Аймақтар • 11 Ақпан, 2020

Қызылорда облысының әкімі кәсіпкерлермен кездесті

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті. Жиынға жас кәсіпкерлер, осы саладағы  мекемелер мен ұйымдар басшылары қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда облысының әкімі кәсіпкерлермен кездесті

Өңірде 2018 жылдан бастап ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздықты азайту, жергілікті бюджетті нығайту  мақсатында Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы жарияланған болатын. Осы бастама аясында 2025 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 35 пайызға жеткізу міндеті қойылып отыр.

Аймақ басшысы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, ірі кәсіпорындар өнімі көлемін ұлғайтып, сол арқылы ілеспе өндіріс орындарын құру қажеттігін айтты.

- Мысалы, бізде күріштен лапша, ұн, май, сабанынан қап шығаратын кәсіпорындар ашылуы тиіс. Өзімізден экспортталатын күріш өнімдері қайта өңделіп, бірнеше есе қымбат бағада өзімізге келіп жатады. Бұдан бөлек, өңірімізде асыл тұқымды мал өсіріп, шұжық және сүт өнімдерін өндіріп, еліміздің ішкі нарығынан айтарлықтай орын алған кәсіпорындар жетерлік. Бірақ бұл шаруашылық аясында жүн, тері өндірістері мүлдем дамымаған. Елімізде қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдан бастап полиэтилен өнімдері қолданыстан шығарылмақ. Осыған сәйкес, полиэтилен өнімін алмастыратын өндіріс көзін дамыту қажет, - деді облыс әкімі.

Жиында өңірдің кәсіпкерлік саласына қатысты өзекті мәселелерге орай  кәсіпкерлер ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жеңіл өнеркәсіп, білім беру, медицина, цифрландыру, сауда және туризм салаларындағы проблемалар туралы айтылды.

Аймақ басшысы әкімдік тарапынан кәсіпкерліктің дамуына қатысты мәселелерді шешуге, идеяларды іске асыруға әрдайым қолдау болатынын атап өтті.