Руханият • 12 Ақпан, 2020

Қолөнердің коммерциялануына не кедергі?

944 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Атадан балаға мирас болған киелі өнердің мұрагерлері өз туындыларын табыс көзіне айналдырудың жолын іздеумен келеді. Ұлттық тұрмыстық бұйымдар көненің көзіндей музейлер мен қазақы шаңырақтың сәні ретінде көздің жауын алғанымен, заманауи нарықта бәсекеге қабілетті емес.

Қолөнердің коммерциялануына не кедергі?

Қазақстан бұл бағытта Қыр­ғызстан және Өзбек­станнан әке­лінген ұлттық кә­десыйлар нары­ғы­на жол берді. Ұлт мұрасын көш­пен­ділер өркениетінің жетіс­тігі әрі табыс көзі ретін­де нарық­қа шығара алмай оты­рудың себеп­терін атап өт­кен «Қазақстан қол­өнершілер одағы» қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Айжан Бек­­құлова саланы дамыту үшін өңір­­лердегі шеберлерді түгендеу қажет­тігін айтады. Бүгінде әртүр­лі салада еңбек етіп жүрген қол­өнер­­шілердің нақты статистикасын жүргізу қиын. Дегенмен осы отыз жыл­ға жуық мерзімде одақ та­ра­пынан республика бо­йынша екі мыңға жуық қолөнерші анық­талған.

Отандық нарықта «қырғыздікі», «өзбектікі» деп аталып кеткен ұлттық бұйымдарда пайдалана­тын ою-өрнектер қазақ хал­қына тән болғанымен, ұлттық өр­нек­терді жасау, бұйым­ға қон­дыру технологиясында оғаш­тық­­тың көптігін атап өткен Ай­жан Бек­құлова оның себебін Қа­­зақ­стан­ның Орталық Азия елде­рі үшін 90-жылдары экономи­ка­лық тұр­ғыдан тұрақты аймақ ре­­тін­де сату нарығына айналға­нымен байланыстырады. Айжан Әбді­ма­напқызының айтуынша, қырғыз-қазақ ою-өрнектерінде ұқ­састық бар. Дегенмен Ә.Мар­­ғұ­лан­­ның және басқа да этногра­фия­лық дереккөздер қырғыз шеберлері үшін дайын энциклопедия ретінде қызмет етті. Тіптен ұлы дала петроглифтері де қырғыз бұйымдарында қолданылып жүр. Осы жылдар ішінде қазақтың ою-өрнектерін қырғыз ағайындар меншіктеп алды. Ал оның себебін әріден іздеген А.Бекқұлова 1994 жылы қазақстандық қолөнершілер көрмесіне қатысқан «Aid to Atrisans» америкалық компания­сы елдегі ахуалды негізге ала отырып, Қырғызстанды оқу-өндірістік, Өзбекстанды өндірістік орталық, ал Қазақстанды сату нарығы ретінде белгілегенін айтады. «Бұл Қазақстанның беделін арттырғанымен, қолөнер саласының дамуына кері ықпалын тигізді. Мұнымен қоса ел Үкіметінің 1995 жылы еліміздің шетел компанияларының қаты­суынсыз дамитынына байланыс­ты шешімі «Hivos» тәрізді мәде­ниет саласын қолдайтын компа­ния­лардың елден кетуіне әкеліп соқтыр­ды. Бұл кезеңде бірді-екілі де­меуші болмаса, мемлекет қол­өнер­шілерге қолдау көрсетуге дайын емес-ті. Ал шетелдік ком­па­ниялар Қырғызстан мен Өзбек­­станға қомақты қаржы құя бас­­тады. «Eurasia» қоры мен «Chev­ron» компаниясы Орталық Азия қауымдастығына аударған­дық­тан, бұл қаражатқа отандық ше­берлердің қолы жетпеді», деді ол.

Оның айтуынша, қауым­дас­тықтың штаб пәтері Қыр­ғызстанда тұрақтап, құра­мында екі қазақ, екі тәжік, бір түркі­мен, жиырма қырғызы бар ұйым халық­аралық мәртебеге ие болып, тренингтердің қызығын қырғыздар көрді. Сондай-ақ Гер­манияның «Ebert» қоры қырғыз қол­өнер­шілеріне үш жылға жеңілдіктер ұсынды.

