Қазақстан • 11 Ақпан, 2020

Алматыға қонған 150-ден астам халықаралық рейстің 17 мыңдай жолаушысы тексерілді

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда коронавирустың алдын алу үшін эпидемияға қарсы іс-шараларды пысықтауға арналған оқыту-жаттығу шаралары өтті.

Алматыға қонған 150-ден астам халықаралық рейстің 17 мыңдай жолаушысы тексерілді

Және Алматы қаласының Халықаралық әуежайында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен коронавирусты инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі Өңірлік штабтың отырысы өтті.

Жиында әуежайға келетін барлық халықаралық рейстерді бақылаудың ағымдағы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ әуежайдың санитарлық және шекара қызметтерінің коронавирусты инфекциялардың таралуының алдын алуы бойынша жұмыс механизмі тексерілді.

Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қала стационарларында коронавирусты инфекцияның таралу қаупі бар аймақтардан келген ЖРВИ мен тұмау белгілері бар 8 емделуші бар екенін хабарлады.

«Емделушілердің жағдайы алаңдаушылық туғызбайды. Жағдайлары жақсарып, қалпына келіп жатыр. Олардың алтауы ересек, бір бала ата-анасымен бірге балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр», деді Тілеухан Әбілдаев.

Сонымен қатар, инфекциялық бақылаудың барлық талаптарына сәйкес, резервтік емхана дайындалды. Қаланың медициналық мекемелері қажетті дәрі-дәрмектермен, келушілерге де, медицина қызметкерлеріне де жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілді.

Өз кезегінде, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова Алматы Халықаралық әуежайына 150-ден астам халықаралық рейс қонғанын, 17 мыңға жуық жолаушының тексерілгенін және олардың 200-ге жуығы Қытай азаматы екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша, Өңірлік штабтың төрағасы Ержан Бабақұмаров жұмыс қарқынын төмендетпеуді, барлық халықаралық рейстерге күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылауды жалғастыруды тапсырды.

Сонымен қатар, санитарлық және шекара мен экипаж, медицина қызметкерлерінің, оның ішінде жедел жәрдем қызметінің өзара іс-қимылын пысықтау, вирустық инфекциялардың алдын-алу және диагностика бойынша эпидемияға қарсы шараларын сақтау туралы оқыту өткізілді.

Айқын симптомы бар адамдарды тасымалдау үшін жедел жәрдем іске қосылды. Олар әуежай аумағында тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істейді.

Сондай-ақ, оқу-жаттығулар аумақтық емханаларда да өтті. Алматыда коронавирусты жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Қаланың барлық қызметтері бекітілген алгоритмге сай жұмыс істейді. Мегаполистегі жағдай биліктің бақылауында.