Қош, кезінде Алаштың астанасы саналған, мәдениеті озық болған тарихи көне шаһардың заман талабына сай қайыра түлеуі үшін мемлекет тарапынан нендей кепілдің болғаны абзал? Ол сұрақтың жауабын біз «ел Президентінің аталған мақаласынан табамыз: «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын».
Қаламыздың басты тарихи маңызы – оның Алаш партиясы мен Алашорда үкіметіне, ел үшін жандарын пида еткен Алаш арыстарының тағдырына қатыстылығында. 1917 жылы желтоқсанда, Орынборда өткен екінші Жалпықазақ құрылтайының қаулысында Семей қаласы Алаш автономиясының астанасы, Алашорда халық кеңесінің қызмет ететін жері болып жарияланды. Алаш үкіметінің ғимараттары Ертістің сол жағалауындағы Жаңа Семейде (халық оны аталған тарихи оқиғаларға байланысты «Алаш» атандырған) орналасқан-тын. Өкінішке қарай, Алашорда үкіметі мен Алаш зиялылары тағдырына қатысты ғимараттардың барлығы да қиратылған. Қаламызға берілмек ерекше мәртебеге орай, ол ғимараттардың орналасқан жері архив деректері мен өлкетану мағлұматтары бойынша нақты анықталып, оларға елеулі ескерткіш-белгілердің орнатылмағы да – қала халқына сын. Сондай-ақ Шыңғыстаудағы Қарауылтөбе мен Шұнай таулары арасындағы жазықта Абзал Қарасартов орнатқан «Қоныс лагері» болған. Оның да (Шәкәрім оққа ұшқан жердің де) координаттарын анықтап, қаралы белгі орнату – ар алдындағы жауапкершілігіміз. Абай мен Шәкәрімнің бүкіл әулеті сол лагерге қамалған және еркеккіндікті ұрпақтарының бәрі тұтастай большевиктік зұлматтың құрбаны болған. Шәкәрімнің Ахат деген ұлы ғана аман қалған. Репрессиялық тағы бір лагердің орыны – Түйемойнақ аралында. Академик, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың әкесі, меценат Мұхамедхан Сейітқұлов, Абайдың ұлы Мекаил (өзге де көптеген ардақтылар бар) сол лагерде атылған. Шәкәрімнің Ғафур деген ұлы қызыл жендеттерге қор болғанша деп, дәл сол лагерде өзін өзі бауыздап, мерт болған. Сондықтан заманалар саясатына қарай «Полковничий», «Киров» аталып келген ол аралдың қазіргі «Бейбітшілік» деген атауы – тарихқа қиянат. Кезінде әйгілі Қажымұқан мен әнші Майралар өнер де көрсеткен ол аралға өзінің тарихи байырғы «Түйемойнақ» атауын қайтармақ парыз. Аман қалған тарихи бір орын – Алаш идеясының жанашыры, Абай тәрбиесін көрген кәсіпкер Әнияр Молдабаевтың Абай шәкірттері, Алаш зиялылары жиналып мәжіліс құрған құтты қонысы. Қазір ол – «Алаш арыстары және Мұхтар Әуезов» музейі. Абай музейін 33 жыл бойы басқарған қайраткер Төлеужар (Төкен) Ибрагимовтің табандылығының арқасында, сол үй және тағы бір көне ғимарат жекенің қолында кетпей я қиратылмай, аман сақталып, соңғысы Абайдың республикалық тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық қорық музейінің кеңсесіне айналды. Кезіндегі көпес Ершовтың үйі де дін-аман күйінде музей кешенінің экспозициялық бас ғимараты ретінде жұмыс істеуде. