«Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық Полциия басқармасына 24 жастағы бойжеткен шағымданып, қалаішілік автобустың ішінде 89 мың теңгелік «Huawei P Smart» ұялы телефонын қалтасынан біреудің жымқырып кеткенін айтқан. Істің мән-жайын анықтау кезінде полицейлер бойжеткеннің сөзінде шикілік барын сезді. Күдіктіні анықтау үшін полиция қызметкерлері бейнебақылау камерасы арқылы жәбірленушінің өзі айтқан автобусқа отырмағанын білді» дейді елордалық полицейлер.
Ақыры бойжеткен полицияға жалған арыз бергенін мойындаған. Анығында ол достарымен қыдырып жүріп ұялы телефонын жоғалтып алған көрінеді. «Арыз жазсаң тезірек тауып береді» деген достарының «ақылын» тыңдап, бойжеткен өтірік арыз жазуды жөн деп шешкен екен.
Енді арыз жазуға келген бойжеткеннің өзі ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы (көрiнеу жалған сөз жеткiзу) бойынша қылмыстық жауапқа тартылып жатыр.