Тарих • 11 Ақпан, 2020

Чугуевтік ұшқыштар Шымкентте шыңдалған

659 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыста аға ұрпақ өз анттарына адал болып, сол тұстағы ортақ отанымызды қорғау үшін ерлік көрсеткені анық. Біз бүгін осындай бір ерекше жайтқа тоқталмақпыз. Ол майдан даласынан мыңдаған шақырым алыста жатқан шырайлы мекен – Шымкент қаласының соғыс жағдайындағы тіршілігі болмақ.

Чугуевтік ұшқыштар Шымкентте шыңдалған

Иә, Шымкент майдан даласынан мыңдаған шақырым қа­шықтықта жатса да мамыра­жай мекен әп-сәтте соғыс жағ­да­йында­ғы қалаға айналды. Одан бөлек жау басып алған ай­мақ­­тан түрлі зауыттар мен фаб­ри­­калар көшіріліп, олардың жұмысшылары және тұрғындары Шымкентке қоныс аударды. Солардың ішінде Украинаның Харьков облысында орналасқан әй­гілі Чугуев атындағы ұш­қыш­тар мектебі де Қорғаныс коми­тетінің 1941 жылғы 16 қыр­күй­ектегі бұйрығы бойынша Шым­кентке көшірілді. Мақсат, әрине белгілі. Өйткені майданға ұш­қыш­тар даярлау керек. Шұғыл бұйрық алған әскери ұшқыштар Харьков-Балашов-Красный Кут-Орал-Ақтөбе бағыты бойынша Шығысқа қарай жөңкіле бастайды. Ал Ақтөбеден алғашқы жеті ұшақтан тұратын топты Шым­кент­ке мектеп бастығы, комбриг И.Е.Богословтың өзі бас­тап ұшып келеді. Ал бірнеше сос­тавқа артылған жүкпен бірге ұш­қыштар мен олардың отбасы мү­шелері бар жалпы саны екі жарым мыңнан астам адам 28 күн дегенде Шымкентке жетеді. Жер­гілікті билік ұшқыштар мен курсанттарға арнап қаладағы Луначарский мен Долорес және Чернышевский көшелерінен арнайы ғимараттар босатып, орналастырады. Ал көшіп келген мектеп базасы Шымкент қаласы бойынша 150 шақырымдық радиуста орналасып, кездескен қиындықтарға қарамай оқу-жат­ты­ғу сабақтарын бастап кетеді.

Уақыт қазан айы болса да Оң­түс­тік­тің ыстығы қайтпаған мезгіл. Мұнда жеткізілген 300 ұшаққа да, ұшқыштарға да ең ауыр тигені ауа райы болды. Өйткені күн тым ыстық. Оның үстіне арнайы ұшып-қонатын жолақ та жоқ. Бәрі шаң-топырақ. Міне, мұның бәрі ұшақ моторларының жиі істен шығуына әкеледі. Әйтсе де ұшқыштар мен техниктер бәрін еңсеріп, қысқа мерзім ішін­де, яғни жыл соңына дейін Шым­­кент аспанында 680 әскери ұш­қыш даярлап, майданға аттандырады. Ал инструкторлар мен курсанттар күнделікті ұшу-жаттығу жұмыстарынан бөлек жергілікті колхозшыларға да жәр­дем­десіп, өздері де қысқы мау­сымға қамданады. Міне, Чугуев ұшқыштар мектебінің тарихи әрі даңқты жолы Шымкентте осылай басталады.

Тағы бір айта кетер ерекше жайт, Екінші дүниежүзілік соғыс тари­хында аты аңызға айналып, үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған әйгілі ұшқыш Иван Никитович Кожедуб Шымкентке ең алғаш келген нұсқаушылардың бірі болды. Осындай білікті мамандардың арқасында мұнда даярланып жатқан ұшқыштардың біліктілігі күн сайын артып, олар жаңадан шыққан ЛаГГ-3, Як-7, Як-7В және Ла-5 сынды әскери ұшақтарды да игере бастайды. Игергенде онымен соғысып, ұрыс жүргізудің әдіс-тәсілдерін де меңгереді. Істен шыққан ұшақ моторларын да өздері жөндеп, әзірге еш жерде қолданбаған тәжірибені жүзеге асырады. Арада біршама уақыт өткенде жаттығулар нәти­же­лі ұрыс жүргізуге аздық етіп, мек­тептің бірқатар ұшқыш-нұс­қау­шылары мен ұстаздары және тех­никтер тобы майданға жиі-жиі сапар шегеді. Олар майдан даласын өз көздерімен көріп, одан алған тәжірибелерін курсанттарға үйретеді. Шым­кент­тік ұшқыштардың қысқа мерзімде көрсеткен жанкешті ең­бектері Үкімет тарапынан баға­ланып, көптеген маман орден-медальдармен марапат­та­лады. Осындай жанкешті жұ­мыс­та­ры­ның арқасында чугуевтік ұш­қыштардың майдан дала­сын­­да көрсеткен ерліктері үшін Шымкенттегі гарнизонға 1944 жылдың 14 тамызы күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жар­лы­­ғымен арнайы Қызыл ту беріледі. Оны орталық алаңда Орталық Азия әскери округі командашысының орынбасары генерал-майор Горшков салтанатты жағдайда тапсырады. Сонымен қатар Қазан мерекесінің 27 жылдығына орай 150 адам мемлекеттік марапаттарға ие болады. Айта кетерлігі, жергілікті биліктегілер де ұшқыштарға қолдан келгенінше жәрдемдескен. Көптеген шаруашылық пен меке­ме олардың базасын азық-түлікпен және басқа да мате­риалдық жабдықтармен қам­та­ма­сыз етуге бар күшін салған. Шымкент қалалық Кеңесі қо­сым­ша ғимараттар бөлу мен шар­уа­шылық ұстау үшін 83 гек­тар жер және 25 сиыр, 40 шошқа және 10 қой бөлу жөнін­де шешім шығарады. Бұл өз кезе­гін­де ұшқыштардың лайықты даяр­лықтан өтуіне үлкен септігін тигіз­гені анық.