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты (кезінде әскери губернатордың үйі) да Алашордаға, Әлихан Бөкейханның қызметіне тікелей қатысты. Сондықтан ол кезінде «Бостандық үйі» аталған. Оны сол атауы бойынша жаңғыртып, Алашорда үкіметі мен Алаш партиясының және Алаш арыстарының музейіне айналдырмақ дұрыс. Себебі өлкетану музейінің ғасырдан астам уақыт бойы жинақталған қоры мен экспонаттық жәдігерлері үшін ол үй қазірдің өзінде тарлық етуде. Сондықтан оған арнап жаңа ғимарат салынса, құба-құп. Жаңа ғимарат салу демекші, қалалық үш бірдей театр (Абай атындағы музыкалық драма театры мен Достоевский театры және «Дариға-ай» жастар театры) әлі күнге дейін бір ғана шаңырақ астын паналап отыр. Қаланың сол жақ бөлігінде қалалық Сардарлар үйінен басқа мәдениет ошағы мүлде жоқ. Сол сияқты, атағы әлемге кеткен филармониямыз бар, мекені жоқ. 350 мыңдай халқы бар шаһарда балаларды музыкаға баулитын шағын екі мектеп қана бар. Жастар мен жасөспірімдерді түрлі өнер мен ғылымға, алуан кәсіпке баулитын мектептерден жұрдаймыз. Ондай мектептерді болашақта салынуы тиіс Шәкәрім атындағы Өнер сарайы шаңырағының аясынан көргіміз бар. Атомдық полигон қасіреті музейінің де қаламызда бой көтермегі заңды.
Семей – Қазақстан тарихында алғашқы болып саналатын мемлекеттік алғашқы гимн (авторы – Қ. Мұхамедханов), алғашқы мәдени-ағартушылық ұйым («Ес-Аймақ»), телеграф, телефон жүйесі, баспахана, кітапхана, архив, өлкетану музейі (оның қорында заманында Абай өз қолымен тапсырған жәдігерлер де сақтаулы), киноқондырғы, футбол командасы (құрамында М. Әуезов та болған), ұлттық цирк (Ертістің қала тұсындағы Түйемойнақ аралында), теміржол көпірі, ТМД-дағы ең алғашқы аспалы көпір, т.с.с. өркениет құндылықтарының да отаны. Сондай «алғашқылардың» бірегейі – Қазақстандағы тұңғыш оқу орны, 117 жылдық тарихы бар, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж (әуелде мұғалімдер семинариясы, сонан соң, педтехникум, педучилище). Онда Н.Құлжанов, Н.Құлжанова, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Ш.Айманов, Е.Бекмаханов, А.Шәкәрімұлы, Б.Ақылбаев, Ә.Нәжіп, Ә.Нұршайықов, Т.Мусин, Б.Жамақаев, Ш.Қабылбаев бастатқан қазақтың отызға жуық әйгілі ақын-жазушылары мен ғалымдары, композитор, қоғам қайраткерлері, Кеңестер Одағының үш батыры, үш Социалистік Еңбек Ері оқыған, сабақ берген, еңбек еткен. Бүгінде еліміздегі білім ордаларының маңдайалдылар қатарына саналатын педколледж ұжымы заман талабына сай озық білім беру жолында абыройлы қызмет атқаруда. Егер, Семей шаһары Отанымыздың тарихи орталығы болып белгіленсе, аталған оқу орынына да ерекше статус берілмегі – тарихи әділет болар еді. Өйткені онда дана Шаһкәрімнің де ізі қалған, Ә.Сәтбаев, Ә.Ермеков, И.Тарабаев, Қ.Нұрмұхаметұлы, Б.Сәрсенов, Х.Ғаббасов, М.Тұрғанбаев, А.Барлыбаев, Т.Жомартбаев, М.Малдыбаев, А.Дүйсебаев, Т.Қасенұлы бастатқан жиырмаға жуық Алаш арыстары да ұстаздық еткен, білім алған, Алаштың жарқын болашағы үшін күрескен, мерт болған.