Кейіннен нарықтағы ахуалға назар аударған «Eurasia» қо­ры мен «Chevron» компаниясы қар­жысын қазақстандық қол­өнершілерге ауда­ра бастады. Алай­да шеберлердің әр аумақта ор­наласуы азғантай қаржыны тиім­­ді пайдалануға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, қырғыз ағайындар Қазақстан нарығына ден­деп ене бастады. Қол қусырып отыруға болмайтынын түсінген «Қазақстан қол­өнершілер одағы» шеберлердің басын біріктіру мақсатында жәрмеңкелер өткі­­зіп, оқыту жұмыстарын жолға қой­ды. Ұлттық сараптама кеңесі құ­ры­лып, «Heritage» қорының қол­дауымен еліміздің бар­лық аймақ­тарына дайындықтан өткен сарапшылар жіберіліп, 900-ден астам шеберлер базасы жасалды.

Есепке алу жұмыстарының зор қиын­дық­пен іске асқанын айтқан Айжан Бек­құлова «қолөнерші» мамандығын заң­мен бекітіп, мем­­лекет көңіл бөлмейінше, са­ла да­мымайды дегенді алға тар­та­ды. Бұл бағыт­та Өзбекстан тәжі­рибесінің ма­ңызы зор. Ала шапанды шеберлер заңмен қорғалып қана қоймай, шетелдердегі жәр­мең­келерге қатысуға, салық жүйе­сінде, әуежай билеттеріне, әуе та­­сы­малында жүк салмағына ай­тар­лықтар жеңілдіктерге ие. «Регистанды тарихи ескерткіш ретінде сақтап қалуда жергілікті шеберлердің үлесі зор. Олар ерек­­ше туындыларын осы маңда жар­қырата отырып, туризмнің көркін қыздырып отыр, бұдан шеберлерге деген мемлекеттің қолдауын көреміз. Тіптен кез кел­ген турист қонақүй, әуе­жайда өзбекстандық шеберлер туралы фильм­дерді тамашалай алады. Өзбек жеріне табаны тиген әрбір қонақ бұл аймақтың ұлттық тынысын бірден таниды», дейді Айжан Әбдіманапқызы.

 Көне кәсіп иелеріне қолдау керек

Бүгінде бұл кәсіпке жастарды тарту қиын әрі атакәсіпті меңгерген шеберлер азайып­ бара­ды, деп алаңдайды Ай­жан Бекқұлова. Маманның айтуын­ша, 2007 жылы өткен қол­өнер­шілер съезіне жүзден астам ше­бер жиналған. Мұның өзі үлкен жетістік болды. Дәл осы кезеңде оралмандармен байланыс­ты нығайту жұмыстары қолға алын­ғанмен, нарыққа шығуды ғана көз­деген бірқатар ағайындармен әрі қарайғы жұмыстар нәтижесіз аяқталған. Қолөнершілерді қолдау жұмыс­тары аясында «Нariteych» қоры өткізген зер­герлік, ағаш өңдеу, кілем тоқу, кесте тігуге қа­­тыс­ты тренингтер, артмаркетинг са­­ғат­тарына алғашында шеберлер кү­мәнмен қарап, таңданыс біл­дір­гені шындық. Ата­кәсіпке жана­шыр­­­­лықтың нәтижесінде мұн­дай қиын­дықтар артта қалды, дейді
А.Әбдіманапқызы.

Нәтижесінде,  2007 жылдан­ бергі аралықта 150-ге жуық тре­нинг­­тің он сегізі Маңғыстау өңі­рінде, Құрықта өткен. Бүгінде се­гіз облыс орталығында өкіл­дігін ашқан одақ жұмысына жер­­гілікті органдар тарапынан жа­ғым­ды бетбұрыс бар. «Саланы ком­мерциялық бағытта дамыта алмағанымызбен, өшкенімізді жандырып, шебер­лердің нарық әлеміне деген көз­қарасын оята алдық» деп атап өткен Айжан Әб­діманапқызы, Зейнелхан Мұха­мед­­жанов, Серік­қали Көкенов, Жо­­лау­шы Тұрды­ғұлов сынды өз ісі­нің шеберлері шәкірттерін да­йындап, ұлттық қолөнер саласының дамуы­на барынша үлес қосып келе жат­қа­нын жеткізді.

