Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

Лионда су мәселесін көтерді

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде БҰҰ Моделі клубы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл клубта жоғары сынып оқушылары әлемдегі ең маңызды ұйым саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымының симулияциясын жасап, ғаламдық проблемаларды дипломатиялық тұрғыда шешу жолдарын іздейді. Осылай білім ордасының ұжымы зияткерлік мектеп оқушыларына дипломатия, көшбасшылық, көпшілік алдында сөйлеу, сыни ойлау қабілеттерін дамытуға күш салып отыр.

Лионда су мәселесін көтерді

Ұстанымның дәлеліндей Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 оқушысы Лионда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының моделі халықаралық конференциясына қатысып қайтты. «Су: өзгерістерге құлшыныс» тақырыбында өткен жиынға Израиль, Ұлыбритания, Қазақстан мен Франциядан 350 жоғары сынып оқушылары және 50 студент қатысты.

Сегізінші рет өткен шараны Лиондағы халықаралық мектеп пен Сколе халықаралық университеті студенттері ұйымдастырған. Көшбасшылардың басын қосқан жиынға Нұркамал Алихан, Құралай Санат, Айдана Бакитова, Кәмшат Ақмұратова, Мирланбек Шаншаров, Ақбота Алпамысова, Дана Ес­бергенова, Ақжібек Сағындыққызы, Хи­сами Томирис есімді оқушылар қатысып, су та­қырыбындағы өзекті мәселелерді шешуге арнал­ған қарарларды қабылдады.

«БҰҰ 2015 жылы 17 тұрақты даму мақсатын айқындады. ILYMUN конференциясы осы жолы 6-шы (су және санитария) және 14-ші (су өмірі) мақсаттарына тоқталды. Қазіргі таңда су мәселесі дүние жүзін алаңдатып отыр. Жер бетіндегі демографияның өсуі және жаһандық жылыну және су көздерінің құрғап қалуы бұл тақырыптың өзектілігін арттырып отыр. Соның нәтижесінде жаңа типтегі халықаралық қақтығыстар туындауда. Конференция барысында делегаттар өз елінің қызығушылықтарын ескере отырып, мәселенің шешімін табуы тиіс» делінген конференцияның ресми мәлім­демесінде.

Ал ақтаулық оқушылар аталған жиынға тұңғыш рет қатысты.

– Конференция барысында біз ғаламдық проблемаларды шешуге арналған қарарларды қабылдадық. Бұл тұлғалық дамуға үлкен септігін тигізеді деп ойлаймыз. Себебі мен табиғат-ана­ға деген жауапкершілікті сезініп, командада жұмыс жасау қабілетімді арттырдым. Екіншіден, тұңғыш рет мультикультурализм түсінігімен бетпе-бет келдім. Жиында ағылшын тілінде сөйлегенімізбен, грек, француз, ирланд тілдерін де естіп отырдым, – дейді тұщы су ресурстарын қолдану және сақтау туралы баяндама оқыған Томирис Хисами.

БҰҰ Моделі конференциясы биыл нау­рыз айында Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұйымдастырылмақ.

 

Маңғыстау облысы