Аймақтар • 10 Ақпан, 2020

Қар қалың, қауіп те мол

438 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мамандардың болжауына қарағанда, биылғы көктемде су тасқынының қаупі жылдағыдан жоғары. Қаңтар айында ғана түскен қар өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі жарым есеге көп.

Қар қалың, қауіп те мол

Қазгидромет қызметкерлері, құтқарушылар мен жергілікті билік өкілдері су тасқынының нақты қаупін анықтау мақсатында ақпан мен сәуір аралығында аймақтағы өзендерге экспедициялық бақылау жүргізбек. Құрамында 500-ден аса құтқарушысы бар өңірдің төтенше жағдайлар қызметі су тасқынының алдын алу үшін бар мүмкіндікті қарастыруда. 111 бірлік техника, 12 жүзу құралы мен 107 мұз жару құрылғылары дайындалып, күндіз-түнгі кезекшіліктер жоспарлануда. Қосымша 90 бақылау бекеті ашылмақ.

– Қазір ең қауіпті жерлер анықталып жатыр. Су тасқынының алдын алу бағытындағы барлық жұмыстарды пысықтаудамыз. 41 елді мекенге қауіп тудыратын 20 гидротехникалық құрылғылардың сапасы сын көтермейді. Олар бақылауға алынды. Бұған дейін облыстағы су тасқыны қаупі 3 деңгейге, яғни, жасыл, сары, қызыл деп бөлінсе, биыл барлығында қауіп деңгейі қызыл түсті, – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Алексей Советов.

Облыстың 10 ауданы, яғни өңірдің басым бөлігінде мұз жару жұмыстары жоспарлануда. Синоптиктер ақпан, наурыз айларында бір тәулікте бір айлық жауын-шашын түсуі мүмкін деп болжап отыр.

–Егер облыстағы өзен бассейндері туралы айтар болсақ қар мөлшері өткен жылдармен салыстырғанда 2-3 есеге көп. Есіл, Сілеті, Жабай, Нұра өзендерінен су тасқыны қаупі бар,– дейді «Қазгидромет» кәсіпорны  Ақмола филиалының директоры Бақыт Мақажанова.

Өткен жылы су тасқынының алдын алу төтенше жағдайлар қызметі қайық, жолаушылар таситын УАЗ көлігі, өзге де қажетті техникалармен жабдықталған. Биыл жол талғамайтын көлік пен құтқару қайықтары алынды. 5 су қоймасына 39 миллионға жуық теңгенің жобалау-сметалық құжаты әзірленуде.

– Егер 2019 жылы төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық жарақтануына 124 миллион теңге бөлінсе, биыл облыстық әкімшілік бюджетінен 210 миллион 670 мың теңге бағытталып отыр. Бұл қаражаттың ішінен 40 миллион теңгесі мұз жару жұмыстарына жұмсалады. , Сондай-ақ, биыл Жақсы ауданына қарасты Чапаев су бөгеті жөнделмек, – дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекшісі Қанат Дүзелбаев.

Ауа райын болжау орталығының мамандары жаппай қар еру кезеңі 21 наурыздан 10 сәуір аралығында болуы мүмкін деген болжам айтуда.

Соңғы жаңалықтар