Аймақтар • 10 Ақпан, 2020

Үлкен іске үлес

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Еріктілер жылы аясында өңірлерде түрлі шаралар қолға алынды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы ұжымдарының #Игіістеруақыты бастамасымен төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарына қосқан үлесі осы сөзімізге дәлел болады.

Үлкен іске үлес

Жыл сайын қыстың соңы, көктемнің басында арнасынан асатын Сырдарияның кейбір елді мекендер үшін қауіпке айналатыны рас. Департамент пен филиал қызметкерлері Қызылорда қаласы тұсындағы  қауіпті саналатын аумақтың бірінде өзен жағалауын нығайтты. Кеңсе қызметкерлері қаптарға топырақ толтырып, олардан бөгет жасады. Бұл жұмыстарға төтенше жағдайлар саласының мамандары жетекшілік етті.

Су тасқынын болдырмауда тыңғылықты жұмыстар жүруде. Бұл бағыттағы арнайы құрылымдардың еңбегі көп. Дегенмен, төтенше жағдайлардың алдын алуға атсалысып, қол көмегімізді көрсетуді жөн санадық.

Еріктілер білім, медицина, мәдениет, спорт, экология, әлеуметтік қайырымдылық және басқа да бағыттарда көмектерін көрсетуде. Сол себепті, атаулы жыл аясында сырбойылықтарды, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерді игі істерге, қайырымдылық шараларына барынша атсалысуға шақырамын, - деді департамент басшысы Нұрман Талқанбаев.

Осы кезге дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Еріктілер жылы аясында еліміздегі мемлекеттік қызметшілер арасында #Игіістеруақыты бастамасының бастау алғанын хабарлаған болатын.      

Дария жағалауын бекіту ісіне үлес қосқан сырбойылық мемлекеттік қызметшілер #Игіістеруақыты бастамасы шеңберінде жыл бойы түрлі шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.