Спорт • 13 Ақпан, 2020

Мұз гладиаторлары

192 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Спидвей – спорттың ең күрделі де қауіпті және шытырман оқиғалы түрі­нің бірі. Екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін мұздағы мотожарыс қай кезде де драмаға толы. Со­­­нымен, FIM Халық­ара­лық Мотоцикл феде­ра­циясының қолдауымен «Медеу» мұз айдыны мұз­дағы мотожарыстан 2020 жылғы әлем чем­пио­натының алғашқы финалы мәреге жетті.

Мұз гладиаторлары

Алматы кезеңінің екі күнінде де көшбасшылық рөлді бермеген ресейлік Данил Иванов айналып келгенде ақтық финалда жеңімпаз атанды. Екінші орынды Дмитрий Хомицевич иеленсе, үздік үштікті Дмитрий Колтаков түйіндеді. Осылайша, биыл да ресейлік спортшылар «Медеу» мұз айдынында жүлделі үздік үштікті құрады.

«Біз Қазақстан үшін алтыншы, сондай-ақ, бесінші мерейтойлық финалдың аты аңызға айналған «Медеу» мұз айдынында өткеніне қуаныштымыз. FIM тректік ко­мис­сиясының жоғары талаптарына сай жинақталған тәжіри­бе мен қажетті инфрақұрылым және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының әріптестік танытуы, Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауы бізге FIM-мен ынтымақтастықты нығай­тып, спидвейден әлем чем­пио­наты­ның финалдарын өткізу құқы­ғын иеленуге мүм­кіндік берді» деді Қазақ­стан Авто­мотоспорт федерация­сының президенті Марат Әбіқаев.

Алматыдағы әлем біріншілі­гінің кезеңінде жеті елден 18 «мұз гладиаторы» бақ сынады. Олардың ішінде Германиядан бір, Нидерландтан бір, Чехи­я­дан бір, Аустриядан үш, Қазақ­станнан үш және Швециядан төрт, Ресейден бес спортшы мұзды жолға шықты.

Мұздағы мотобәйгенің екінші күні қысқы спидвей шеберлері арасындағы нағыз тайталаспен есте қалды. «Мұз гладиаторлары» әрбір бұрылыста сопақ пішінді тректе бәсекелесіп, әр ұпай үшін тайталасты. Жексенбіде күн жылы болды. Бұл жарысқа да, жанкүйерлердің көңіл күйіне де оң әсер етті.

Алдын ала күткендей, жеке есеп­тегі біріншіліктің басты фа­вориті – ресейлік мотожарысшылар финалдық кездесулердің қорытындысы бойынша жүлделі орындарға жайғасты. Алайда Аустриядан, Швециядан, Нидер­ландтан және Германиядан келген саңлақтар ресейліктерге дес бермей, мұзды жолда барын салды. Әсіресе, неміс Йохан Вебер мен швециялық Мартин Хаара­хилтунен және додадағы әке мен ұл саналатын Никлас пен Стефан Свенссондарды айрықша атап өтуге болады.

«Медеудегі» мотожарысқа жан бітіріп, драматизм сыйлаған неміс мотошабандозы Йохан Вебер­дің кезекті бір айналымның бұры­лысында мотоциклінен құлауы көрермендердің назарын аударды. Аустриялық Франц Цорнға соқтығысқан шабан­доз жедел жәрдем арбасымен алаңнан әкетілді. Неміс гладиа­торының батылдығына көрер­мендер орнынан тұрып қол соқ­ты. Бұл оқиға осы спорт түріне тән сәттердің бірі, неміс шабандозы Алматыдағы емханалардың бірі­не жатқызылды.

Жиырмасыншы кезеңде бірден екі оқиға болды. Ал­дымен бұрылыста мотоциклді игере алмай, швед Ове Ледштрем мұзға құлады. Осы айналымда нидерландтық Джаспер Иве­маның да жолы болмады, ол мұз трассасының бұрылысында мотоциклмен бірге сальто жасап, жолдың жиегіндегі сабан қор­шауға соқтығысып қана тоқ­тай алды. Қуанышқа орай, екі оқи­ғадан ешкім ауыр жара­қат алған жоқ. Джаспер тіпті қо­ры­­­тынды баспасөз-конфе­рен­ция­­сына қатысып, өзінің әдемі құлауына қатысты әзілдеді.

Қазақстандық шабандоздар Владимир Чеблоков, Павел Некрасов және Сергей Серов спидвейден жеке әлем чем­пио­наты финалының қорытын­ды күнінің нәтижесінде финалда өте алмады. Қазақ­стан­дықтарға әлем­дік спидвейдің шебер­лері­мен иық теңестіре күш сынасу әзірге оңай­ға соқпауда.

Екінші жарыс күнінің финалына төрт ресейлік спортшы дара шықты, олар – Даниил Иванов, Дмитрий Колтаков, Игорь Кононов және Дмитрий Хомицевич. Қажырлы күресте мәре сызығын бірінші болып қазіргі әлем чемпионы, бірінші жарыс күнінің жеңімпазы Даниил Иванов кесіп өтті.

Әлем біріншілігінің Алматы­дағы кезеңіне жаңа серпін әкел­ген аустриялық мотожарыс­шы Харальд Симон болды. Бірін­ші сайыс күні үздік үштікті түйін­деген оның көзіне жас ал­ға­нын айта кеткен абзал. Бұл оның 1992 жылдан бері әлем біріншіліктеріндегі алғашқы жеңіс тұғыры еді.

Халықаралық Мотоцикл фе­де­рациясы (FIM) трек ко­мис­­­сиясының директоры Ар­ман­до Кастанья спидвейден жеке есептегі әлем чемпионаты финалы жоғары деңгейде ұйым­дастырылғанын атап өтті.

– Халықаралық Мотоцикл фе­де­рациясының өкілдері, сон­дай-ақ, барлық мотошабан­доз­дар Қазақстандағы додада ба­ғын сынауға әрдайым асық. Себебі мұнда барлығы тиянақ­ты ұйымдастырылған, қонақ­жай­лық­­т­ы атап өткенім де орынды. Біз ал­дағы уақытта Қазақ­станның Авто­­мотос­порт федерациясымен ынты­мақ­тас­тықты жалғастыруға үміт­тенеміз, – деді Армандо Кастанья.

Қорытынды баспасөз мәсли­ха­тында Автомотоспорт феде­ра­циясының президенті Марат Әбіқаев бұл жарыстың Қазақстанда жалғасатынына сенім білдіріп: «Біз келесі жылы елі­мізде спидвейден Жеке есеп­тегі әлем чемпионатының кезекті финалын өткізу туралы келісімге қол жеткіздік. Қазіргі таңда біз оны өткізуге арналған үш алаңды қарастырудамыз, бұл – «Медеу» мұз айдыны мен Алма­тыдағы «Сокол» трассасы, сондай-ақ, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында жарысты өткізу жоспары да бар», - деді.

 

АЛМАТЫ