Әлем • 10 Ақпан, 2020

Польшада көмір дағдарысы туындап келеді

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Польшадағы көмір өнеркәсібі дағдарыс алдында тұр. Импортталатын өнімнің құны елдегі кен орнынан шыққан көмірден әлдеқайда арзан. Нәтижесінде, өндірістің ауқымы азайып барады. Оның үстіне, «жасыл» энергетикаға көңіл бөлу де отқа май құя түсті.

Польшада көмір дағдарысы туындап келеді

Осыған байланысты таяуда Польшада мыңдаған адам шеруге шығып, Лазиска-Гурнедегі кен орнына баратын темір жолды жауып тастады. Наразылардың талабы біреу – Ресейден импортталатын арзан көмірге тыйым салу.

Жұмысшылардың алаңдауына негіз бар. Қазіргі таңда көмір өнеркәсібі – елдегі энер­гетиканың не­гізгі көзі. Еу­ропаның көптеген еліне жет­кізілетін «қара отын» Польшадан барады. Сондай-ақ осы салада еңбек ететіндер саны ша­мамен 100 мың адам. Алда-жал­да көмір өндірісі тұралап жат­са, талай тұрғын жұмыссыз қал­мақ.

Еуропалық одақтың 2050 жыл­ға арналған климат жөніндегі келісіміне сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттер зиянды газ бөлетін отын түрін қолданудан мүлдем бас тартуы керек. Алайда Польша бұл келісімнің үдесіне шыға алмайтын секілді. Өйткені бұл саланы тоқтату ел экономикасына оңай тимейтіні айтпаса да белгілі.

Ендеше, Анджей Дуда бас­таған шенеуніктер көмір өнер­кәсібіне қол ұшын созбаса, жағ­дай ушыға түсуі әбден мүмкін. Қазіргі таңда Польшада «қара отын­ның» тоннасын өндіру үшін 70-80 доллар қаражат кетеді. Ал Ре­сейден келетін көмір тонна­сының құны – 60 доллар. Осы­лайша, импортталған отын ел аумағының түкпір-түкпіріне жет­кізіліп, отандық көмір тау болып шах­таларда жатыр.

Жағдайдың қаншалықты күр­делілігі мынадан байқалады. Алдыңғы жылы Польшада 19,3 миллион тонна көмір сырттан әкелінген. Былтыр отан­дық кен орындары өндірген 4,5 мил­лион тонна көмір шахтада қал­ған. Яғни бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге артыпты.

«Польша кеншілер тобы» (PGG) компаниясының кәсіп­одақ­тар ұйымын басқарушы Прзе­мислав Скупиннің сөзіне қарағанда, пайдаланылмаған көмір кәсіпорынның қаржылық жағ­дайына орасан нұқсан кел­тіріп отыр. Айта кетерлігі, PGG – Еуропадағы ең үлкен кө­мір өн­діретін, 40 мың адамды жұ­мы­с­пен қамтыған алып компания.

«Жығылғанға жұдырық» де­мекші, импортталған өнімнің ар­зандығына ауа температурасы да қосылды. Былтыр желтоқсанда Польшада күн жылынды. Халық қаңтарда да сақылдаған аяз көр­ген жоқ. Мұның бәрі, әрине, кө­мір өнер­кәсібіне кері әсер етіп, өнім кө­лемінің азаюына әкеліп отыр.

Көмірден шыққан осы дау ел президенті Анджей Дуда бас­таған «Заң және әділдік» ұлт­тық пар­тиясының (PiS) абы­ройына нұқ­сан келтірмек. Өйткені PiS би­лікке келгенде эко­номикалық ж­әне саяси бағ­дарламасында кө­мір өнер­кәсібіне ерекше көңіл бө­ле­тінін айтып, уәде бер­ген.

Биыл мамырда Польшада президенттік сайлау өтпек. А.Ду­да саяси бәсекеде тағы да ба­ғын сынап көрмек. Сайлауда же­ңіске жету үшін шахтерлердің қолдап дауыс беруі ауадай қажет.

Ел билігі наразы шахтерлердің мәселесін шешу үшін барын са­лу­ға кірісіп кетті. Қазірдің өзінде орталық көмір депосы ашылып, артылған «қара отын» сонда апа­­рылуда. Аталған қоймаға миллио­н тонна көмір сыяды. Қа­­зірдің өзінде депоға 300 мың тонна өнім жеткізілген.

Бірақ мұндай қадамның түйт­кілді қалай шешетіні түсініксіз. Көмірді қоймаға жеткізу, түсіру, тиеу құнын қосқанда, оның тон­насының құны жоғарыда ай­тылған 70-80 доллардан әл­деқайда асып кетуі мүмкін. Қо­рыта айтқанда, көмірден шыққан қара бұлт Польшаның басына үйіріліп тұр.