Өкінішке қарай, қаламыздың тарихи көне ғимараттарының көбі талқандалып, олардың орнына жекеменшік нысандары салынып кетті. Аман қалғандарының бірі – Ұлы Отан соғысы кезінде Семейге эвакуацияланған әскери госпитальдардың басты көркем ғимаратының өрттен кейінгі сұлбасы. Биік те берік қабырғалары 34 жылдан бері уақыт желіне қасқайып тұрған ол үйді қайтадан қалпына келтіру ләзім. Қалай десек те, қала тарихын зерттеп, құндылықтарын жаңартып-жаңғыртуды қарқынды жүргізуге тиіспіз. Бірақ, Семейдің тарихи орталық ретіндегі мәртебесі заңды түрде бекітілмесе, мақсатты түрде ұдайы қаржыландырылып отырмаса, солардың бәрі бос әңгіме болып қала береді.
Жаз шыға қалалық жасыл желектің басым бөлігін құрайтын ну теректердің топан мамығы ай бойы көше-көшені толық басып қалады, аллергия қозады, өрт шығу қаупі ерен күшейеді. Жасыл желек демекші, бес бағымыз бар еді, соның екеуі (біреуі М.Әуезов бағы) тып-типыл етіліп, орнына жекеменшік үйлері салынып кетті. Орталық бақтың біршама аумағында да – сауда мен сауық-сайран орындары. Сондықтан дендробақтар мәселесі де ойлантады. Ал Семей топырағында алма да, шие де, жүзім де, жұпарлы бөртегүл мен бозқараған да, басқа да гүлді бұталар, бәрі өседі. Яғни, патшалық Ресей заманынан қалған сәулетті көне ғимараттардың көптігіне орай, кезінде «Екінші Санкт-Петербург» атанған, әлемге әйгілі үш бірдей ғұлама өмірге келген өңірдің орталығы ретіндегі шаҺарымыз – ішіне Ертістен каналдар жүргізілген, айрықша абаттандырылған, Жаңа Семей жағын да тұтастай орман көмкерген Жерұйық-қалаға айналса деген арман бар. Оның орындалуына қажырлы еңбек пен ұзақ уақытқа арналған «жасылелдік» нақты жоспар және мақсаты айқын қаржыландыру болса болғаны. Тоғыз жолдың торабына орналасқан Семейдің Ресей мен Қытай, Орталық Азия елдері арасындағы ірі сауда орталығына айналуы да бек мүмкін дүние. Туристік қалаға айналуға да Семейдің әдеби-мәдени-тарихи мүмкіндігінің жеткілікті екені даусыз. Соған орай, мәселен, әйгілі Темучиннің алыптар атамекені ретіндегі Шыңғыстауға тікелей қатыстылығын алайық. Бәрімізге белгілі, фольклорлық мұра мен шежірелердің тарихи дәйек ретінде қолданылуы ғылым тәжірибесінде бар. Демек, топонимикалық дәйектердің де сондайлық дәлел ретінде қолданылмағы заңды. О тұрғыдан қарастырсақ, Темучиннің жарты әлемді жаулау алдында «Күн-Билеуші» деген көне мағынадағы «Шыңғыс» («Жан г+Өс», түпнұсқасы: Йан-Өс; этимологиялық мәні мен мәнісі – өзінше бір әңгіме) мәртебесін алып, көнедегі «Тау басына хан көтеру» атты инаугурациясы (оның мүлде ұмытылған «әлемтаулық» өз көркем философиясы бар) бойынша, болашақ алып империяның алтын тағына отырғанын – Абай еліндегі тау-төбе шоғырының «Шыңғыстау», «Хан биігі», «Орда тауы», «Қарауылтөбе» атаулары айна-қатесіз айтып тұрады. Ендеше, ол жерлерді де туризмнің нақты тарихи объектілері ретінде бағалап, олардың әрқайсысына өздерінің тарихи маңызына сәйкес түрлі ескерткіштер орнатуды да осы бастан ойлана жүрмегіміз жөн. Соның өзі Алтын Орданың биыл аталып өтуі тиіс 750 жылдығының құрметіне орайғы айтарлықтай маңызды шешім болар еді.
