Бірақ бұл алғаш рет орын алып отырған жағдай емес. Бұдан үш жыл бұрын да байқалған құбылыс 2018 жылы 1-шағын ауданның жағалауында, «Шағала» қонақүйінен «Нұр плаза» жағажайына дейінгі аралықта да көзге түскен.
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, биыл соған ұқсас жағдай «Caspian Riviera» қонақүйінің лагунасынан байқалыпты және су қызыл түске диатомдық балдырлардың әсерінен боялғаны айтылып, оның балық үшін қауіпсіз екені хабарланды.
Теңіздегі өзгеріске қатысты экологтер жағалауда қызыл түсті шылау мен балдыр бар екенін, теңіз суы түсінің қызаруы осы өсімдіктермен байланысты екенін және бұл жағдайдан қоршаған ортаның ластанбайтынын айтады.
– Бұл – табиғи құбылыс. Соңғы рет 2018 жылы қыс мезгілінде байқалған болатын. Біз ай сайын теңізге мониторингке шығамыз, теңіздің қызарып жатқанын, яғни жағалаудағы қызыл балдырлардың шоғырын қаңтар айының соңына таман байқаған едік. Сол кезде алған сынамадан теңізден қандай да бір ауытқушылық, шектен шыққан белгі анықталған жоқ. Каспий теңізінде балдырлардың көптеген түрі бар. Әсіресе түстері қызыл, қоңыр, қоңыр-қызыл түсті болып келетін полисифония, лаеренсия деген түрлері кездеседі және олар терең емес тұстарда, теңіз жағалауында шоғырланып өседі. Осы балдырлар өскен тұстарда теңіз суының қызыл түске боялатынын және қар жауған кезде көрінетінін байқаймыз. Ақтауда қар жауды, демек ақ қармен қызыл балдырлар анық көрінді, – дейді Маңғыстау облысы экология департаменті Зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Раушан Төлепова.
Мамандардың сөзіне сенсек, құбылыстың теңіз жануарларына – балықтар мен аққу, шағала сынды құстарға, итбалықтарға зияны жоқ екен. Олар бұл уәжді құстардың, итбалықтардың дәл осы көрініс салдарынан қырылуы бұрын да, қазір де тіркелмегендігімен түсіндіреді. Ал, расында, нақты зияны бар ма, жоқ па – оны білу үшін арнайы ғылыми жұмыстар жүргізілуі керек. Өкінішке қарай Маңғыстау өңірінде теңізде орын алған бұл құбылысқа, өзге де табиғи, экологиялық ахуалдарға нақты жауап беретін ғылыми орталық жоқ. Қызыл түс көрінген сайын балдырларды «бәлеге қалдырып» келеміз...
Осылайша, Ақтау әп-сәтте «қызыл теңіз» жағалауындағы қалаға айналып шыға келді. Әрине, бұл қызыл түсті «қызықтап» айтқандай болып көрінер, бірақ атшаптырым аумақты қанға бояп тастаған «теңіздегі тентектер» расында балдырлар ма, әлде басқа ма, оның зардабы – зерттеуді қажет ететін мәселе.
Маңғыстау облысы