«Алтын қаламды» табыстау рәсімінде сөз сөйлеген ұйымдастырушылардың бірі Кенже Жұманұлы аталған сыйлық бүгінгі заман әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосқан қаламгерлерге берілетіндігін жеткізді. Әрі үздіктерге арналған мүсінді «Эльдани» қайырымдылық қорының сәндік-қолданбалы шеберханасында мүмкіндігі шектеулі жандардың дайындағанына көпшіліктің назарын аударды. Жеңімпаздарға сыйлық ретінде таңдап алынған мүсінде білім мен күш-қуаттың символы ретінде кітапты басынан жоғары көтерген әйел бейнеленген.
Жеңімпаздар Әлемдік экономика және саясат институтының әлеуметтанушысы Айман Жүсіпова жетекшілік еткен әлеуметтік зерттеудің қорытындысы бойынша анықталған. Зерттеуге әдебиет, ғылым, бизнес саласындағы беделді 70-ден астам сарапшы қатысып, қазақстандық әдебиеттің даму барысы мен бүгінгі кітап нарығының жағдайына байланысты жеке пікірлерін білдірді. Жеңімпаздар қатарында: Жылдың үздік баспасы - Досым Сатпаев; Жылдың әдеби дебюті - Ержан Рашев. «Человек на балконе. Дневник алматинского лазура»; Кiтап like (оқырмандар таңдауы) - «Черная звезда». Авторы Юрий Серебрянский, Бақытжан Момышұлы; Әлеуметтік мәнге ие тақырыпқа арналған үздік шығарма - «Живая память. Сталинизм в Казахстане – Прошлое. Память. Преодоление». Коллективная монография; Жылдың үздік меценаты (Әдебиетке көрсеткен қолдауы үшін) – Досым Сатпаев. Шараның өтуіне «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы, «Қазақстан баспасөз клубы», Қазақстан Медиа Академиясы мен бірнеше БАҚ қолдау көрсеткен.
Марапаттау шарасында қатысушылар қазіргі заманғы әдебиет өміріміздің, тұрмыс-тіршілігіміздің айнасы екеніне тоқталып, кітап оқу мәдениетіне қатысты өз пікірлерін білдірді.