 «Шебер» танытқан шеберлер көп

Одақ бүгінде еліміздің түкпір-түкпірiнен көне кәсіп иелерін та­уып, «Шебер» байқауына қатысуға ықпал етіп келеді. Нәтижесінде, ауылдан аты ұзап көрмеген 130-дан астам шебер дүние жүзінің бірқатар елдеріндегі көрмелерге қатысып, мәдениетімен танысып қайтты. Айжан Әбдіманапқызы «Шебер» байқауына ұсынған әрбір бұйымның ерекшелігі туралы айтып өтті. Мысалы, шебер Тимур Ермұхаметов (Алматы) көшпенділер пайдаланған емізік­ті жасау үшін екі жыл бойы архив­тер мен кітапханадан мәлі­­мет­тер іздесе, таза сүйектен күміс­пен аптап шүмек жасаған Болат Бейіс­­бековтің қолтаңбасы да ерекше таңданыс туғызады. Бұл көшпенділердің тазалыққа қат­ты мән бергенінің жарқын көрі­нісі, дейді А.Бекқұлова. Ал түркістандық шебер Гаухарбек Күнғожаев ағаштан әдемі әуен шығаратын сырнай жасаса, маң­ғыстаулық шебер Әуес Сағы­наева тіккен шек­пен ұмыт бола бастаған ұлттық киім ретін­де құн­­ды. Ал бүгінде жасы 63-ке ке­ліп қалған маңғыстаулық шебер Күміс Қос­байдан үйренеріміз көп. Білгенін жастарға үйретуге даяр шеберге киіз басу өндірісін үйрету үшін арнайы құрал-жабдықтың жоқтығы қолбайлау болып отыр.

Бүгінде қазақ халқының қол­данбалы қолөнерін дамыту технологиясы кенже қалып барады. Мал сойып, оның жүні мен терісін өндіріске жарамды күйде сылып алу, илеу, сондай-ақ жүн түту, та­рау, жіп иірудің ерекшеліктері назардан тыс қалған. Бұрын әр ауылда табиғи жүннен жіп иіріп, алаша тоқып, сырмақ басқан ісмер әжелердің ісіне көпшілік тәнті болушы еді. «Көшпенділер тұр­мыс жабдықтарын жасағанда экологиялық, гигиеналық талаптарына қатты мән берген. Сол көнекөз әжелер тіккен бұйымдар сапасымен ерекшеленетін. Табиғи кі­лем, текеметтер шаршағанды басса, тері­ден жасалған ыдыс­тарда қымыз-шұ­баттың табиғи дәмін сақтайтыны ғы­лыммен дәлел­денген. Сол кездерде тұр­мыстық бұйым әрбір шаңы­рақта жаса­латындықтан, ата- кәсіп­тің қадірін түсін­бей, қол ең­бе­гі­нің құнын төмендетіп ал­­дық па деген ойға қалам», дейді
А.Әбді­манап­қызы.

Ал сол көнекөздердің көп­ші­лігі бү­гін­де арамызда жоқ. Аг­рар­лы ел ре­тінде осы саланың да­муына мем­лекеттің қолдауы, дәулетті адамдардың салаға бет­бұрысы қажет, дейді сала жанашыры. Балабақшадан ата-баба кәсібінің философиясын мең­геруді қолға алып, мектептерде ше­берханалар, кәсіп иелері үшін инкубаторлар жасау керек. Тіптен бүгінгі киіз үй өндірісі мен көш­пелілер киіз үйлерінде жер мен көктей айырмашылық бар екенін айтқан одақ төрайымы киіз үйдің жабдықтарына, ағашына аса мән бере отырып, тобылғылы тоғай­ларды көбейтуді ұсынады.

 Аймақтық ерекшеліктер жойылып барады

Кезінде қолөнер орталығы болған өңірлер ұлттық дәстүрден алшақтап кеткен. «Бір кездерде Шымкент, Қызылорда өңірі киіз басумен ерекшеленіп келсе, Маңғыстауға киіз үйлер­дің жаб­дықтарын, алаша мен бас­­­құр жасау тән. Ақтау сыр­мақ­­тарының да басылуы ерек­ше. Өрнектері ірі болып кел­генімен, құрақ көрпе барлық өңір­ге тән. Бүгінде текеметтері мен сырмақтары ұмыт болып бара жатқан өңір – Атыраудың ерекшеліктеріне назар аудара отырып, қолөнершілер одағы «Chevron» және «Smithsonian Folk Center» компаниялары бірлесіп, жаңа жобаларды бастамақ ниетте. Шығыс Қазақстанға өрнек салу өнері тән болса, Алматы облысында тұскиіздер басылған. Тіптен қолданбалы өнердің ерек­шелігіне қарай әр өңірдің өрнегіне, түймесіне қарап та ажы­ратуға болған. Бүгінде Батыс Қа­зақстандағы зергерлік өнерді жоғалтып алғандаймыз. Өңірде бір ғана шебер болса, оның өзі музейдің реставраторы болып еңбек етіп жүр. Бұл аймақта бү­­гінде алматылық зергерлер ең­­бек етуде. Олардың соққан бұйым­­дарының өрнегі, соғу әдісі бұл өлкеге тән емес», дейді А.Бекқұлова. Шебердің айтуынша, қолданбалы өнердің ерекше туындыларын Шәуілдірдегі музейден көруге болады. Онда құрағы 1 сантиметр болатын көр­­­пелер, декоративті жастық тыс­­­­тары, әйнектен жасалған шү­мек сияқты ерекше туындылар бар. А.Бекқұлованың айтуынша, әлем елдерінің музейлерінде де қазақы бұйымдарға қатысты көңілге қаяу түсірер тұстар баршылық екен. Оның негізгі себептерін қа­зақтың қолданбалы өнері туралы шет тілдерге аударылған әдебиеттердің жоқтығымен бай­ланыс­тырған А.Әбдіма­нап­қызы Ресейдегі Кунст­камера музейінде Ұлы даланың ғажайып туындылары көп болғанымен, музей сөрелеріне қойылмағанын айтады. Оның басты себебі, бір кездерде жасалған жөн­деу жұ­мыстары барысында атри­буция­ларының жоғалып кетуі­мен, ал оны сипаттайтын маман­дар­дың бірі зейнетке, енді бірі­нің өмір­ден өтіп кетуіне байланысты. Мысалы, Мәскеу музейін­де тұрған былғары халатты өнер­танушылар өзбектікі деп сипат­таса, Шанхай музейіндегі қа­зақ кілемі ұйғыр халқынікі деп жазылған. «Петерборда халық­аралық мәдени форум аясында императордың фарфор зауытына жолым түсті. Экскурсия барысында 1905 жылы Ресей суретшісі салған ақ фарфордан қойылған сәукеледегі қазақ қызын көріп, таңданысымды жасырмадым», дейді Айжан Әбдіманапқызы. Сонда зауыт маманы «Бұл қазақ емес, қырғыз қызы» деп жауап берді. Патшалық кезеңде қазақ­тарды «қырғыз» деп атаған әрі қырғыз-қазақ қыздарының бас киімінде айтарлықтай айыр­ма­шылық бар екендігін түсін­діргеніне қарамастан, дәлелдерді зауыт мамандары қаперіне ал­мағанына қынжылады. «Кейін­нен зауыт басшысына ар­найы хат жолдадым. Бірақ Эрмитаж мамандары берген жауапқа сәйкес сәукелелі қыз қырғыз қызы болып қала берді. Өнертанушылардың халықтар мұрасын дұрыс сипаттамауы салдарынан осындай олқылықтар кездеседі. Бұл – мемлекеттік мәселе. Тіпт­ен ЭКСПО кезінде Ресей музей­лерінен әкелінген қазақ даласына тән, ерекше технология­мен дайындалған жәдігерлерді көр­дік. Сондықтан елімізде қол­­данбалы декоративті өнер туын­дыларын дамытатын кез келді» деген өнер жанашыры атакәсіп арқылы шеберлердің ха­лық­­аралық нарыққа шығуы уақыт күттірмейтін мәселе деген ұсы­нысын қайталай жеткізді.

Айжан Әбдіманап­қызының бала кезінен шығармашыл ортада өскені  осы әлемді толықтай тануға ықпал еткендей. Суретшілікті тек дарындылар ғана меңгереді деген көңіл түкпіріндегі терең ойы түрлі-түсті әлемді қа­ғаз-қарындашпен емес, жібек бетіндегі жіпті өрнектер арқылы танимын деген шешімге жетелеп келді. Қателеспепті. Ендігі мақсат – ұлттық бұйымдарды дүние жүзіне әйгілеу.

 

АЛМАТЫ