Руханият • 11 Ақпан, 2020

Дина оркестрі қалай құрылды?

1443 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1957 жылы Құрманғазы оркес­трі­нің ізінше Ахмет Жұбанов­тың ық­палымен, қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың тапсыр­масымен Аты­рауда Д.Нұр­пейісова атындағы облыс­тық­ қазақ халық аспаптар ор­кестрі құрылды. Бүгінде рес­публикадағы ірі мә­де­ниет оша­ғының бірі саналатын ұлы күйші-композитор Дина атындағы ұлт аспаптар ұжы­мының осы дең­гейге жетуін­де оның бастауында тұрған тұлға­лар­дың еңбегі зор.

Дина оркестрі қалай құрылды?

Төкпе күйдің туын тіккен батыс өңірінде заманауи оркестр құруға 1950 жылдары Гурьев облыстық ат­қару комитетіне басшылыққа келген белгілі мемлекет және қоғам қай­рат­кері Нұртас Оңдасыновтың бас­тамасы негіз болған. Соғыстан кейінгі елдің еңсесін көтеру әрі дәстүрлі күй өнері мектебін жаңғырту мақсатында сол жылдары ауыл-аймақтарда көр­кемөнерпаздар байқаулары көп­теп ұйым­дастырылатын. Бұл бай­қаулардан соң облыс, аудан  көле­мінде домбыра оркестрлерін құру міндеттелген. Ол үшін ұйымдастыру ісіне қабілетті кәсіби музыкант мамандар қажет еді.

Бұл жөнінде осы өнер ұжымын ұйымдастырудың басы-қасында болған қобызшы, Қазақстан  Рес­публикасының еңбек сіңірген қай­раткері, еліміздің батыс өңі­рін­де қобызшылар мектебінің не­гі­зін қалаған музыкант Раушан Нұр­пейісова: «Н.Оңдасынов Аты­рауда музыкалық коллектив құру үшін тәжі­рибелі музыкант іздепті. Содан «Алматыда Сейілхан мен Раушан бар, біреуі – домбырашы, біреуі – қобызшы» деп естиді. Н.Оңдасынов А.Жұбановқа хабарласып, 1956 жылы Мәдениет министрлігі арқылы бізді шақыртты.  Күндіз-түні жұмыс істедік. Маңғыстаудың, Гурьевтің өнерпаздарын дайындап, 1957 жылы маусым айында өткен облыс жастары мен студенттерінің І фестивалінде 500-ден астам домбырашыдан тұратын оркестрдің концертін бердік. Бір айта кететін дерек, сонда арамызда Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова да болды. Оркестр Дәулеткерейдің «Қос алқа», Құрманғазының «Адай» күйлерін орындады. Ашық аспан астында бес жүз домбыраның үні күм­бірлегенде тебіренбеген жан қал­мады. Сол домбырашылардың ара­­сынан  жүз адамды таңдап алып, нота үйрететін курс аштық. Клас­сикалық шығармалар мен қазақ күй­лерін үйреттік. 1957 жылы 23 қазан­да облыстық партия және атқару коми­теттерінің біріккен қаулысымен оркестрімізге Дина Нұрпейісованың есімі берілді. Құрамында 50 адам бар оркестр 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, лауреат атанды. Сейілхан көркемдік жетекші әрі дирижер, ал мен концертмейстері болдым. Күніне 10-12 сағат да­йындалатынбыз. Оркестр басында «Мұнайшылар сарайының халық аспап­тары оркестрі» деп аталды. Бәріне көмектескен Нұртас Оң­дасынов еді. Ұстазымыз Ахмет Жұба­нов кездескен сайын ақылын айтатын. Сол Ахаңның тапсырмасымен 1957 жылы Дина атындағы оркестрді құрдық», деп еске алады.

Иә, Дина атындағы оркестр С.Құ­сайынов пен Р.Нұрпейісованың ұйым­­дас­тырушылық қабілеттері мен еңбек­­қорлықтарының арқасында аяқ­­­тан тұрып кетті десе де болады. Қос өнерпаз ұлағатты ұстазы Ахмет Жұба­­новтың ақыл-кеңесімен, Нұртас Оңдасыновтай қоғам қайраткерінің қолдауымен теңдесі жоқ өнер ордасын дүниеге әкелді, қайраткер аға­ларының сенімін ақтады. Осыдан бастап  қос ішекті домбыраға тіл бітірген Атырау өңірінің өнерпаздары Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды ұлы күйшілердің шығармаларын заманауи оркестр тілінде сөйлетіп, батыс композиторларының туынды­ларын меңгерді. Репертуар, орындау­шылардың музыкалық сауаттылығы, аспаптардың түрі мен дауысына ерекше көңіл бөлінді. Ұжымдық өнер саналатын оркестр үшін өте маңызды қобыз аспабының енгізілуі тікелей Р.Нұрпейісованың еңбегі десек артық емес.

