Медицина • 12 Ақпан, 2020

«Ангиограф»: Аурудың алдын алады, дерттіге дәрмен береді

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр күзде Қазалы ауданындағы ауруханада алғаш рет жүрек-қан тамырларына ота жасалды. Осыған дейін ірі қалалардағы жабдығы сайлы медициналық орталықтарда ғана жасалатын отаны қорықпай қолға алған қазалылық кардиологтардың бұл еңбегі ерлікке тең еді. Жабдық демекші, қымбат, ең бастысы адам саулығын сақтауда аса қажетті «Ангиограф» аппараты республика аудандарының арасында алғаш рет осы Қазалыға қойылып отыр.

«Ангиограф»: Аурудың алдын алады, дерттіге дәрмен береді

Әрине жабдық қаншалықты жетіл­дірілсе де онымен адам жұмыс істейді. Демек, дертке дәрмен табылуы сол қым­бат құрылғының «тілін табатын» дә­рі­гердің біліктілігіне байланысты. Қа­за­­лы ауруханасының кардиологиялық ор­талығындағы дәрігер-нейрохирург Ке­несары Бас­паев пен оның әріптесі Аян Қазиұлы А.Н.Сызғанов атындағы ұлт­­тық хи­­рур­гия ғылыми орталығының қай­­­та даярлау курстарынан өтіп, білім­дерін жетілдірген, облыстық медицина ор­­талығында тәжірибелерін толық­тыр­ған.

– Қазір осы аурухана базасында жүрекке ота жасап жатырмыз. Негізі коронарографияның басты мақсаты – ауруды ерте анықтау. Осы орталық ашылған былтырғы күзден бері 100-ден астам ота жасадық. Науқастар отадан кейін осындағы 15 төсектік кардио­логиялық бөлімде жатып ем ала­ды, – дейді дәрігер-нейрохирург Кенесары Баспаев.

Аудандық аурухана осы орталықты ашуға 3 жылдай дайындалыпты. Ең әуелі мұндағы дәрігерлердің мемлекет тарапынан тегін берілетін әсері күшті «Активизие» препаратын тиім­ді пайдаланғаны ескерілген. Сол тұста облысты басқарған Қырымбек Көшер­баевтың бастамасымен аудандарда медициналық кластерлер құру мәселесі көтерілген кезде Қазалы кар­диологиялық орталық болуға лайық деп танылған. Осының нәтижесінде қазір облыс орталығынан шалғай жатқан аудандағы науқастар ем іздеп алысқа сабылмайды. Кардиоорталық Қазалымен қатар Арал, Қармақшы аудандары, Бай­қоңыр қаласы тұрғындары үшін қыз­мет көрсетеді. Жалпы, шалғай аудан­дарда медициналық кластер құру идеясы игілікті іс. Мысалы, Қаза­лыға көршілес Арал ауданында аку­шерлік орталық ашылыпты. Жақын аудандардағы науқастардың бәрі сонда барып қаралады.

– Жаңағы айтқан «Активизие» пре­паратының қан тамырларының бітел­ген тұстарын ыдыратып, ауруды болдырмауға тигізер септігі көп. Бірақ, кері әсері де жоқ емес. Қазір «Ангиограф» арқылы науқасты толық зерт­теп алуға мүмкіндік туып отыр. Кей­де оған препарат салудың қажеті бол­май, емнің басқа түрі жасалады. Дәрі егіл­генде де осы аппарат арқылы оның ауруға әсерін көріп отырамыз, – дейді бас дәрігердің орынбасары Бақытгүл Әлішева.

Дәрігерлердің айтуынша, инфаркт­ алған науқасқа 3-6 сағат ара­лы­ғын­­да жасалған ем жақсы дариды. «Ан­гиограф» аппараты арқы­лы айы­ғып кетіп жатқандар осы­ның дәлелі. Ең бас­тысы, құрылғы қаза­лылық кардио­логтардың өздеріне деген сенімін қа­лып­тастырды. Былтыр ота­ның 4 түрін жаса­ған дәрігерлер алда басқа да күрделі операцияларды қолға алмақ.

 

ҚЫЗЫЛОРДА