Экономика • 11 Ақпан, 2020

Салықтың жартысынан көбі шағын бизнестің үлесінде

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстанда аймақтық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының есепті кездесуі болып өтті. Қазір өңірдегі ШОБ субьектілерінің жемісті еңбек етіп жатқаны сондай, былтырғы жылдың салық түсімдерінің 56 пайызы осылардың үлесінде болған.

Салықтың жартысынан көбі шағын бизнестің үлесінде

«Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасының қолдауымен өңірде кәсіпкерлікпен айналысушылар саны артып келеді. Былтыр оның өсімі алдыңғы жылмен салыстырғанда жиырма пайызға артқан. Палатаның өңірлік бөлімінің директоры Дархан Қалиевтің айтуына қарағанда қазір еңбекке жарамды әрбір үшінші солтүстікқазақстандық өзінің бизнесін ашуда екен. Бұған бизнесті жүргізудің қыр - сырын үйрететін «Бастау» бағдарламасының көмегі де көп тиюде көрінеді. Мәселен, былтыр тек Тайынша ауданында ғана бос жүрген және өзін өзі қамтыған 176 адам оқып, өздерінің бизнесін ашқан. Сонымен бірге палатаның қолдауымен былтыр шетелден мамандар шақырылып, халықты бизнеске үйреткен. Ал облыстың бизнес жасауға құмартқандар 25 рет шетелге шығып, оқып үйренуге мүмкіндік алған. Д.Қалиев өзінің есептік баяндамасында былтыр облыста шағын және орта кәсіп субъектілері 344 жобаны іске асырғанын жеткізді. «Оған 1 млрд теңгеден астам қаражат құйылды. Соның ішінде 24 жоба аграрлық несиелік корпорация арқылы қаржыландырылды», деді ол. Сонымен қатар түрлі жобаларға 1887 грант берілгені белгілі болды.

Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бастығы Құралай Жарова өзінің сөзінде былтыр ШОБ-пен айналысушылар саны 25 мың субъектіден 30 субъектіге артқанын жеткізді.

«ШОБ-тың шығарған өнімдерінің көлемі 17 пайызға –өсіп, 473 млрд теңгеге жетті», деді ол.

 

Солтүстік Қазақстан облысы