Сейілхан Құсайынов пен Раушан Нұрпейісова сол жылдары дәл осы Атырауда музыкалық училищенің де негізін қалады. 1958 жылы ашылған музыка училищесіне С.Құсайынов  директор болып тағайындалған. Оған училищенің материалдық-техникалық базасын жасақтау, оқу бағдарламасын үйлестіру, ноталық әдебиеттер, оқу­лықтар, музыкалық аспаптар жи­нақтау, оқытушылар ұжымын ұйым­дастыру сияқты міндеттер жүк­телді.  Музыкалық аспаптар тапшы кез,  ке­дергі көп. Оркестрге қажетті домбыра, қобыз, бас домбыра, бас қобыз ас­паптарын жасау қолға алынды. Учи­лищенің алғашқы оқытушылары И.Колтайс, О.Герлах, Р.Нұрпейісова, Б.Рзаханов, М.Құспаналиев, Е.Нұрашев жан аямай  еңбек етті. Олар күндіз сабақ өткізіп, түнде күйлер мен шығар­маларды нотаға түсірумен айналысатын. Міне, осындай зор еңбекпен құ­рылған, бүгінде Атырау музыка колледжі деп аталатын өнер ұжымы 2018 жылы өзінің құрылғанына 60 жыл толуын атап өтті. Ұлттық музыка өнерінің кәсіби дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан колледждің мерейтойына Раушан Түсіпбекқызы арнайы шақырылды. Оқу орнының түлектері – Қазақстан Республикасының  ең­бек сіңірген қайраткерлері Тілеш Бәди­лов,  Ғиззат Әдепқалиев, Шәміл Әбіл­таев, Айтқали Жайымов, Кәрима Сахарбаева, қобызшылар Оңайша Қарашева мен Гүлсара Ізтілеуованың есімі көзіқарақты қазаққа жақсы таныс.     

Осы ретте домбырашы ұстаздың өмірбаянына да зер салып өткен орынды деп санаймыз. Сейілхан Құсайынов 1929 жылы Орал облысы Орда ауданында дүниеге келген. Әкесі Құсайын 1937 жылы отбасымен қуғын-сүргінге ұшырап, алдымен Доссорға, кейін Гурьевке көшіп келеді. Сейілхан осын­дағы Жамбыл атындағы мектепте оқиды. 7-8 жасынан нағашы ата­сы Халел Молдашевтан домбыра үй­ренеді, өңірге белгілі күйші Ғылман Қайрошевтен дәріс алады.

1944 жылы Атырауға Алматыдан Қазақстанның халық әртісі Лұқпан Мұхитов бастаған топ гастрольдік сапармен келеді. Құсайынның отбасында қонақта болған  өнер иелері жас Сейілханның талантын, күйге деген ынта-ықыласын байқап, оны консерваторияға оқуға шақырады. Ах­мет Жұбановтың сынағынан өткен жас күйші үздік оқып, 1951 жы­лы кон­серваторияны бітіре салы­сы­мен Құрманғазы оркестрінің құра­мын­да өнер көрсетеді. Біртіндеп өнер сала­сындағы ұйымдастыру жұмыс­тарына тартылады, Қостанай облыстық  филар­мо­ниясында көркемдік жетекші болады.

Сейілхан Құсайыновтың Гурьев­ке қайта оралуы да осы ұйым­дас­ты­ру­шылық қабілетінің қажеттілі­гінен еді. Об­лыстың аудан-аймағын аралап жүріп оркестрге адам жинайды. Домбыра тартыстары да, жас шамасы да әртүрлі, күй тартуды өз бетінше үйренген дом­бырашылардың басын біріктіріп, бір ыр­ғақта күй тартқызу оңайға соқпағаны мәлім. Арасында малшы да, мұғалім де, дәрігер де болды. Оларға нота үйрету  алғашқы кезектегі міндет еді.