Жә, Абай феноменін әлемге танытуымыз керек. Бірақ оны әуелі өзіміз толық танып-білдік пе? Ғасырдан астам уақытқа созылып келе жатқан абайтануымыздағы жеткен межеміз, жалпы алғанда, ұлт ұстазы Ахмет бастаған, дана Мұхтар көзін ашқан, сұңғыла Қайым жалғастырған, ойшыл Мекемтас зерделеген деңгейге дейін көтеріліп, Абайдың әуелі Мағжан мойындаған хакімдігі белгілі бір мөлшерде айқындалғандай. Алайда, Абай – хакімдіктен де жоғары тұрған «жұмбақ адам» («Мен бір – жұмбақ адаммын, оны да ойла!»). Оның Шығыс пен Батыс өркениеттері құндылықтарынан, орыс әлемінен, әлемдік озық еңбектерден ой қорыта келе, адамтану, қоғамтану, табиғаттану, дінтану салаларында мүлде жаңа тұжырымдар жасағаны мәлім. Олардың әлі мүлде ашылмаған құпияларының шешімі – өз халқымыздың мыңдаған жылдар бойына кемел қалыптасқан ұлттық тілі мен дүниетанымында. Ол дәулет – өз б е с т і г і «Бескүндік Жалған» б е с т і г і н е (КҮН – Күн нұры – Ауа – Су – Топырақ/Жер/) сай «Б е с т а н ы м» (Құдайтану – Ғарыштану-Күнтану – Табиғаттану – Өзтаным) ілімі. Әлемде теңдесі жоқ ол доктринаның бар екенін бүгінгі қазақтың өзі де білмейді. Мүлде ұмытқан. «Бескүндік Жалғанның» өз Егесі (құдайы) болатыны сияқты, Бестанымның да өз «киесі» бар. Ол – Сөзтаным (Ойтаным). Абай өз өлеңдерінде сөз бен тіл туралы 174 толғам келтірген. Яғни, Сөздің табиғаты мен тылсымы туралы өзінің әр өлеңі сайын бір ой айтып отырған деуге болады. Біразы – Сөзтанымның қазіргі тіл ғылымы мен білімі әлі назар аудармаған постулаттары негізінде. Мәселен, қазақтың «Бас – Бақ, ауыз – дарбаза, Сөз – самал» қағидасы. Бұл бойынша, Сөзтаным не дер екен, қарайық. Самал дегеніміз – жұпар жел. Бір сипаты жұпар жел саналатын Сөз, ауыз арқылы, Бастағы Бақтан сөйленеді. Бақ (Сад) дегеніміз – Жұмақ Ес. Қошы аңқыған Ж ұ м а қ Естен сөйленетін Сөздің ж ұ п а р жел сипатында сөйленбегі заңды. Ол – бір. Екіншіден, ЕС (1. благоухающий ум-разум; 2. ароматное сознание; 3. душистая память.,) деген сөздің де бір мәні – жұпар жел Сөз. Ол мағынасындағысын да қолданған Абай осыдан 117 жыл бұрын бізге «Жалын мен Оттан жаралған Сөзді ұғатын қайсың бар?!..» деп те кетті. Әлі күнге дейін сырын ұққан ешкім жоқ. Сөзтаныммен шұғылданып, бағзы дана бабаларымыздан қалған «Аңқыма» (туынды түрі: «Әңгіме»), «Сөз кійесі», «Сөз жүйесі», «Сөз Атасы», «Қонақ сөз», «Сөз жаны», «Сөз мәнісі», «Сөздің (жұпар) майы», «Сегіз қырлы өткір Сөз», «Атасы тегін жел Сөз», «Атасы арзан қара Сөз», т.с.