Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешіміне келісемін. Бұл оқиға аймақтағы басшылардың кемшілігін көрсетеді. Өйткені онда лауазымды қызметке тағайындалған соң, тұрғындардың жай-күйін, немен тыныстап, не ішіп-жеп отырғанына дейін түгел білуі тиіс. Мұндай кикілжіңді алдын ала көре біліп, оған жол бермеудің әрекетін жасауы керек еді. Өкінішке қарай, ондағы жастардың көбі жұмыссыз, әлеуметтік және экономикалық теңсіздік бар. Қалтасы қалың азаматтар «бармақ басты, көз қыстымен» заңнан құтылып кеткен деп естіп жатырмыз. Мұның бәрі, әрине қарапайым халықтың ашу-ызасын туғызады. Сондағы лауазымды тұлғалар осының бәріне жол бермеуі қажет болатын.
Қазақ халқы бейбіт халық. Мұндай басбұзарлық жергілікті жерде бір күнде шықпайды. Уақыт өте қордалана береді. Жергілікті әкім-қаралар бұған мән бермеген, байқамаған. Бұл, біріншіден. Екіншіден, аймақтағы мемлекеттік мекемелерді жемқорлық пен парақорлық жаулап алған сыңайлы. Соған еті үйреніп кеткен. Мұны жай ғана басбұзарлық деп, «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдыруға мүлдем болмайды. Бұл әлеуметтік теңсіздікті, рухани түсініктің төмендегенін көрсетеді. Өңірдегі мемлекеттік мекеме басшылары осыған қатысты жұмыс істеуге міндетті. Мемлекет басшысы айтып өткендей, мұндай жағдайға жол беру жергілікті әкім-қараның салғырттығы.
Қазақстанның түкпір-түкпірінде этностық топтар бар. Олардың тұрмыс-тіршілігі әрқилы. Таным-түсінігі, дүниетанымы әртүрлі. Алайда солардың бәрі Қазақ елінің, Қазақстанның азаматы. Қордайдағы қордаланған мәселе сол этностық топтардың кейбірінде Қазақстан азаматы деген сана-сезімі әлсіз екенін көрсетеді. Жергілікті жердің басшылары осы мәселемен жұмыс істеуі тиіс. Яғни, бәріміз бір елдің азаматымыз, Қазақстан – ортақ еліміз, ортақ қазынамыз, оған нұқсан келтірмеу керек деген ұғым қалыптастыруға күш салу қажет.
Әйтсе де, бұл мәселені шешуді тек орталық аппаратқа артып қою дұрыс емес. Ауылдық жерлерде ақсақалдар алқасы, зиялы қауым өкілдері бар. Олар да осы түйткілмен айналысып, елдің тұтастығы мен татулығын, Қазақстан азаматы деген ұғымды күшейтуге күш салуы тиіс. Қордайдағы қордаланған мәселе бәрімізге сабақ болуы керек.
Ғарифолла ЕСІМ,
қоғам қайраткері