Сол кезде оркестр мүшелерінің му­зы­­калық сауатын арттыру үшін об­лыстық мәдениет басқармасы жанынан 5 айлық курс ашылған екен. Онда бас домбыра, контрабас домбыра, альт-қобыз, прима-қобыз, қылқобыз, сырнай аспаптары бойынша білім беріледі. Курсқа қатысушыларға С.Құсайынов, Б.Рзаханов, М.Шим, Р.Нұрпейісова сабақ береді. «Ол кезде екінші балам жаңа туған, қырқынан шықпай жа­тып жұмысқа шықтым. Сәбиімді емі­зе салып, шәкірттеріме сабақ беруге жүгіремін. Оркестр аяғынан нық тұрғанша күн-түн демей еңбек еттік» деп еске алады сол күндерді бүгінде 90 жастан асқан Раушан Түсіпбекқызы.

Осылайша оркестрдің аспаптық мүмкіншілігі де, орындаушылардың деңгейі де өсе түседі. Сол жылдары құрамында 50 адам бар Дина оркестрі Алматы мен Мәскеуде бірнеше рет концерт береді. Атақты Колонналар залында өнер көрсетеді. 1958 жылдың күзінде Мәскеуде өткен Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысуының өзі-ақ бұл ұжымның көркемдік және орындаушылық деңгейін мойындау әрі үлкен құрмет еді. Осыдан былай Дина оркестрі өсу, өркендеу үстінде болды. 

С.Құсайыновтың жанкешті ең­бек­қорлығына, ұйымдастырушылық қызметіне Ахмет Жұбанов лайықты бағасын беріпті. Академик-ұстаз оны шәкірті ретінде де, сырлас інісі деп те жақ­сы көрген екен. 1960 жылы шық­қан «Құрманғазы» атты кітабында: «Алматының консерваториясын бітір­геннен кейін Сейілхан Гурьевке барып, онда 70 адамнан құралған үлкен оркестр ұйымдастырып, бір жағынан музыкалық техникумның басшылық қызметін атқарып, халық аспабы мәдениетінің өсуіне мол үлес қосып жүр. Сейілхан тек педагог, ұйымдастырушы ғана емес, ол – жақ­сы дирижер, композитор. Оның бас­қаруындағы осы айтылған оркестр бірнеше рет бәйге алды», деп жазады. Ахмет Жұбановтың бұл бағасы Дина оркестрі мен оқу орнының құры­луындағы С.Құсайыновтың еңбегін әйгі­леп тұр.    

Атырауда бұрын болмаған ұлт ас­паптары оркестрі мен музыкалық учи­лище ашқаны үшін С.Құсайынов «Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мәдениет қыз­меткері» атағын алды. Атырау музы­калық училищесін құруға қосқан үлесі және П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде ха­лық аспаптары бөлімін ашқаны үшін Раушан Нұр­пейісова  «Қазақ КСР-на еңбегі сің­ген мәдениет қызметкері» және «КСРО Білім беру ісінің үздігі» атанды. Қазіргі таңда Атырауда С.Құсайынов атындағы дирижерлер конкурсы, Р.Нұр­пейісова атындағы кәсі­би қобызшылардың республикалық конкурсы өтіп тұрады.           

С.Құсайынов 1972 жылы Қазақ КСР-і, Қырғыз КСР-і және Алтай өңі­рінің біріккен «Мелодия» атты таспа жазу орталығының басшысы болып тағайындалды. Мәскеуден атақты Әміре Қашаубаевтың даусының табылуында ол кісінің еңбегі зор. 1977-1980 жылдары «Қазақконцерт» ұйымын басқарды. 1980-1983 жылдары Б.Сарыбаевпен бір­лесіп «Отырар» ансамблін құрып, жетек­шілік етті. Денсаулығына байланыс­ты 1988 жылы еліне келіп, Маң­ғыстау музыка мектебінің директоры болды, мұнда да «Маңғыстау маржандары» атты ансамбль құрды, музыкадан дәріс оқыды. Композитор ретінде С.Құсайыновтың «Көркейіп гүлдене бер, Гурьевім!», Ж.Саинның сөзіне жазыл­­ған «Қарамашы, қадамашы» ән­дері, «Мереке», «Шаттық» және басқа туын­­дылары белгілі.