Қаһарлы 1941 жылы қоныс аударған ұшқыштар мектебі 1945 жылдың мамырына дейін Шымкент жерінде тұрақтап, осы төрт жыл ішінде майданға 2515 әскери ұшқыш даярлаған. Ал жалпы, осы мектептің тарихына көз жіберсек, мектептен соғыс жылдарында 170-ке жуық Кеңес Одағының Батыры шыққан. Ал олардың 7-еуі бұл атаққа екі мәрте ие болса, Кожедуб оны үш рет иеленген. Сонымен қатар осы мектептің 30 ұшқышы ұрыста әуе таранын қолданса, ал 11-і әйгілі Бақтыораз Бейсекбаевтың ерлігін қайталаған. Ендеше Шымкенттегі ұшқыштар мектебін аңызға бергісіз үлкен ерлік жолын құрайтын нағыз батырлар мектебі дегеніміз жөн болар!

Әрине, 170 батырдың бәрі де Шымкенттен шықты деуге болмас. Дегенмен, олардың басым бөлігі қазақ жерінің ауасын жұтып, суын ішіп, оның ішінде Шымкент аспанында қалықтаған қырандар екені шындық. Сондықтан, Тассай даласы мен Манкент маңында даярлық жасап, Шымкент аспанында шыңдалған ерлерді баулуға Қазақ елі де елеулі үлес қосты деп айтуға тұрарлық.

Ал даңқты ұшқыш Кожедубқа қай­та оралсақ, Иван Никитович Шы­мкентте 1941 жылдың қыр­күйе­гінен 1942 жылдың қараша айы­на дейін нұсқаушылық қыз­мет атқарады. Әрине, бұл тұста нұсқаушы-ұшқыш өзін май­дан­ға жіберуін сұрап, мектеп бас­шы­лы­ғына бірнеше мәрте өтініш береді. Белгілі себептермен ол өтініші қанағаттандырылмайды. Алайда өжеттігі де, батылдығы да басым жас қыран бойындағы осы қасиетінің арқасында ақыры дегеніне жетіп, 1942 жылдың со­ңында майданға аттанады. Ал оның майдан даласында жасаған ерлігі баршаға мәлім.

Иван Кожедуб жалпы соғыс тарихында жаудың 64 ұшағын атып түсірген қаһарман. Міне, осындай ерлігі үшін ол үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атанып, авиация маршалы дәрежесіне жеткен. Айтқандай, даңқты ұшқыш 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында өзін қаһарман ретінде шыңдаған Шымкентіне сапарлап келеді. Ондағы мақсат, Шымкент аспанында қыран боп қалықтаған чугуевтік ұшқыштарға қойылған ескерткіштің салтанатты ашылуына қатысу болатын (Ол бұрын Ордабасы алаңының үстінде Шымкенттің символы болып тұ­ра­тын ұшақ еді. Кейін Абай саябағына көшірілді. М. А.). Ескерт­кіш ретінде И.Кожедубтың өзі ұшқан ұшақ маркалары қанша іздестірілсе де табылмай, амал жоқ, қаладағы авиабазада ұшу мерзімі біткен СУ-7 ұшағы тұғыр­ға қойылады. Міне, бұл әйгілі чугу­евтік ұшқыштарға көр­се­тіл­ген зор құрмет-тұғын.