с. түрлерде басталып берер көптеген көне фразеологизмдер мен терминдердің көркемғылымдық байырғы жұмбақтарын шешкендерге Абай даналығының да адамзатқа әлі белгісіз талай-талай сырларының бек ашыларын біз жақсы білеміз. Сөз мәнісін ұқпағанға, АР («А+б+Р+ой»), ЖАН (о+Ж+д+АН) сөздерінің құпиясын білмегенге, жалпы, Ардың нендей қуат екенін, оның ақылды кемелдендірудегі маңызын ескермегенге мың жерден арлы бол десең де, арлы болуға талпынбайды. Ал көне ҮРІК (арабша бүлінгі үлгілері: Рих-Рух; евр. Руакх) сөзі бастатқан ЙС (душистый Дух; аромат-запах; «Йсі – Қазақ» сөзі «Жұпар Рухы – Қазақ» деген мәнде), САҚ, т.с.с. термин-сөздерді танымасақ, адамдық «Мен»-ді танудан да йсалмас болмағымыз кәміл. Әсілінде, сөзін таныған – өзін таниды, «өзін таныған – Тәңірісін таниды». Өкінішке қарай, Өзтаным (Рухтану--Естану) ғылымына қатысты ежелгі «Бес Ене» (ҰМАЙ ЕНЕ, От Ене, Жел Ене, Су Ене, Жер Ене) бестігіне орай қалыптасқан «Бесене» («Пешене»), «Бастағы бес елі Ырыс», «Маңдайдағы бес елі Сор», «Бақтың жануы», «Бастан Бақтың таюы», «Ес – кіріс», «Ес – керіс», «Шекенің жұпар (майға) шылқуы», «Үйлес», «12 мүше», «Төбекөз», «Төрт Көз», «Алты ала көз», «Аңқыр-Мүңкір», «Қош Еге» (Жұпар Ійе-Рух; туынды «Көсеге» түрі «Жұмақ Ес» дегенді білдіреді), «Кеж Еге» (туынды түрі: «кежеге»), «Төбелес» түрлерінде басталып берер бестанымдық-естанымдық сансыз көне қағидалар мен қасиетті ұғымдардың мистикалық құпия сырларынан бейхабар қоғамның санасына Абайдың «Толық адам» туралы толғамдары, 40 жыл оқытсақ та, еш қонбақ емес. Мысалы, өзіміз жоғарыда келтірген төрт мағынасына қоса «Ійе» дегенді де білдіретін ЕС сөзінің ескек есу, жіп я арқан есу әрекеттеріне қатысты мағыналарында да естанудың әлі зерттелмеген, ашылмаған көркемфилософиялық жұмбақ сырлары бар. Ес танылмай, Ес түзелмей, ештеңе де түзелмейді. Абайдың діни догматикаларды жоққа шығаратын Күнтану жайындағы көркемфилософиялық кемел сөздерінің бір парасы: «Жарқылдап Раһит жайды айдар...» өлеңі, «Күн – күйеу», Жер – қалыңдық...», «Күлімсіреп Аспан тұр, Жерге ойлантып әрнені...», «Он сегіз мың бұл ғаламның бар тынысы Күнде тұр» констатациялары. Олардың хақ мәнісі де Бестаным ілімі аясында ғана ашылмақ. Сол сияқты, Абайдың құдайтануын да Күнтану мен Өзтаным ғылымдарымен тұтастыра қарастырмақ абзал. Соған бір ғана мысал. Түп Тәңірі (түпкі Хақ-Рух) басқарымындағы «Құдырет КҮН-ЕС – Эманация – Уақыт – Қозғалыс –Кеңістік», Күн Рухы басқарымындағы «Ортаңғы» КҮН-ЕС – Күн нұры – Ауа – Су –Топырақ /Жер/)» және адамдық Рух басқарымындағы «Кіші Күн-ЕС – ағымдағы Ой – Сөз – Іс – Жүзе (түпкі нәтиже)» түрлеріндегі а н а л о г и я л ы қ үш бестіктің ортақ сипаты – «Квинтэссенция мен төрт субстанция». «Көкірегінде оты бар ойлы адамға бұл сөзімнің суреті тұрар дайын» (Абай). Оның үстіне, дана бабаларымыз түзген бестанымдық ежелгі ақиқаттардың к е р і кеткен заманалар барысында бірте-бірте қалайша жалғанданатынын к е р і трансформациялық «Бескүндік Жалған» бестігі негізіндегі мына бестік және айқындап тұрады: «АҚИҚАТ – Аңыз –Миф – Ертек – Религия». Сондықтан даналық сөздерінің дені ислам догмалармен еш ымыраға келмейтін Абайдың дін туралы пайымдары мен «Отыз сегізінші сөз»-ді жазудағы мәнісін ғасырлар бойғы отарлық езгідегі қазақ қоғамының со замандағы тәңіртанымдық ар-ұяты мен сенімінің, генетикалық жадының тарихи-әлеуметтік, саяси-психологиялық тұрғыда өте пұшайман күйге түскенін ақынның анық көре білуімен («Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын») әрі ұлыорыстық-православиялық сұрапыл экспансияға қарсы дауа іздеу мәжбүрлігімен байланыстыра ұқпағымыз жөн.
Түйіндеп айтар болсақ, алдымыздағы ендігі мақсат: Сөзтаным мен Бестаным арқылы – Абай әлемін, Абай әлемі арқылы, Сөзтаным мен Бестанымды меңгермекке ұмтылыс. Абай даналығының әлі күнге дейін ашылмаған құпиясын білгіміз келсе, бізге енді сондай алабөтен қарекет қажет. Сондағы басты шарт – Сұлтанмахмұт «Гений-пайғамбар тіл» деп, Мәшһүр Жүсіп «Әулие тіл» деп санаған өз дана тіліміздің жасампаздығы. Тіл дегеніміз – мемлекет, қоғам, адам. Ал адам эгосының («Мен»-інің) кемел қалыптаспағындағы алғашқы стадиясы – он үш жыл. Ол шама да Өзтанымдағы мына формулалар арқылы әлдеқашан анықталып қойылған: «Он екіде ашылған (я ашылмаған) бір гүл» (Көсегедегі Қош Еге «гүлі»), «Он үште – отау иесі» (мұндағы «отау» – ақыл-естің көркемтанымдық бір сипаты; кәдімгі отау мен Естің ортақ формуласы: «30 омыртқа, 40 қабырға, ауыз омыртқа – аппақ жұмыртқа»). Онда да, ол ұрпақ сол жасқа дейін өз туған тілінде білім алып, ұлттық руханияттың басты құндылықтары кодтарын бойына барынша сіңіре өсумен болса ғана! Бәрімізге белгілі, қазақ тілі әлі күнге дейін мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесіне сай толыққанды тірлік ете алмауда. Егер, сол пұшайман жағдай солайша жалғаса берсе, Абай мұрасын зерттеп-зерделеп меңгерудің де, оны әлемге танытудың да, болашақта ұлт ретінде дәуірлеуіміздің де күмәнді жағдаятқа айналарын білу үшін әулиеліктің қажеті шамалы. Көркемфилософиялық концепциясы мен сансыз рухани формулалары қазақтың тілі мен дүниетанымында белгілі бір мөлшерде аман сақталған, ширек ғасырдай уақыт бойы өзіміз де үнемі зерттеп-зерделеп жүрген Сөзтаным мен Бестаным ілімінің болашақта бүкіл жаһанды ізгілендіруге де қабағат қызмет етеріне сеніміміз мол. Сакральды ол ілімді зерттеп-тану, меңгеру, сол бойынша өмір сүру – Елбасымыз айтқан Рухани жаңғыру мен Ел мәңгілігінің де ең басты кепілі.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты