Руханият • 11 Ақпан, 2020

Қызылорда: Абай жылында ауқымды шаралар ұйымдастырылады

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялық қызмет орталығында өткен брифингте облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова өткен жыл сала үшін жетістіктер мен жаңалықтарға толы жыл болғанын айтып өтті.

Қызылорда: Абай жылында ауқымды шаралар ұйымдастырылады

Әйтеке бидің 375 жылдығы мен Жастар жылына арналған республикалық ақындар айтысынан басталған рухани-мәдени шаралар легі жыл бойы үзілген жоқ. Халықаралық, республикалық, облыстық конкурс-фестивальдер, «Парасатты поэзия» фестивалі ұйымдастырылды. Өзбекстан Республикасында өткен облыстың өнер күндері алыс-жақын шет елдерге өңіріміздің өнерін ғана емес, тарихын, бүгінгі келбетін танытуға жол ашты.

Ал осы жылы Алтын Орданың 750, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай   түрлі деңгейде 816 ауқымды мәдени-көпшілік шара  ұйымдастырылатын болады.

Н. Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театры сахнасында «Абай» спектаклі қойылды. Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханада «Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай» тақырыбында кеңейтілген тұрақты көрме ашылды.

Жақын арада C. Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында өтетін «Қанат жайған руханият» атты тақырыптық көрме де ұлы ақын мерейтойына арналып отыр.   

- Ақпанның соңғы онкүндігінде «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің «Абай - дана, Абай - дара қазақта» көшпелі көрмесі 10 күн бойы C. Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ұйымдастырылады. Қорық-музейдегі құнды жәдігерлермен танысудың мұндай мүмкіндігі үнемі туа бермейді. Сондықтан бәріңізді осы шарадан шет қалмауға шақырамын, – деді басқарма басшысы.

Шаралар легін одан әрі «Көзімнің қарасы» атты вокалистердің облыстық конкурсы  мен Абай әндеріне қойылған «Ұлы дала ырғақтары» атты  би байқауы жалғастырады.

Жалпы осы атаулы жыл аясында «Ұлы халықтың - Ұлы Абайы», «Абай дара, Абай дана қазақта», «Әлемге танылған Абай», «Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай», «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» атты кітап көрмелері мен әдеби кештері, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Абайдың ән әлемі» атты концертін өткізу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар