Аймақтар • 10 Ақпан, 2020

Құрақтың бағалаған құндылығын

662 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында көшпелілер салт-дәстүрінде қолданыс тапқан бұйымдардың кез келгенін өндіріске енгізудің кең мүмкіндігі бар. Сакральды өнердің ғажайып туындыларын заманауи өндіріске енгізу арқылы қолданбалы өнер саласында отандық брендті қалыптастырумен қатар, туризм саласына тың серпін беруге негіз бар.

Құрақтың бағалаған құндылығын

Осы орайда «Altyn Oimaq» бай­қа­уын­да «Ұлттық ою-өрнекпен көм­ке­ріл­ген аксессуардың үздік дизайны» ата­лымы бойынша жеңімпаз болып та­ныл­ған Гүлмира Уәлиханның құрақ көрпе өн­дірісін дамытудағы ізденістері, өз кә­сі­бі­не деген табандылығы ерекше назар ау­даруды қажет етеді.

Шағын шеберханада өндірістік жұ­мыс­­тарды ғана емес, шебердің қолы­нан шыққан көптеген құрақ түрлерін тама­шалауға болады. Түрлі-түсті реңк бере­тін тұскиіз, көрпелер, төр көрпелер, т.б. бұйымдардың сан алуандығында шек жоқ. Қыз жасауына арналған бұйым­дар­мен қатар күнделікті киюге болатын сән­ді шапандар, қол сөмкелер де өзіндік пі­­ші­мімен көз тартады.

«Шеберханадағы әрбір бұйымның өз тұ­тынушысы бар. Шеберхананы ашқан кезімде құрақ бұйымдарға сұраныстың жоғары болатындығына көз жеткіздім. Өндіріске күнделікті қайталанатын құ­­рақ­­тарды емес, ерекше пішімдегі үл­гі­­лер­ді енгізуге тырыстым», дейді Гүлмира Уә­лихан.

Гүлмираның балалық шағы қайта құру жылдарымен тұспа-тұс кел­ген­дік­тен, бала күнгі арманына жолы түспеді. Қаржы саласына маманданып, көп балалы ана атанып, ұрпақ тәрбиесі мен табыс табуды ұштастыра білді. Алайда басқа да кәсіпті игеруіне тура келеді. Еңбек жолын Алматыдағы №3 троллейбус паркінде бухгалтер болып бастап, кейіннен тігіншілер үйінде тігін машиналарын сату менеджері, одан кейін маталар дүкеніндегі жұмыс тәжірибесінің бүгінгі кәсібінде пайдасы болмай қойған жоқ. «Тігіншілерге арналған жабдықтар бөлімін дамыту үшін бар күш-жігерімді сала еңбек еттім. Алайда табыс түсе бас­та­ған кезде маған жұмыстан кетуге тура келді. Қыстың көзі қырауда бес бал­амен далада қалдым. Осы кезде жол­дасым көлігін сатып, өз кәсібімді ашуға бел будым. Шаңырағымызда ұл бол­ма­ған­дық­тан, ата-анам бізді үйдің де түздің де шар­уа­сына баулып өсірді. Әкем ат бап­тауға үйретсе, анамыз үй шаруасы­мен қатар кес­те тігіп, тігін кәсібіне бау­лыды. Міне, осы отбасы тәрбиесі ме­нің жеке өндірісімді ашуға ықпал етті. Шеберханаға жиналған алғашқы бұ­йымдар өзім оқытқан жандардың көме­гімен жиналды. Тіптен инвесторла­рым да баулыған жастардың ата-аналары. Мемлекеттік, халықаралық бағдарламалардың ешқайсысынан да қолдау таппағандықтан, әр отбасы жина­ған шағын қор менің өндірісіме үкен қол­дау болды. Жиналған 30 мың АҚШ долларына кәсіби тігін машинасын сатып алып, айналасы бір жарым жылда бұл қаражаттың жетпіс пайызы үстемесімен иелеріне қайтарып бердім», дейді Гүлмира Уәлихан. Шеберхана өндірісін жол­ға қоюда көптеген қиындықтармен бетпе-бет келген Гүлмираға бесінші баласы өмірге келген апта ішінде бизнес жос­па­рын қорғауға тура келеді. Алайда комиссия жоспарды негізсіз, болашағы жоқ деп табады. Тіптен күле қарағандар да кездесті. Бірақ жігері мұқалмаған шебер бұл кәсіпті дамыту үшін бар күш-жігерін салып жүргенін бүгінгі істің нәтижесінен көреміз.

