Аймақтар • 10 Ақпан, 2020

«Әлем үздігі» атағынан үміткер

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда Нұр-Сұлтан қала­сында өткен «IESO-2020» халы­қаралық олимпиадасының ірік­­теу кезеңінде Қызылорда қала­сындағы Назарбаев зият­керлік мектебінің 11-сынып оқу­шысы Әлішер Алтынбасов геологиядан жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиаданың ІІ орын иегері атанды. Енді ол жазғы демалыста Ресей Федерациясының Түмен қаласында өтетін білім бай­қауында ел намысын қор­ғайтын болады.

 

«Әлем үздігі» атағынан үміткер

Ел астанасында өткен сайыс­та Әлішермен бірге осы мектеп­те оқи­тын Гүлдана Сәбитова мен Нұр­дәулет Қонысбаев жер ту­ра­­лы ғылым бойынша үздік білім­де­­рі­мен ерекшеленіп, ІІ және ІІІ орын­­дардан көрінді.

– Барлық тапсырмалар ағылшын тілінде болды. Олим­пиадада біз Назарбаев Уни­вер­ситетінің ға­лым­дарымен кез­десіп, кәсіби бағдар ал­дық. Бо­лашақта өмірімді геология­мен байланыстырғым келеді, – дей­ді олимпиада жеңімпазы.

Байқауға ел өңірлерінен 100-ге жуық оқушы жиналыпты. Олар геология, геофизика, метео­ро­логия, мұхиттану және ас­тро­­номия пәндерінен күрделі тап­сыр­малар орындады. Бірінші орын­дар­ды иеленген дарынды­лар­дан Қазақстан құрамасы жа­сақталып, халықаралық сайыс­та ел намысын қорғайтын болады.

IESO – әлемдегі ең беделді олимпиаданың бірі. Осыған дейін Корея, Италия, Испания, Бра­зи­лия, Жапония және Францияда өт­кен білім сайысы биыл Ресейде ұйым­дастырылады.

ҚЫЗЫЛОРДА