Қоғам • 11 Ақпан, 2020

Комиссияға сенім артамыз

319 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қордайдағы оқиға бәрімізді алаңдатқаны рас. Бейбіт күнде мұнша адамның қаза табуы қайғылы жағдай. Ынтымағы жарасқан, тату ел едік. Табан астында мұндай дау туғанын түсіне алмай дал болдық. Қаза тапқандардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз.

Комиссияға сенім артамыз

Біз бірлікті, ауызбіршілікті, ынтымақты, сабыр­лықты ту еткен мемлекетпіз. Есе қайтару, өре түрегелу ешкімге абырой әпермейді. Бәрімізге са­быр­­лық таныту қажет.

Өкінішке қарай, бұл оқиға жастар тәрбиесіне бейжай қарағанымызды көрсетті. Бұрын ауылымыз аралас, қойымыз қоралас мамыражай күн кешкен едік. Менің жас кезімде мұндай кикілжің болған емес. Мерекелерімізді бірге тойлап, тату-тәтті күн кештік. Алайда қазір жастар әлеуметтік желіден бұрыс нәрсе оқып, соның жетегінде кеткен сыңайлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған шешімдерін толықтай қолдаймын. Президентіміз дер кезінде әрекет етіп, нақты тапсырмалар берді. Осындай келеңсіздікке жол берген лауазымды тұлғаларды қызметінен босатуын да құптаймын. Қордай оқиғасында Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да бір мәрте өзінің кәнігі сая­саткер, халықаралық деңгейдегі дипломат екенін дәлелдеді. Мемлекет басшысының жедел шешім қабылдауы жағдайды одан әрі ушықтырмай, ахуалды тұрақтандыруға зор үлес қосқаны анық.

Бұл оқиғаға кім кінәлі екенін дөп басып айту қиын. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Үкіметтік комиссия осы жағдайға байланысты тексеру жүргізіп жатыр. Онда келеңсіздіктің нақты себептері анықталып, кінәлілер табылатынына сенімдімін.

Еліміздің, халқымыздың бірлігі, ынтымағы бекем болсын!

 

Әбубәкір Войнце,

«Дүнгендердің қазақстандық қоғамы» қоғамдық ұйымының төрағасы