Руханият • 13 Ақпан, 2020

Жауынгер Жиенбаевтың дерегі табылды

936 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылғы желтоқсан айының соңғы күндерінің бірі еді. Күнделікті әлеу­меттік желілерді бір шолып шығатын әдетімізге салып, компьютерге шұқ­шиып отырғанбыз. Фейс­буктегі бір жазбаға елең ете қалдық, ресейлік «Ви­тязь» іздеушілер тобының командирі Дмитрий Федосов Тверь облысының Зубцов ауданындағы қазу жұмыстары кезінде Отан соғысында оққа ұшқан сарбаздың сүйегі табылғанын жазыпты. Жауынгермен бірге жерленген кішкентай құтының ішінен шыққан құжаттарды зерттеген Мәскеудегі «Солдатский медальон» атты іздеушілер орталығы мамандары мәңгілік мекенін Тверьден тапқан сарбаздың майданға Қызылорда облысы Арал ауданынан шақырылған Келіс Жиенбаев екендігін анықтапты. Іздеушілер мәліметінше капитан Жиенбаев 1942 жылдың тамызында көз жұмған.

Жауынгер Жиенбаевтың дерегі табылды

Жеңістің 75 жылдығы қарсаңындағы бұл жаңалықты ести сала Арал аудандық әкімдігіне хабарластық. Олар аудандық архивтің басшысы Болат Қуатовтың телефонын берді. Бөкең 1917 жылы Арал ауданындағы Ақирек ауылдық округі құрамындағы Нұрша елді мекенінде дүниеге келіп, майданға 1941 жылы аттанған Келіс Жиенбаев жайлы көп мәлімет біледі екен. Ол кісі жауынгер Жиенбаевтың немерелес інісі мен туған жиендері қазір  Қазалыда тұратынын айтты. Майдангердің інісі Тиыштықбай Омарұлымен хабарласып алып, Қазалыға тартып кеттік.

– Ағам Келістен 1941 жылы жалғыз-ақ хат келіпті. Келер жылы хабарсыз кетті деген дерек жеткен. Соғыс бітіп, ел ес жия бастағанда ағайындар біраз іздеу салды. Жары Ақшабике анамыздың «Ізсіз кетті дегендердің біразы келіп жатыр, Келісім қайда жүр екен?» деп жылап отырғанын талай мәрте көргенмін. Кейін қыздары Шамшаддин мен Ұлбосын да біраз іздеді, – дейді Тиыштықбай Омарұлы.

Қиын-қыстау кезде бір-біріне көңілін суытпаған, көмегін аямаған ағайыннан айналасың ғой. Аралда тұрмыстары қиындаған бұларды елуінші жылдардың басында Келістің туған ағасы Сейітмағамбет Қазалыға көшіріп әкеліпті. Інісі мен немере туысының отбасына шағын үй де салып берген екен. Жауынгердің қыздары Шамшаддин мен Ұлбосын осы Қазалының Сағидолла, Нұрылла атты азаматтарына күйеуге шығыпты. Олардың ұрпақтары қазір бір қауым елге айналып отыр. Ал «Жарым аман келеді» деген үмітті өшірмей, жанына жалау еткен Ақшабике анамыз 1977 жылы өмірден озады.

Бір өкініштісі, соғысқа Ақиректен аттанып, жетпіс тоғыз жылдан кейін Тверь топырағынан табылған әкелерінің хабарын қыздары Шамшаддин мен Ұлбосын да ести алмайды. Кіші қызы Ұлбосын 1998 жылы қайтыс болса, үлкені Шамшаддин былтыр дүниеден озып кетіпті. Біз барғанда балалары аналарының жылдық асын беріп жатыр екен.

– Анам өмір бойы әкесін іздеумен өтті. Әсіресе, соңғы жылдары «Тым болмаса қабірін де көрмедім-ау...» деп жылағанда жанымызды қоярға жер таппайтынбыз. Жан-жаққа сұрау салып, іздегенмен дерегі шықпап еді. Бес жасында соңғы рет көрген әкенің бір хабарына зар болып өткен анам былтыр ақпан айында сексен үш жасында өмірден көшті. Он айдан кейін атамыздың жатқан жері табылды. Алланың бұйрығына не амал, бірақ осы хабар ертерек жеткенде бес жасында маңдайынан сүйіп соғысқа аттанған әкені ғұмыр бойы күтіп, оның жап-жас бейнесін көңілінен еш өшірмей өткен анамның қайғысы сәл де болса сейілер ме еді, – деп күрсінеді ұлы Болатбек.

Қазір бұлар Ресейдегі  «Витязь» іздеушілер тобының жетекшісі Дмитрий Федосовпен, оның Қазақстандағы әріптесі, «Майдан жолы» ұйымының басшысы Александр Шитовпен жиі байланысып отыр. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында аталарының дерегін тауып берген азаматтарға алғыстан басқа айтары жоқ. Егер көрші мемлекет келісім берсе аталарының сүйегін елге әкеліп, Бекбауылдағы ата-баба қорымына жерлемек. Тверьдегі аталарының жатқан жеріне мәрмәр тастан ескерткіш тақтайша орнату да ойда бар. Бұл ниеттеріне ешкім тосқауыл қоймас деп үміттенеді жауынгер Жиенбаевтың жиендері.

3

 

4

ҚЫЗЫЛОРДА