Ұлттық дәстүр де түрленіп келеді. Жағдайы толайым жетіп тұрған той иесі қанша қымбат болса да өнерпаздарды мұрнынан тізіп шақырады-ақ. Ең қызығы беташар. Түнеукүні тонның ішкі бауындай араласатын ағайынның бірі кенжесін үйлендірді. Барын киіп, байлауын таққан тоқ жұрт. Сәл кештетіп келдік. Оқасы жоқ, біздің Көкшетауда шақырған уақыттан екі-үш сағат кешігіп келе береді. Осы уақытқа дейін айтылған сағатында басталған тойды көрмеппін.
Бұл жолы да солай болды. Пәленшекең келмей жатыр, түгеншекең жол үстінде екен деген хабар еміс-еміс жетіп жатыр. Әлдекімдерді сарыла тостық. Қонақтың дені жиналған. Шыдамымыз таусыла бастаған кезде беташар басталды. Айтпақшы, сексенінші жылдары Көкшетауда беташар сирек айтылатын. Тіпті бет ашатын әнші таба алмай апалақтағандарды талай көргенбіз. Қазір тәп-тәуір жөнделіп қалды. Екінің бірі болмаса да, домбырасын сабалап бет ашып беретін өнерпаз толып жатыр және өздері тойға жиналған ағайынды нағашы, жиен, әріптес деген сияқты топ-топқа бөліп, есімдерін қағазға жазып алып, айтып шығады. Аты аталып тұрған соң табаққа теңге салмау ұят. Ұялғандарынан ұлттық валютаның бірер теңгесін тастап, парызынан құтылады. Әупірімдеп табақ толады. Әншінің де көңілі тоқ.
Міне, беташар басталды. Әуелі атасын таныстырған. Шамасы ескі мәтін болуы керек, «кеудесіне орден таққан» деп бір қойды. Біздің білуімізде той иесі орден түгіл медаль тақпаған жан еді. Рас, ел қатарлы жұмыс істейді. Қайын енесін таныстырғанда да қағыс кетті.
Келін қарағым иіліп сәлем бермеді. Тіпті мезіретін де жасаған жоқ.
– Мынаның аяғы ағаш құсап қатып қалыпты ғой, – деді ауылдан келген жеңгесі, – тіпті басын да иген жоқ!
– Шаруаң қанша, жастар өз білгенін істей берсін, – деп жанында тұрған апай басу айтты.
– Осы келіннің түскеніне төрт-бес ай болып қалды-ау деймін. Енді беташар айтып тұрғаны несі?! – деді бір апай.
– Жайыңа тұр, – деді екіншісі, – дәстүріміз емес пе?..
– Негізі беташарды келін босағадан аттаған сәтте, осыдан бес ай бұрын өткізген дұрыс еді, – деді жігіт ағасы, – сонда әлдеқайда жарасымды болар еді.
Бұл кезде әнші жігіт ащы ішектей жұбатылған беташарын айтып болып қалып еді. Ендігі дау жайпақ табаққа шүпілдей толған ақшаны кімнің алатындығы туралы дауға жалғасты.
– Жастарға беру керек! – деді бір білгіш, – үйлену тойларына сыйлық.
– Әнші алу керек, – деді екіншісі, – атам заманнан солай. Бұрынғылар ат мінгізіп, атан жетектеткен. Еңбегі бар емес пе?!
Тойдың шырқы басталмай жатып бұзылды. Шынында да қалай еді өзі, қап! Бет ашамыз деп жүріп...