Аймақтар • 12 Ақпан, 2020

Ауылдар мәселесі әрдайым назарда

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, бірқатар әлеуметтік нысандар жұмысымен танысу мақсатында Қызылорда қаласының аумағына енетін елді мекендерді аралады.

Ауылдар мәселесі әрдайым назарда

Алдымен аймақ басшысы Ақжарма ауылдық округіндегі Баймұрат батыр ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 150 орындық мәдениет үйінде болды. Ауылдық округ елді мекендерінде ауыз су, кәріз жүйелерінің мәселесі толық шешілген, енді «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Талдыарал ауылына 9 көшеге тас төсеу жоспарланып отыр.

Мұнан кейін аймақ басшысы 6 мыңнан астам тұрғыны бар Ақсуат ауылдық округінде болды. «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» шеңберінде бұл ауылдағы бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарық бағаналары жаңартылған. Тұрғындар өңір басшысымен кездесуде табиғи газ тарту мәселесін көтерді. Аймақ басшысы бұл жұмыстар үшін биылғы жылы да республикалық бюджеттен қаржы қаралғандығын айтты. Алдағы уақытта құрылыс- монтаж жұмыстары басталады.

Өңір басшысының тұрғындармен кездесуі Тасбөгет кентінде жалғасты. Қала іргесіндегі кентте мәселе көп. Соның ішінде жаңадан үйлер салынған ауданға жалпы ұзындығы 17 шақырым электр желісін тарту, жаңа емхана салу, №5 олимпиадалық резерв спорт мектебіндегі спортшыларға жағдай жасау қажеттігі баса айтылды.

1

Облыс әкімі ары қарай Белкөл кентінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Белкөлдіктер жалпы ұзындығы 7,8 шақырым болатын 10 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу, орталық көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу мен теміржол өткеліне аспалы көпір салу мәселесін айтты.  

Теміржолға көпір мәсесіне қатысты қала әкімі Н.Нәлібаев тиісті министрлікке ұсыныс жолданғанын атап өтті.

Сонымен қатар аймақ басшысы Қосшыңырау, Қызылжарма, Қызылөзек ауылдық округтері мен Талсуат елді мекенінде де болды.