Батыр – бәрімізге ортақ. Әйгілі ұшқыш Иван Кожедуб 1991 жылы 71 жасында өмірден өтті. Бір ғажабы, ол атағы бүкіл әлемге жа­йылған даңқты ұшқыш болса да қазақ даласын, оның ішінде өзі ауасын жұтып, суын ішкен Шым­кент пен Манкент даласын еш уақытта ұмытпай, оны өзінің көптеген естелігінде кеңінен әңгімелеп отырады. Тіпті, қазақтың салт-дәстүрі мен таным-түсінігінен де хабардар екендігін білдіретін әңгімелері де жеткілікті. Оған Иван Кожедубтың 1975 жылғы Шымкентке келген сапарында белгілі радиожурналист Юрий Шпилькинге берген сұхбатынан анық аңғаруға болатындай. Онда Юрий ағамыз:

«Менімен сұхбаттасып отыр­ған батыр ағамыз:

– Сен өзі наурыз көже дегенді білесің бе? – деп кенеттен өзіме сауал тастады.

– Иә, наурыз көже деген жеті  түрлі дақылдан жасалатын сусын, – дедім.

– Дұрыс, біледі екенсің... енді сол жеті дақылға «дуб»-ты (емен) қоссаң, нағыз «Коже дуб» болады деп бір күлдірді», – деп жазады.

Міне, даңқты батыр сол сапарында бірнеше кездесу өткізіп, Шым­кент авиаторларымен кеңес құрады. Алайда уақыттың тығыз­ды­ғынан көп бөгеле алмайды. Ат­қаратыны қоғамдық жұмыс болса да, халықаралық маңызы бар іс болған соң Мәскеуден шұғыл шақырту келіп, аттанып кетеді. Алайда, Иван Никитович батырлығына бастау болған Ман­кен­ті мен Шымкентін бір көріп аттан­ғаны анық.

Кейде біз майдан шебі қазақ даласынан әлдеқайда алыста болды деп ойлаймыз. Біле білген жанға нағыз майдан тылдан бас­тау алатынын ұмытпағанымыз жөн. Ол майдан – соғысқа ат­тан­ған бауырларымыз бен тыл­да қалған адамдардың ауыр еңбе­гі. Одан қалса Қаратаудың алыс қойнаулары – Ащысай, Мыр­ғалымсай, Байжансай сынды кеніштерінде өндіріліп, Шым­кент­те оқ болып құйылған қор­ға­­сындар. Оңтүстікте өнді­ріл­­ген соғысқа қажетті құрал-жаб­дық­тар мен дәрі-дәрмектер. Міне, мұндай еңбекті майдан демеске бола ма?! Ал Шымкент аспанында шыңдалып, жауға қырғидай тиген Кожедубтай ер­лер даярлаған Манкенттегі ұш­қыштар оқуы да нағыз майдан бастаулары болғаны анық. Биылғыдай Же­ңіс­тің 75 жылдық мерекесі тұсында хал­қымыздың жеңіске қосқан үле­сін айтып, батырлар даңқын дә­ріптегенге не жетсін! Оның үстіне биыл Шымкент – ТМД мем­лекеттерінің мәдени астанасы атанып отыр емес пе!

Украинаның Харьков облысында орналасқан әйгілі Чугуев атын­дағы ұшқыштар мектебінің Шымкентке көшірілгенінің өзін­дік жалғасы бар. Кездейсоқтық па, заңдылық па, өзіңіз пайымдай бе­ріңіз.

 2015 жылдың 2 қыркүйегі күні Айдын Айымбетов ғарышқа үш рет сапар шеккен әйгілі ға­рыш­кер-ұшқыш Александр Вол­ков­тың ұлы Сергей Вол­ков­пен бірге көкке көтерілді. Бұған дейін Ресей Батыры атанып үл­гер­ген оғлан Сергейдің бұл екін­ші сапары болатын. Ал оның әкесі Александр Волков 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровпен бірге ға­рышқа самғаған еді. Бүгінде Ре­­сейде не көп, ғарышкер көп. Ал­айда ғарышқа қазақтармен қа­нат­­­тасып бірге ұшу бақыты осы от­басы мүшелеріне бұйырып тұр­­­­­ғ­анын қараңыз! Сосын әрі ең ма­­­ңыз­дысы Волковтардың туған же­рі де Украинаның Харьков об­лы­­сындағы Чугуев қаласы. Ал Чугуев қаласының қазақ даласына, Шымкент қаласына қандай қатысы ба­рын жоғарыда баяндадық. Осы­­дан кейін қалайша кездейсоқ деп айтарсың?!

Қалай болғанда да қазақ да­ла­сының қияларға құлаш ұрған қырандардың мекені екені, ал қыран тектес оғландарының өзі сынды ержүректі ерлермен қа­нат­таса жүретіндігі жоғарыдағы оқи­ға­лардан-ақ көрініп тұр емес пе!

1

 

Мұхтар АТАБЕК,

 журналист, Мәдениет қайраткері

Шымкент