Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

Былтыр Алматыда үш мыңға жуық отбасы баспаналы болған

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен басқосуда  қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев мәлімдеді.

Былтыр Алматыда үш мыңға жуық отбасы баспаналы болған

Отыншиевтің айтуынша, бүгінгі таңда 25,5 мың алматылық тұрғын үй алу кезегінде тұр. Оның ішінде 10 мыңға жуығы бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері болса, 11,8 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік осал топтарының санатына жатады.

«2019 жылы тұрғын үйге мұқтаж 2913 жанға пәтер бөлінді. Айта кету керек, пәтерлердің 64%-ы «Нұрлы жер» бағдарламасымен, яғни баспанасы жоқ азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында берілді», – деді Мейіржан Отыншиев. Соның ішінде жұмыс істейтін жастарға 1050 пәтер жалға берілген. Ағымдағы жылы да бұл үрдіс жалғасын таппақ.

Республикалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 121 көпбалалы отбасы, 96 толық емес отбасы және 29 мүгедек бала тәрбиелеп отырған шаңыраққа  246 қарыз берілген.

Сондай-ақ, өткен жылы 284 көпбалалы отбасы қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрғын үй сертификатына ие болып, баспанаға қол жеткізіпті.

Бүгінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және бизнес-процестерді оңтайландыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты болдырмау және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй кезегінде тұрғандарды есепке алудың Республикалық бірыңғай ұлттық жүйесі құрылды.

Осы жүйеге сәйкес, кезек толығымен электрондық үкімет (e-gov) порталына ауыстырылды. ЭЦҚ-сы бар адамдар кезегін күн сайын қарап, кезек қозғалысының динамикасын көріп отыра алады.

Бұған қоса тұрғын үйді бөлу жөніндегі тұрақты комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына азаматтық қоғам, Қоғамдық кеңес, БАҚ өкілдері кіреді.

Брифингті қорытындылаған Мейіржан Отыншиев бүгінде тұрғын үй алуға кезекке тұрған мезеттен бастап пәтер берілгенге дейінгі мерзімнің ақпараттандырылуы толығымен аяқталғанын хабарлады.