«Құрақ өндірісінде Америка, Таяу Шығыс елдері үшін Қытайда тігілетін маталар, мақта маталар пайдаланылады. Әр бұйымның дайындалуына ерекше мән беремін. Кереге ілінетін бұйымдар мен көрпе жабдықтарында пайдаланатын маталардың өзіндік айырмашылығы бар. Тігісіне, түстерді дұрыс таңдау да ыж­да­ғаттылықты талап етті. Құрақ қиық­та­рын қиыстыру қол жұмысы ғана емес, адам­ның ішкі әлемімен үйлесім табатын өндіріс. Сондықтан да әрбір құрақ бұйымы жанға шуақ сыйлайды, бір кез тынығып алуға мүмкіндік береді. Бүгінде тұтынушылар қайталанған дүниелерге қарағанда табиғи, сапалы бұйымдарға назар аударатындықтан, құрақ құрауға жоғары талғам мен көтеріңкі көңіл күй қажет», дейді шебер.

Құрақ студиясының тағы бір ерек­ше­лі­гі Гүлмира құрақ өндірісіне ықыласты жандарды өзі оқытып, мамандар даяр­­лайды. Тігуге, сатуға, тіптен салық жүйе­сі­нің әліппесін меңгерген маман­дар әрі қарай үйде отырып табыс табу мүм­кін­дігіне ие болуда. Бүгінде екі мың­нан астам адамға құрақ құрау тех­нологиясын үйреткен Гүлмира Уәлихан Қазақстан Қолөнершілер ода­ғы­ның мүшесі. Ата­кәсіптің қыр-сырын мең­геру үшін көптеген көрмелер, фес­ти­валь­дардың тұрақты қатысушысы. Үнемі ізденістен танбайтын шебер құрақ, ою-өрнекті қолдануда интернет ресурстары, шетел әдебиеттерімен қатар белгілі суретші, этнограф Ерлан Қожабаевтан кеңестер алып отыратынын айтады.

Қазақстан қалаларына шығып, құрақ құрау әдісін өзгелерге үйретуден жалық­пай­тын көп балалы ана, кәсіпқой шебер құрақ құрауды бизнес ретінде ғана емес, бағасы жоғары кәсіпке балайды. Сондықтан да әрбір әйел меңгерген кәсіп түріне айналса игі дейді. Гүлмира Уәлихан қазіргі кезде көп балалы, жалғызбасты, баласы науқасқа шалдыққан аналарды оқытып, олардың әрі қарай жеке кәсібін ашып кетуіне де қолғабыс жасап келеді.

Бүгінде ЮНЕСКО халықаралық сапа сертификатын иеленген әрі Қазақстанның үз­дік қолөнер ұстазы – «Асыл ұстаз» ата­лымының иегері, Гүлмира Уә­ли­хан­ның «Рухани жаңғыру» еңбегі 2017 жылы Ресейде өткен «Традиция» құрақ фестивалінде марапатқа ие болды. Америка, БАӘ, Ресейде, Өзбекстанда өткен фестиваль­дардың қатысушысы. 2016 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізіл­ген фестивальда еліміздің ұлттық өне­рін таныстырды. «Құрақ өнері шетелдерде жоғары бағаланды әрі жоғары сұранысқа ие» деп атап өткен Гүлмира Уәлихан қалдықсыз әрі экологиялық өндіріске негізделген шеберхананың болашағы зор екендігін айтады. Ал отан­дық құрақшыларға қолдау керек. Қолөнер бүтіндей бір ұлттың мақтан етер атакәсібі әрі табыс көзі. Сондықтан да Қа­зақ­стан­ның абыройын шетелдерде кө­те­ретін қол­өнер туындыларын дамытуға мемлекеттен де, меценаттардан да қолдау қажет.

 

АЛМАТЫ