Сейілхан Құсайынов 2006 жылы дүние салды. Күйші-композитормен қоштасу рәсімінде композитор Ерке­ғали Рахмадиев: «Сейілхан Құсайынов – тірі кезінде өз бағасын ала алмай кеткен азамат» деп өкінішін білдірген екен. Раушан Түсіпбекқызы да жарының мінезі, болмысы бөлек болғанын айтады. «Ешкіммен дауласпайтын, ешқашан дауыс көтермейтін, тайталаспайтын.  Өте сабырлы, ақкөңіл, барын аямайтын адам еді. Жүріс-тұрысы, киім киісіне дейін сырбаздық, сыпайылық білініп тұратын. Осындай мінезімен қолындағысынан айрылып қалған кезі де болды»,  деп еске алады Раушан апа. С.Құсайыновтың шәкірттері Ш.Әбілтаев пен А.Жайымов ұстаздарының адамгершілік қасиетін, өнерге адалдығын, педагогтік шебер­лігін жоғары бағалайды, «туабітті  интеллигент» деп айрықша құрметтейді.

Таланты мен ерік-жігерінің арқа­сын­да күш-қуаты мен уақытын сарп етіп құрған ұжымдары, тәрбиелеген шәкіртт­ері, артында қалған туындылары – оның өнердегі сайрап жатқан ізі. Десек те, Қазақстанда Құрманғазы оркестрінен кейін дүниеге келген үл­­кен ұжым – Дина Нұрпейісова атын­дағы халық аспаптар оркестрінің құ­рылуындағы С.Құсайыновтың еңбегі лайықты бағаланып жүр ме деген сауал туады.  Өйткені Атыраудағы осы­ айрықша өнер ұжымы өзінің құ­рыл­­ғанын 1990 жылдан бастап есеп­тейді. Оркестрдің негізі 1957 жылы қалан­ды емес пе? Оркестрдің бастауында тұрған тұлғалардың есімі мен еңбегі белгілі ғой. Осыған  орай: «Қазақтың ұлт­тық оркестрлерінің жолын есептегенде бірінші «Құрманғазы», екінші «Дина», сонан соң барып «Отырар сазы» оркестрі құрылды.  Ал қазір «Құр­манғазыны» айтады, «Отырарды» айта­ды, «Динаны» айтпайды. «Дина» ор­кестрі де қазір академиялық оркестр ғой. Құрған адамның еңбегі аталып, елену керек. Бірақ Сейілханның есімі көп жерде аталмай қалады»,  деп қапаланады Раушан Нұрпейісова. 

Айта кетер ерекшелігі, Дина оркес­трі құрылған кезінен бастап қоғамдық негіздегі халықтық ұжым есебінде өнер көрсетіпті. 1990 жылы 26 мау­сымнан бастап кәсіби оркестр атана­ды. Бұл жө­нінде  интернеттегі мәліметтерде «Оркестр 1990 жылы Облыстық халық де­путаттары советінің №175 26.06.
1990 ж. шешімімен құрыл­ды» деген дерек кез­десті. Сондай-ақ 2019 жылы Ал­матыдағы «Қазақ кітабы» баспасы­нан шыққан «Асуы биік оркестр» атты деректі кітапта да (құрастырған Ө.Әлімгереев, А.Шәріп­баева)  алғаш­қы­да қоғамдық негізде жұмыс істеп, 1990 жылдан бері Қазақстанның ха­лық әртісі Рысбай Ғабдиевтің жетек­­шілігімен кәсіби өнер ұжымына айнал­ғаны атап өтілген. Р.Нұрпейісова бұл жөнінде: «Нұртас Оңдасынов ағаймен бірігіп, қоян-қолтық қызмет жасаған, оркестр­дің көркемдік жетек­шісі әрі дири­жері де – Сейілхан. Қазақ­станда халық музыкасын кәсіби деңгейге көтер­ген тұңғыш адам Ахмет Жұбанов, ал Аты­рауда қазығын қаққан Сейілхан Құсайынов. Музыкадан хабары бар адам солай ұғынуы керек» деп санай­ды. Сол алғашқы домбырашылар үйір­месінде оқыған оркестр мүшесі, бү­гінде Атырау облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Қатимолла Ризуанов тари­хи даталардың дұрыс аталып өтуін қол­дайды.  «Оркестрдің құрылған жылы Мәскеуде де, елімізде де тарихта таң­баланды. Сондықтан Д.Нұрпейісова атын­дағы оркестрді 1990 жылы емес, 1957 жылы құрылды деу әрі дұрыс, әрі заң­ды және адамгершілік тұрғысынан да әділдік» дейді оркестрдің ардагер домбы­рашысы. 

 

Дина ИМАМБАЕВА,

әлеуметтанушы, «Ақиқат» журналы бас редакторының орынбасары

АЛМАТЫ