарияланғандықтан жұмысын тоқтатқан болатын. Министр бұл жайтқа қатысты да пікір білдірді.
«Сіздер бұл мәселеге түсіністікпен қарауларыңыз керек. Себебі «Барахолка» базарында қақтығыс жасауға үндеу жасалған. Осыған сәйкес сақтық шаралары күшейтілді», деді Дәурен Абаев.
Ал жексенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди мен Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Қордай ауданындағы жағдайдан тағы да мәліметтер берді. Министрдің орынбасары А.Калайчиди төбелес салдарынан қайтыс болғандардың саны онға жеткенін айтты. Одан бөлек 43 адам жарақат алған, оның 39-ы ауруханада жатыр. Жарақат алғандардың ішінде 5 полиция қызметкері бар. Оның үшеуіне оқ тиген. Алайда бұл қақтығыста полиция қару қолданбаған. Сондай-ақ, өрт салдарынан 25 тұрғын үй, 31 коммерциялық нысан, 41 көлік зақымданды. Әзірге 2 аңшы мылтығы, 2 тапанша және 50 жанармай толтырылған бөтелке тәркіленген.
– 9 ақпан күнгі сағат 11-ге дейінгі мәліметтерге қарағанда Қордай ауданында болған төбелестен 165 адам зардап шекті. Оның ішінде Қазақстандағы емдеу орындарының көмегіне 140 адам жүгінсе, Қырғызстандағы емдеу орындарына 25 адам қаралыпты. Жалпы алғанда 50 адам ауруханаға жатқызылды. Оның 40-ы қазақстандық ауруханаларға, 10-ы қырғыз елінің емдеу орындарына жатқызылды. 30 науқастың жағдайы ауыр, одан бөлек реанимация бөлімінде жатқан 8 науқастың жағдайы тіптен ауыр. Оқиға кезінде 8 адам қайтыс болған, тағы екі адам ауруханада жатып қайтыс болды. Жедел жәрдем қызметінің 14 бригадасы жұмыс істеуде. Санавиация қызметі арқылы 2 науқас тікұшақпен Алматыға жеткізіліп, сол қаладағы емдеу орындарына жатқызылды, деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева брифингте.