Премьер-Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында коронавируспен ауыратындар тіркелмеген. Жағдай тұрақты және Үкіметтің тұрақты бақылауында», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жұмыстарын жалғастыруды, Сыртқы істер министрлігіне ҚХР-дағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Премьер-Министр монополияға қарсы органдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің назарын дәріхана желілеріндегі медициналық маскалар мен вирусқа қарсы препараттарға бағаны жасанды көтерудің жекелеген фактілеріне аударды.
«Мәселенің мән-жайын анықтаңыздар. Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлердің әкімдері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы керек», — деп түйіндеді А. Мамин.